Баспасөз үшін

24/11/2017

АХҚО-ны Малайзияның мемлекеттік және іскери ортасының өкілдеріне таныстыру рәсімі өтті

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған АХҚО-ның делегациясы Малайзияның мемлекеттік органдары мен іскери ортасының өкілдеріне АХҚО-ны таныстыру рәсімін өткізді.

Сапар барысында АХҚО Басқарушысы ХІІІ Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысты. Форум аясында Қ. Келімбетов Малайзия Премьер-Министрі Мохд Наджиб Тун Абдул Разакпен, Саравак штатының губернаторы Абдул Тахик Махмудпен, ДИЭФ-тың Төрағасы Тун Муса Хитаммен, Малайзияның «Khazanah National Berhad» ұлттық инвестициялық холдингінің атқарушы директоры Дато Исани Ганимен кездесті.

АХҚО Басқарушысы Форум ұйымдастырушылары мен қатысушыларына АХҚО-ның атқаратын негізгі қызметтері мен Қазақстанда қаржы технологияларын дамыту, ислам және жасыл қаржыландыру туралы мәлімдеді. Келіссөздер барысында осы салалардағы ДИЭФ-тың Хатшылығымен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.

Қ. Келімбетов АХҚО Орталық Азия, Кавказ, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдеріне арналған қаржылық хаб ретінде қалыптасуы тиіс екенін атап өтті.

 «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары 2065 жылға дейін салықтардан босатылу, еркін капитал ағымы, заманауи инфрақұрылым және шетелдік азаматтар үшін арнайы виза режимі сияқты бірқатар артықшылықтарға ие болады. Сондай-ақ, АХҚО-ның шетелдік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне Қазақстанға кіруі және жергілікті нарыққа енуі мен бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасауға арналған АХҚО-ның «Экспат орталығын» құру жоспарланып отыр», - деді Қ. Келімбетов.

Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің көмегімен ұйымдастырылған осы іс-шара АХҚО-ны аталған елдің үкіметтік және іскери ортасының өкілдеріне таныстыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда,                Қ. Келімбетов «Green Tech Malaysia», «Future Innovation Council», Малайзияның инновациялар және шығармашылық орталығы - MAGIC, Малайзияның энергетика, жасыл технологиялар және су ресурстары министрлігінің бұрынғы Бас хатшысы және Қазақстан-Малайзия іскерлік кеңесінің мүшесі Лу Тук Ги ханыммен кездесті.

Тараптар өзекті даму үрдістерін, жасыл және қаржы технологиялары салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін талқылады.

АХҚО-ның Басқарушысы Малайзияның KWAP зейнетақы қорының басшылығымен кездесу барысында малайзиялық әріптестерге Қазақстандағы жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясындағы ынтымақтастықтың  әлеуеті мен АХҚО алаңының мүмкіндіктерін пайдалану туралы хабарлады. 

 

Анықтамалық ақпарат

АХҚО. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамасы бойынша құрылды. 2015 жылы 7 желтоқсанда мемлекет басшысы АХҚО құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның басты мақсаты халықаралық деңгейде қаржылық қызметтер орталығын қалыптастыру. АХҚО міндеттеріне мемлекет экономикасына инвестициялар тарту мақсатымен инвесторларға тартымды қаржылық орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету кіреді. www.aifc.kz

 

 

Жыл сайын өтетін Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің экономикалық даму мәселелерін талқылауға арналған жетекші алаң болып табылады. Халықаралық қоғамдастықта ол, сондай-ақ «Исламдық Давос» деп аталады. 13-ші ДИЭФ-ның негізгі тақырыптары: исламдық қаржыландырудағы қаржылық технология, білім беру және өнеркәсіптік революция, блокчейн технологиялары, жаңартылатын энергия көздері, халал индустриясы.