Баспасөз үшін

02/09/2016

«Астана» Халықаралық Қаржы орталығы Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы іскер ортасы өкілдерімен келіссөздер жүргізді

1-3 қыркүйек аралығында «Астана» Халықаралық Қаржы орталығының (АХҚО) шақыруымен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы іскер ортасы өкілдерінен құралған делегация қаржы және инвестиция, қаржы технологиялары саласындағы іскерлік қарым-қатынасты құру мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында Қазақстан Республикасына іс-сапармен келді.

Делегация құрамында БҰҰ Азия және Тынық мұхиты Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) кеңесшілері, ірі қаржылық ұйымдардың басшылары, қаржы технологиясы, заң компанияларының басшылары, сонымен қатар, осы саладағы зерттеу институттары мен БАҚ өкілдері де бар.

Келіссөз барысында АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО стратегиялық бағыттары, оның мақсаттары мен міндеттері, капитал нарығы мен қаржы қызметтерінің, ислам қаржыландыруы, қаржы технологиясы, және аймақта «жасыл» технологияны дамытуға қатысты ақпараттармен хабардар етті.

Гонконгтықтар төлем жүйелері және қаржы технологиясы секілді қаржы құралдарын АХҚО аймағына енгізуге қатысты зерттеулерімен және ұсыныстарымен бөлісті. Бұған қоса, активтерді тиімді басқару, жеке инвестициялық компанияларға, ірі трансұлттық компаниялар мен орта және шағын кәсіпорындарға қаржы құралдарын ұсыну мәселелері де талқыланды.

Гонконг Арнайы Экономикалық Аймағынан келген делегация сонымен қатар Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі, «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы холдингі» АҚ, Назарбаев Университет, «Қазпошта» АҚ, Астана қаласы әкімшілігі басшыларымен кездесу өткізіп, «Астана ЭКСПО -2017» көрмесінің аумағына барады деп жоспарланып отыр.

Ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

АХҚО әкімшілігі АХҚО-ның қызметін қамтамасыз ететін және оның мүддесін білдіретін АХҚО-ның органы болып табылады.