Қазақстан Республикасының Конституциялық сотында АХҚО Соты мен ХТО-тың тіркеуші және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт мырзаның сөйлеген сөзі

ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҮШІН ҚАЗІРГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙДА ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ: ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫ ЖӘНЕ АХҚО СОТЫ

АХҚО Соты мен ХТО-тың тіркеуші және аппарат басшысы
Кристофер Кэмпбелл-Холт мырзаның сөзі

Құрметті Төрайым Азимова, Конституциялық Соттың құрметті судьялары, құрметті спикерлер және меймандар!

Бүгінгі конференцияда сөз сөйлеп отырғаныма қуаныштымын. Біз, Астана Халықаралық Қаржы Орталығының АХҚО Соты және ХТО-тың Конституциялық Сотпен ынтымақтастығын жоғары бағалаймыз. Қазақстанның алдағы келе жатқан Конституция күнін атап өтуіне орай, менің жылы лебізімді қабыл алыңыздар.

Барлық қоғамдар тиімді және заң үстемдігіне негізделген басқару жүйесін талап етеді. Заң үстемдігі мемлекеттердің ғаламдық мәселелерді шешу үшін ынтымақтастық құруына мүмкіндік береді. Ол халықаралық келісімдер мен стандарттардың сақталуын қамтамасыз ететін, тұрақты дамуға ықпал ететін болжамды және тұрақты ғаламдық орта қалыптастырады.

Біз БҰҰ Тұрақты Даму Мақсаттарының заң үстемдігін тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды екенін, әсіресе 16-мақсаттың бейбітшілік, әділдік және мықты институттарды талап ететінін білеміз. Заң үстемдігіне сүйене отырып, мемлекеттер тұрақты экономикалық өсу, әлеуметтік прогресс және экологиялық қорғауды қамтамасыз ететін орта қалыптастырады. Заңның үстемдігі дамуға әсер ететін шешімдердің барлық мүдделі тараптардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, ашық және жан-жақты қабылдануына жағдай жасайды. Азаматтардың өз үкіметтеріне деген сенімі артып, экономикалық қызметке оң түрде араласады және азаматтық өмірге қатысады. Бұл сенім қоғамдардың тұрақтылығы мен орнықтылығы үшін маңызды.

Біз “заң үстемдігі” деген терминді жиі қолданамыз, бірақ бұл термин нақты не білдіреді?

Заң үстемдігі белгілі бір құндылықтардың қолданылуын талап етеді. 2010 жылы жарық көрген “The Rule of Law” кітабында атақты ағылшын судьясы Лорд Бингам заң үстемдігінің сегіз принципін анықтаған. Бұл принциптер толыққанды негіздер ұсынады. Олар мыналар:

  1. Заң қолжетімді, түсінікті және болжамды болуы тиіс.
  2. Құқық пен жауапкершілік мәселелері өз қалауымен емес, заңды қолдану арқылы шешілуі керек.
  3. Қолданудағы айырмашылықтар объективті айырмашылықтарға байланысты болмаса, елдің заңдары барлығына бірдей қолданылуы керек.
  4. Министрлер мен мемлекеттік қызметкерлер өздеріне берілген өкілеттіктерді негізді түрде, адал ниетпен, осы өкілеттіктер берілген мақсат үшін және сол шектерден асып кетпей қолдануы тиіс.
  5. Заң негізгі адам құқықтарын тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
  6. Тараптардың өздері шеше алмайтын азаматтық-құқықтық дауларды тыйым салусыз немесе шамадан тыс кідіріссіз шешу үшін құралдар қарастырылуы керек.
  7. Мемлекет ұсынған соттық процедуралар әділ болуы тиіс.
  8. Мемлекет халықаралық құқық пен ұлттық құқықтағы міндеттеріне сай әрекет етуі тиіс.

Бұл принциптер заң үстемдігінің мәнін қорытындылап, әділ және тұрақты қоғам қалыптастыру үшін пайдалы нұсқаулық қызметін атқарады. Олар заңды қолданудағы айқындық, әділдік, теңдік және есеп берушіліктің маңыздылығын атап өтеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы осы заң үстемдігі құндылықтарын қамтиды. Мысалы, жеке тұлғалардың құқықтары, өмір мен бостандық құқықтары, соның ішінде адам құқықтары, заң алдында теңдік, сотта қорғалуы, соттың тәуелсіздігі және халықаралық құқыққа сәйкес болу сияқты құндылықтарды қамтиды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі заң үстемдігіне сәйкес принциптерден тұрады. Қысқаша мысалдар: заңның қолжетімділігі. 1 және 14-баптар заңның қолжетімді, түсінікті және болжамды болуы керектігін атап өтеді. Тағы бір мысал заңды түрде құқықтар мен міндеттемелерді шешу — 6, 7 және 13-баптар соттардың Конституцияны, заңдарды және басқа нормативтік актілерді қатаң сақтауын талап етіп, шешімдер заңды негіздерге сүйеніп қабылдануын растайды. 13-бапта азаматтық істердегі әділеттілік теңдік принципіне негізделеді, әлеуметтік жағдай, жыныс, нәсіл немесе басқа факторлар бойынша кемсітушілікке жол берілмейді, одан әрі 15-бапта соттар барлық тараптарды тең және құрметпен қарау керек деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Конституцияны қорғап, оның дұрыс түсіндірілуін және Конституцияның барлық заңдар мен үкімет әрекеттеріне сәйкес болуын қамтамасыз етеді. Ол заңнаманы және үкімет әрекеттерін қарау арқылы адам құқықтарын қорғайды. Азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Осы жерде мен Конституциялық Сотты және оның төрайымы, құрметті Азимова ханымды, Қазақстан қоғамына конституциялық құқықтарға қол жетімділікті одан әрі арттыру үшін Қазақстан Конституциясын Брайль шрифтінде шығарғаны үшін құттықтаймын.

Тексеру мен теңгерім және сот бақылауы: Соттың атқарушы және заң шығарушы биліктің конституцияға қайшы деп танылған заңдарын немесе әрекеттерін қарауға және жарамсыз деп тануға құқығы бар. Бұл үкімет билігінің маңызды бақылауын қамтамасыз етіп, құқықтық сенімділікті арттырады. Сот өз шешімдерімен Конституциялық ережелерді түсіндіре отырып, құқықтық сенімділік пен тұрақтылықты дәріптейді. Сот атқарушы және заң шығарушы биліктен тәуелсіз әрекет етеді, оның шешімдерінің бейтараптығына кепілдік береді.

АХҚО Сотымен қысқаша салыстырсақ, АХҚО Соты 2018 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті 2015 жылы қабылдаған АХҚО Конституциялық Заңның негізінде құрылды. Сот халықаралық коммерциялық дауларға мамандандырылып, халықаралық инвестицияларды Қазақстанға тартуға көмектесетін әлемдік деңгейдегі әділдікті қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Қазақстанның Астана қаласындағы Астана халықаралық қаржы орталығында орналасқан Сот Халықаралық төрелік орталығымен бірге 3,000-нан астам істі шешті. Конституциялық Заңның 13-бабы Соттың тәуелсіз болуын талап етеді. Конституциялық Заң Соттың мақсатын анықтайды: АХҚО заңдарын (Англия мен Уэльс құқық жүйесіне негізделген) жүзеге асыру арқылы тараптардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау.

Соттың өзінің апелляциялық соты бар. Оның шешімдері соңғы болып табылады және басқа ешбір институт немесе органнан шағым қабылданбайды. 1.6 ережеде бекітілген негізгі мақсат бойынша, Соттың ережелері, тәжірибелері және процедуралары заң үстемдігінің ең жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес әділ қаралуы тиіс. Әдідікпен қарау дегеніміз, мүмкіндігінше, әділетті жүйенің қолжетімді әрі әділ болуын қамтамасыз ету, тараптардың тең құқықта болуын қамтамасыз ету, істерді жедел қарау, тек қажетті ресурстарды пайдалану және істерді ақшалай сомасына, істің маңыздылығына, мәселелердің күрделілігіне және әр тараптың қаржылық жағдайына сәйкес қарау болып табылады, сонымен қатар сандық технологияларды тиісті түрде пайдалану дегенді білдіреді.

Осы факторлар, сонымен бірге: Англия мен Уэльстің бұрынғы бас судьясы, жақында Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен АХҚО Сотының Tөрағасы болып тағайындалған Мәртебелі Мэлдондық Лорд Бернетт басқарған халықаралық судьялардың соттық тәжірибесі; Соттың ашықтығы, оның іс жүргізуінің тиімділігі, шешімдерінің орындалуы, оның барлық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, соның ішінде жарнамалық қызмет пен оқыту, сондай-ақ оның аймақтық ықпалы мен мәртебесі, заң үстемдігін белсенді түрде ілгерілетуі – Соттың барлығы ғаламдық корпорациялардың Қазақстанға инвестиция салуда шешуші фактор болып танылуына үлес қосты.

Мен Қазақстанның, әсіресе оның салыстырмалы түрде жаңа институттары, оның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен АХҚО Соты, заң үстемдігінің қолданылуын айтарлықтай жақсартқанына толық сенімдімін. Бұл Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына қолдау көрсетеді және Қазақстанның әлемдегі жалпы беделін арттыра түседі.

Сілтемелер:

АХҚО Соты — тәуелсіз заңды тұлға болып табылады. Ол ағылшын ортақ құқығының процедураларына және жетекші халықаралық тәжірибеге негізделген өз процедуралық ережелеріне ие. АХҚО Соты Қазақстан Республикасының соттарынан бөлек және тәуелсіз болып табылады. Ол екі деңгейден тұрады: Бірінші инстанциядағы сот, оған кішігірім талаптар бойынша арнайы бөлім — Ұсақ даулар соты кіреді; және Аппеляциялық соты. АХҚО қызметі мен операцияларынан туындайтын даулар бойынша эксклюзивті юрисдикцияға ие және барлық тараптардың жазбаша түрде келісімі бойынша да АХҚО Сотының юрисдикциясы бар. Қылмыстық немесе әкімшілік сипаттағы дауларға қатысты юрисдикциясы жоқ. Сот ең жаңа және тиімді іс жүргізу тәжірибелерін қолданады. https://court.aifc.kz/

Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) — тәуелсіз заңды тұлға болып табылады. Ол үздік халықаралық тәжірибеге негізделген өз процедуралық ережелеріне ие. ХТО-да коммерциялық құқық саласындағы көптеген жылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілер мен медиаторларға ие, бұл тәжірибе мұнай және газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржы қызметтері, банк ісі, ислам қаржысы, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларын қамтиды. ХТО төрелік шешімдері Қазақстанда және халықаралық деңгейде танылып, орындалады. https://iac.aifc.kz/

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — 2018 жылы қызметін бастаған тәуелсіз юрисдикция болып табылады. 2025 жылға дейінгі Даму Стратегиясына сәйкес, АХҚО негізгі бағыты ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде нығайту болып табылады. www.aifc.kzwww.aifc.kz

AIFC AI assistant