АХҚО-ның тиімді инвестициялық платформа ретіндегі рөлі Қазақстан Республикасы Консультативтік кеңесінің Жолдауында атап көрсетілді
21 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтті, оның барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Жолдауы жарияланды.
Бұл құжатта конституциялық іс жүргізу практикасы қорытындыланады, қазіргі заңнамада және оны қолдану тәжірибесінде конституциялық нормалардың іске асырылуына, Конституциялық Кеңес шешімдерінің орындалуына баға беріледі, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау мәселелері қаралады.
Сонымен қатар Жолдауда «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі атап өтілді. Атап айтқанда: «Ата заңымыздың 2-бабының «Нұр-Сұлтан қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін» делінген 3-1-тармақпен толықтырылуы 2017 жылы Республика Конституциясына енгізілген маңызды өзгерістердің бірі болып табылады. Конституциялық Кеңес өзінің 2017 жылғы 9 наурыздағы нормативтік қаулысында оның Негізгі Заңның нормаларымен үйлесетінін растады. Аталған конституциялық түзетуді орындау үшін қабылданған шаралар «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялар тартуға, іскерлік белсенділікті арттыруға және елдің экономикалық өсуіне ықпал ететін тиімді платформаға айналғанын көрсетіп отыр».
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуды көздейді. https://aifc.kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi – мемлекеттiк орган ретiнде Республиканың бүкiл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары тұруын қамтамасыз етедi:
1) өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде дербес және мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға тәуелсiз, Республика Конституциясына ғана бағынады әрi саяси және өзге себептердi негiзге ала алмайды;
2) Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңды басшылыққа ала отырып, соттардың немесе басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне жататын барлық жағдайларда өзге мәселелердi анықтау мен зерттеуге бармай-ақ өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
Конституциялық Кеңес Конституциялық Кеңестiң Төрағасын қоса алғанда, жетi мүшеден тұрады. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi лауазымға тағайындайды және лаузымнан босатады. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін Республика Президенті лауазымға тағайындайды, Конституциялық Кеңеске екі-екі мүшеден Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуы бойынша тиісінше Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады. Бұған қоса Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойғы мүшесі болып табылады.
Конституцияның 72-бабына сәйкес оның Конституциялық кеңес өкілеттігінің аясына: Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін, сондай-ақ Республиканың халықаралық шарттардың ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарау; конституциялық нормаларға ресми түсіндірме беру; дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешу; Парламент Республика Президентін науқастануына байланысты қызметінен мерзімінен бұрын босату және қызметтен кетіру туралы мәселелерді қараған жағдайларда қорытынды беру; Парламент және оның Палаталары қаулыларының Конституцияға сәйкестігін қарау кіреді.
Бұдан басқа, 2017 жылғы конституциялық реформамен Конституциялық Кеңестің құзыретіне қосымша мыналар жатқызылды:
– адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің конституциялығын тексеру туралы Республика Президентінің өтінішін қарау;
– Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға олар республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылғанға дейін сәйкестігі туралы қорытынды беру.
Конституциялық Кеңестің маңызды шешімі ретінде жыл сайын Республика Парламентіне жіберілетін елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдаулар болып табылады. Оларда Конституциялық Кеңес заңнаманың жай-күйін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалу деңгейін, сондай-ақ өзінің қорытынды қаулыларының орындалуын талдайды.
Конституциялық іс жүргізу Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Палаталары төрағаларының, Парламент депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің, Премьер-Министрдің және соттардың өтініштері бойынша қозғалуы мүмкін. https://ksrk.gov.kz