Баспасөз үшін

13/12/2016

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және ҚР Энергетика министрлігі Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлар Кеңесінің 2016 ж. 27-мамырдағы пленарлық жиналысында қабылданған жаңа биржалық инфрақұрылымын құру, оның ішінде жер қойнауын игеретін компаниялардың жеке биржалық алаңын құру туралы шешімге сай, бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және ҚР Энергетика министрлігі Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Құжат бойынша Тараптар жер қойнауы саласының дамуына, оның ішінде жер қойнауын игеретін компаниялардың ашықтығын арттыру және олардың қызметінің алдын-ала болжануына қатысты ынтымақтасып жұмыс істейді. Бұған қоса, пайдалы жер қазбаларының қоры есебіне халықаралық стандарттар жүйесін енгізу, ұзақмерзімдік капитал нарығын дамыту (оның ішінде орта және кіші капитализацияға ие компаниялар), жер қойнауын игеретін қазақстандық компаниялардың арасынан жаңа кластағы эмитенттерді құру және Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын игеру саласындағы инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал етеді.

АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетовтің айтуынша, АХҚО базасында құрылатын биржалық алаң әртүрлі компанияларға, оның ішінде аз және орташа капитализацияға ие компанияларға және пайдалы қазбаларды зерттеумен айналысып жатқан компанияларға (junior mining companies) АХҚО құнды қағаздар рыногі арқылы үлестік және борыштық қаржыландыру құралдарын тартуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, үшжақты келісім, жер қойнауын игеру саласын дамыту бойынша Елбасының алға қойған тапсырмаларын сәтті жүзеге асыруға, оның ішінде, АХҚО биржалық алаңы арқылы жер қойнауын игеретін компанияларды қаржыландырудың тиімді көзін табуға ықпал етеді деді.

Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Қазақстанда пайдалы қазбаларды, оның ішінде көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу бойынша белсенді жұмыс жасалынып жатқандығын айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстан мұнай мен газдың үлкен қорларына ие, елде 200-ден астам кеніштер бар, онан да басқа көптеген кеніштер зерттелуде. Кеніштерді сәтті зерттеу және өңдеу айрықша капиталды қажет етеді, демек, бұл - жер қойнауын игеруші компанияларды қаржыландыру құралдарының қажеттігін аңдатады.

Ақпарат үшін:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі индустрия, индустриалды-инновациялық даму, елдің ғылыми-техникалық дамуы, мемлекеттік инвестициялық саясат пен инвестицияларды қолдау саясаты, қолайлы инвестициялық климатты құру бойынша және өзге де салалардағы саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібі, электроэнергетика, көмір өнеркәсібі мен атом энергетикасы салаларындағы басқару процесін реттейтін және осы салалардағы мемлекеттік саясаттың құрылымдалып, оны жүзеге асырумен айналысатын мемлекеттік орган.