«Astana Finance Days-2022» конференциясы аясында АХҚО Экспат орталығы мен Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) «Бизнестің орнықты дамуындағы көші-қонның рөлі» тақырыбында арнайы бірлескен панельдік сессия өткізді
28 маусымда «Astana Finance Days-2022» конференциясы аясында АХҚО Экспат орталығы мен Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) «Бизнестің орнықты дамуындағы көші-қонның рөлі» атты арнайы бірлескен панельдік сессиясы өтті.
Сессияда спикер ретінде мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің Сыртқы көші-қон басқармасының бастығы Асқар Алдоңғаров, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаменті басқарушы директорының орынбасары Сергей Коренев және Халықаралық көші-қон ұйымының мамандары Майкл Ньюсон және Киллиан Клиффорд қатысты.
ХКҰ мамандары Майкл Ньюсон мырза мен Киллиан Клиффорд мырза мигранттардың ұлттық экономикаға қосқан үлесі, мигранттардың шыққан елдегі және тұратын елдегі кәсіпкерлік әлеуеті, сондай-ақ көші-қонды бизнесті орнықты дамыту құралы ретінде қарастыруға болатындығы туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Сессия спикерлері мемлекеттік органдар тарапынан инвестициялық тартымдылықты арттыру құралдарын іске асыруға және жергілікті және шетелдік адами капиталды дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы туралы айтып берді.
Сондай-ақ, қазақстандық бизнестің одан әрі дамуы үшін тәжірибе, технологиялар мен инвестициялар алу бөлігіндегі сын-қатерлер мен қажеттіліктер тақырыбы талқыланды.
Орталық Азия бойынша субөңірлік үйлестіруші, ХКҰ-ның Қазақстандағы, Қырғыз Республикасындағы, Түрікменстандағы және Өзбекстандағы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев мырза: «ХКҰ мен АХҚО-ның бірлескен бастамасы мигранттар үшін қаржылық қызметтерге ашық қол жеткізуге мүмкіндік береді және қаржылық қызметтер мен ресурстарға әділ және тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, Орталық Азиядағы даму саясатын жақсартуға ықпал ететін болады. Халықаралық мигранттардың ұдайы өсіп келе жатқан саны мен ұлттық экономиканың өсуі жағдайында барлық мүдделі тараптар арасындағы серіктестікті әртараптандыру және нығайту өте маңызды».
Биыл АХҚО Экспат орталығының шетелдік сарапшылар мен инвесторлар үшін ел аумағына келу және болу үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша атқарған табысты жұмысына бес жыл толып отыр. АХҚО Экспат орталығының басшысы Айнұр Жұматова: «Біз талқылауға әрдайым дайынбыз және АХҚО-ның табысты тәжірибесімен әрі құзыретімен бөлісе отырып, ел аумағына келу мен болудың қолайлы жағдайларын дамытуға өз үлесімізді қосуға тырысамыз. АХҚО мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы ынтымақтастық Нұр-Сұлтан қаласының және жалпы елдің іскерлік және инвестициялық инфрақұрылымы үшін елеулі нәтижелер әкеледі деп үміттенеміз» – деп атап өтті.
«Astana Finance Days-2022» бас демеушісі Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы.
Анықтама ретінде:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – өз қызметін 2018 жылы бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі бағыты – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерінің экономикаларын байланыстыра отырып, өңірлік бизнес орталығы ретінде орнығу.
АХҚО Экспат орталығы (АЭО) – шетелдік инвесторлардың, АХҚО қатысушылары жұмыскерлерінің және Нұр-Сұлтан қаласына келетін шетелдік азаматтар үшін ел аумағына келуі мен болуына қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ шетелдік азаматтардың қазақстандық қоғамға кедергісіз кірігуін қамтамасыз етуге арналған мамандандырылған көпфункционалды орталық.
АЭО мемлекеттік қызметтердің кең спектріне, сондай-ақ ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік интеграция қызметтеріне қолжетімділік береді.
Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) Қазақстандағы өз қызметін 2002 жылғы 2 желтоқсанда бастады. Орталық Азия үшін үйлестіруші функциялары бар елдік кеңсе ретінде Қазақстандағы ХКҰ миссиясы жобаларды әзірлеу және ресурстарды жұмылдыру үшін басымдықтарды белгілей отырып, көші-қонның нақты субөңірлік проблемаларын шешуге және туындайтын үрдістерге ден қоюға көмектеседі. Сондай-ақ субөңірлік стратегиялар, саясат және консультативтік процестер контексінде елдік өкілдіктерде жобаларды әзірлеуді ынталандыру, бағыттау және қолдау үшін жәрдемдеседі