АХҚО инвестиция, инновация мен цифрландыру саласында Татарстан Республикасымен ынтымақтастықты кеңейтеді

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) мен Татарстан Республикасының Үкіметі өзара ынтымақтастық және Татарстан Республикасында инвестицияларды, инновацияларды және цифрландыру саласын дамыту мен ілгерілету мақсатында АХҚО инфрақұрылымы мен экожүйесін пайдалану мүмкіндігін қарастыру туралы жол картасына қол қойды.

Жол картасына Татарстан Республикасы Президенті Рустам Минниханов және «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов қол қойды.

Тараптар исламдық және жасыл бағалы қағаздарды шығаруға, азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасының пулына қосу үшін Татарстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің инвестициялық жобалары бойынша, ESG жобалары бойынша тәжірибе алмасуға, венчурлік жобаларды қолдау, дамыту мен қаржыландыруға, сонымен қатар АТ мамандарын дайындау мен цифрлық машықты дамыту бойынша білім беру бағдарламаларын ашуға ниетті.

АХҚО Орталық Азияда, Кавказда, ЕАЭО елдерінде, Батыс Қытайда, Моңғолияда және Шығыс Еуропада жетекші халықаралық қаржы орталығы болу стратегиялық мақсаттарын ескере отырып, бұл ынтымақтастық туралы келісім АХҚО үшін аймақтық кеңейту тұрғысынан сенімді қадам болып табылады.

 

Анықтамалық ақпарат:

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АХҚО құру туралы конституциялық заңға 2015 жылдың 7 желтоқсанында қол қойылған. АХҚО мақсаты – халықаралық қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО -ның мақсаты – ел экономикасына инвестиция тартуға көмектесу, қаржылық қызметтерге инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциясын қамтамасыз ету.

Татарстан Республикасының Үкіметі – Татарстан Республикасының Министрлер Кабинеті – Татарстан Республикасындағы мемлекеттік биліктің атқарушы және әкімшілік органы, Татарстан Республикасының Президентіне қарайды.

Татарстан – Ресейдің экономикалық дамыған аймақтарының бірі. Татарстанның бәсекелестік артықшылықтары – қолайлы географиялық жағдайы, бай табиғи ресурстары, жоғары білікті еңбек ресурстары, қуатты өндірістік және ғылыми кешен, дамыған көлік инфрақұрылымы.