«Дос-Кредобанк» АХҚО Жасыл қаржы орталығының толық қолдауымен Қырғызстанда дебюттік жасыл облигацияларды шығарды
21 маусымда Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының Қаржы нарығын реттеу және қадағалау мемлекеттік қызметі 2 маусымда тіркеген «Дос-Кредобанктің» дебюттік жасыл облигацияларының ресми тұсаукесері өтті. Шығарылым көлемі 85 млн сом (1 млн АҚШ долларына балама), купондық мөлшерлеме – жылдық 16% және айналым мерзімі – 3 жылды құрады.
Бұл шығарылым Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының жасыл облигациялар шығару стандартына (Green Bond Principles of ICMA) сәйкес келеді. Шығарудан түскен қаражатты банк төрт бағыт бойынша: экотуризм, экоавтобустар, экоагро және экоүй бойынша жеңілдікті кредиттеу арқылы экологиялық орнықты жобаларды қаржыландыруға бағыттауды жоспарлап отыр.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) SPO (Second party opinion,, төменде анықтамалық ақпаратты қараңыз) форматында сыртқы баға берді, сондай-ақ осы шығарылымды толық сүйемелдеді.
ЖҚО Директорлар кеңесінің төрағасы Данияр Келбетов: «Біз Қырғыз Республикасында алғашқы жасыл облигациялардың шығарылымына қатысуға қуаныштымыз. Шығарылымды Белдеу мен Жол (GIP) жобасына арналған Жасыл инвестициялар қағидаттарына қол қоюшы банктің жүзеге асырғаны ерекше қуантады, бұл «Дос-Кредобанктің» экологиялық және климаттық әсерлері айқын жобаларды қаржыландыруға деген бейілдігін көрсетеді» деп атап өтті.
Банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Нариман уулу Бакыт: «Біз жасыл қаржыландыру секторын дамытуға ұмтыламыз және біздің команда жаңа инновациялық шешімдерді енгізу үшін бар күшін салуда. Біздің мақсатымыз – тиімді инвестициялық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан мен болашақ ұрпақ үшін оң өзгерістер жасау» деді.
Шығарылымның салтанатты тұсаукесер рәсіміне сондай-ақ Қырғызстанның Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрінің орынбасары Азамат Темірқұлов, АҚШ Халықаралық даму агенттігінің Қырғызстандағы Экономикалық даму бөлімінің (USAID) басшысы Джошуа Темплтон, Белдеу және Жол (GIP) жобасына арналған Жасыл инвестициялар қағидаттары хатшылығының басшысы Ченг Лин, «Қырғыз қор биржасы» ЖАҚ президенті Медет Назаралиев, сондай-ақ «Сенти» қаржы компаниясының директоры Мээрим Асқарбекова қатысты.
Ресми тұсаукесер сәтінде шығарылым көлемінің 67%-ы Қырғыз қор биржасында орналастырылды. Инвесторлар ретінде жергілікті қаржы ұйымдары мен бөлшек инвесторлар қатысты.
Анықтамалық ақпарат:
Second party opinion – бұл жасыл, әлеуметтік немесе тұрақтылық облигацияларының шығарылымына, атап айтқанда эмитенттің облигация эмитенттеріне емес, жасыл, әлеуметтік немесе орнықты даму облигациялары саясатына қатысты сыртқы бағалауы. Ол – эмитент көрсеткен экологиялық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жобаларды қолдауға облигацияларды орналастырудан түскен қаражаттың инвестициялануының салыстырмалы ықтималдығы туралы тәуелсіз пікір және олар бойынша басқару және ақпарат ашу процестері жасыл облигациялар қағидаттарына, әлеуметтік облигациялар қағидаттарына және орнықты даму облигацияларының нұсқауларына сәйкес келеді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
«AIFC Green Finance Centre Ltd.» жеке компаниясы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығы бойынша құрылған компания, ол Қазақстанда және Орталық Азияда жасыл қаржы құралдарын енгізу, АХҚО-ны жасыл қаржы орталығы ретінде ілгерілету, сондай-ақ Қазақстанға жасыл инвестициялар тарту мақсатында құрылған. Компания туралы толығырақ ақпарат www.gfc.aifc.kz корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылған.