Баспасөз үшін

26/05/2016

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Bloomberg L.P. өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Бүгін IX Астана экономикалық форумы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ (АХҚО әкімшілігі) мен Bloomberg L.P. арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум жасаудың негізгі мақсаты АХҚО-ның қаржы хабы ретінде халықаралық аренада алға жылжуы және инвестициялар тарту үшін өтімді капитал нарығын құру үшін екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың деңгейін арттыру мақсатында өзара тиімді қарым-қатынас орнату болып табылады.

Меморандум АХҚО-ның негізгі стратегиялық бағыттарын: капитал нарығын, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару және исламдық қаржыландыру мен қаржы технологияларын дамыту аясындағы ынтымақтастық салаларын қамтиды.

АХҚО-ның Басқарушысы Қ.Келімбетов: «Осы меморандум шеңберінде Bloomberg-пен жасалатын ынтымақтастық  капитал нарығын өсіруді ынталандыруға және Блумбергтің қаржы экожүйесіндегі бірегей мүмкіндіктері есебінен капиталдың пайда болуы процесін қолдауға бағытталған», – деп атап өтті.

Бұл Меморандумға қол қойылуы АХҚО-да ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамытуға арналған маңызды қадам болып табылады.

Тараптар туралы ақпарат

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

АХҚО әкімшілігі АХҚО-ның қызметін қамтамасыз ететін және оның мүддесін білдіретін АХҚО-ның органы болып табылады. 

Bloomberg L.P. – қаржы нарығының кәсіби қатысушыларына арналған қаржы ақпараттарының жетекші жеткізушілерінің бірі. Негізгі өнімі –  Bloomberg Terminal, ол арқылы барлық әлемдік биржалар мен көптеген биржадан тыс нарықтың  ағымдық және тарихи бағаларына, Bloomberg агенттігі мен өзге де жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтар таспасына, облигациялар мен басқа да бағалы қағаздардың электронды саудасы жүйесіне қол жеткізуге болады.