Баспасөз үшін

24/06/2016

«Қаржы-банк саласына арналған қазақ тілінің оқу-әдістемелік және сөздік-анықтамалық кешені» жобасының тұсаукесер рәсімі өтті

Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп «Қаржы банк терминдерінің «қазақша-орысша-ағылшынша» сөздігі, қаржы-банк саласы қызметкерлеріне қазақ тілін деңгейлеп оқытуға арналған оқу құралдары, қызметкерлеріне және қаржылық қызметтерді тұтынушыларға арналған әлемнің ең кең тараған 12 тілін қамтыған банк сериялық тілдескіштердің тұсаукесер рәсімін өткізді.

Бұл кітаптар «Қаржы-банк саласына арналған қазақ тілінің оқу-әдістемелік және сөздік-анықтамалық кешені» жобасының аясында әзірленген.

Шараға «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Шәкір Ыбыраев сияқты белгілі ғалымдар, осы кітаптың жарық көруіне атсалысқан авторлар, ғалымдар, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша бұл жоба үш жыл бұрын қолға алынған, басты мақсаты қаржы-банк, экономика саласында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету, оны дамытуға қажетті жағдай жасау. «Бұл кешенді іс-шара қаржы-экономика саласы мамандарына, тіл үйренушілерге пайдалы болып, осы саладағы мемлекеттік тілдің жай-күйіне оң ықпалын тигізеді», - дейді Қайрат Келімбетов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов «Ассамблея халықтар бірлігі мен татулығын дамытып, насихаттап, олардың ортақ мүдде төңірегіне топтасуына қызмет ететін ұйым болса, мемлекеттік тілдің халықтарды біріктіретін рөлі мықты»,-деді.

Осы жобаның ғылыми жетекшісі ф.ғ.д., профессор Ш.Құрманбайұлының айтуынша, бұл жобаға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында қызмет ететін 40-тан астам білікті тілші-ғалым, әдіскерлер, көптеген шет тілі мамандары қатысқан.

40 мыңға жуық термин мен ұғымды қамтыған «Қаржы банк терминдерінің «орысша-қазақша-ағылшынша» сөздігінде аталған саланың қолданыстағы терминдері біріздендіріліп, көптеген терминдердің жаңа, өзекті баламалары берілген. Қаржы-банк саласының қызметкерлеріне қазақ тілін деңгейлеп (бастауыш, орта, жетік) оқытуға арналған оқу құралдары отандық «Қазтест» және еуропалық стандарт жүйесіне сай әзірленген. Әлемнің жетекші 12 тілінде, атап айтқанда, ағылшын, неміс, француз, испан, араб, парсы, жапон, түрік, корей, қытай, хинди, орыс тілдеріндегі «Банк қызметкерлеріне және қаржылық қызметтерді тұтынушыларға арналған сериялық тілдескіштер» елімізде тұңғыш рет жарық көріп отыр.

Іс-шараға жиналғандар жобаның мемлекеттік тілдің қаржы-экономика саласындағы қолданысын қамтамасыз етуге зор үлес қосары сөзсіз екендігіне мән берді.

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.