Баспасөз үшін

26/05/2016

«Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ

2016 жылғы 26 мамырда Астана қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен және Кеңес мүшелері – «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысының, ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының, ҚР Ұлттық экономика министрі мен ҚР Қаржы министрінің қатысуымен өтті. Кеңес құрамында сондай-ақ отырысқа ЕДҚБ Президенті Сума Чакрабарти мырза, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы доктор Джейкоб Френкель, The Blackstone Group Төрағасы және негізін қалаушылардың бірі Стивен Шварцман мырза, «Сбербанк России» Президенті және Басқарма Төрағасы Герман Греф мырза сияқты әлемнің қаржы корпорацияларының беделді басшылары да қатысты. Кеңеске шақырылған қатысушылар ретінде халықаралық қаржы орталықтарының, консалтингтік компаниялардың, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік қаржы ұйымдарының өкілдері болды.

Орталықтың жоғары алқалық органы – АХҚО-ны басқару жөніндегі Кеңесті Елбасы басқарады. Кеңестің алғашқы отырысының мақсаты АХҚО-ның жұмысын бастау және дамыту үшін оның стратегиялық құжаттарын талқылау және қабылдау болды. Кеңесте АХҚО-ның даму стратегиясы, органдарының құрылымы, қаржылық қызметтердің көрсетілуін реттеу жөніндегі мәселелер және әлеуетті қатысушыларының мүмкіндіктері мен перспективалары қарастырылды.

Жобаны заңнамалық қамтамасыз ету үшін АХҚО туралы Конституциялық заң қабылданды. Әлемнің жетекші халықаралық қаржы орталықтарының жұмыс істеуінің озық сәтті тәжірибесіне сүйене отырып, АХҚО-ны дамыту стратегиясы әзірленді, бұл стратегияға сәйкес АХҚО-ны дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары айқындалды, олар: капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру және қаржы технологиялары.

Жергілікті капитал нарығын дамыту үшін Орталық әлемдегі көшбасшы биржалардың арасынан таңдалатын стратегиялық серіктесімен бірге әлемдік мықты талаптарға сай болып, елдің қор рыногін АХҚО шоғырландыратын АХҚО-ның жоғарғы технологиялық биржалық инфрақұрылымын құру үшін жұмыс істеп жатыр.

Активтерді басқару рыногін дамыту шеңберінде Орталықтың алдында халықаралық сыртқы басқарушы компанияларды шоғырландыратын іс-шараларды жүзеге асыру мақсаты тұр. Осыған байланысты Ұлттық Қор, зейнетақы қоры секілді «тұлғалы» жергілікті институционалдық қорлардың болуы АХҚО рыногіне шетелдік инвесторларды сәтті тартуы және Орталықтың аумағында халықаралық шетелдік инвесторлардың орнығуы үшін өте маңызды. Бұған қоса, мамандардың орнығуының арқасында АХҚО базасында жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару саласындағы жергілікті талдау әрі қарай дами түседі.

Ислам қаржыландыруын дамыту үшін АХҚО ислам қаржы институттарының құқықтық және регуляторлық қолайлы орта қалыптастыру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алдағы 5 жыл ішінде қаржы технологиялары саласы қаржы қызметтерін көрсететін әлемдік нарықты айтарлықтай өзгертетін болады, осыған орай АХҚО заманауи инфрақұрылым, зертханаларды дамыту және қаржы орталығында өз қызметін жүзеге асыратын ірі қаржылық және технологиялық компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнату арқылы финтех жобаларды өзіне тартатын орталық болуы тиіс.

Әлемдік экономиканың таза технологиялар жағына қарай жұмылдырылуы мен бағыттарын өзгертуі процесін ескере отырып, АХҚО алаңында «жасыл» қаржыландыру құралдарын енгізу мен дамыту жоспарланып отыр. Осы орайда,  Астана ЭКСПО – 2017 жоғары технологиялық алаңы жасыл технологиялар саласында зерттеулер жүргізу үшін нақты инфрақұрлымын ұсынады, ал АХҚО арқылы ол қаржыландырылатын болады. 

Талқылау барысында барлық стратегиялық бағыттар АХҚО-да шетелдік инвесторлар үшін сот төрелігінің ашық және әділ өтуіне кепіл беретін оқшауланған құқықтық жүйе болмаған жағдайда толыққанды іске асырылуы мүмкін еместігі атап айтылды. Қорғаудың негізгі институты жалпы құқық қағидаттарына негізделген және жоғары білікті судьялармен қамтамасыз етілген АХҚО-ның тәуелсіз соты болады. Орталық осы бағытта айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр.

АХҚО-ға жоғары білікті кәсіпқой мамандарды тарту мәселесі аса маңызды болып саналады. Білім мен технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін шетелдік мамандармен қатар әлемнің озық университеттерінде білім алған және Қазақстанға пайда тигізуге ұмтылатын жергілікті жоғары білімді мамандарды да белсенді тарту жоспарлануда. АХҚО-да біліктілікті арттыру, сертификаттау бағдарламаларын, сондай-ақ тиісті салалардағы зерттеу бағдарламаларын қолдауға көп көңіл бөлінетін болады. Қазіргі уақытта халықаралық «Болашақ» стипендиясы шеңберінде АХҚО органдарын кадрлық қамтамасыз ету, сондай-ақ АХҚО-да жұмыс істейтін қызметкерлерді шетелде тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.     

Кеңестің шетелдік қатысушылары АХҚО-ны дамыту стратегиясын мақұлдайтындықтарын жеткізді, атап айтқанда, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстанның астанасы Астана қаласында халықаралық деңгейдегі қаржы орталығын құру туралы бастамасын толық қолдайтындығын айтты. Оның пікірінше АХҚО-ны құру мен дамыту бойынша жұмыс  жоспарлы негізде жүргізіліп жатыр.

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.