Жасыл қаржы орталығы 2020 жылғы қызметін қорытындылады

Жасыл қаржы орталығы АХҚО-ның Жасыл қаржы жөніндегі кеңесінің 3-ші жыл сайынғы отырысының аясында 2020 жылдың қорытындысын шығарды. Climate Bonds Initiative Бас директоры Шона Киднидің төрағалығымен өткен іс-шараға Кеңестің тұрақты мүшелері, сондай-ақ топтың жаңа қатысушылары ЕАДБ Басқарма Төрағасы Николая Подгузов пен АХҚО Басқарушысы Кеңесінің Стратегия жөніндегі директоры, профессор Александр Ван де Путт қатысты.

Кездесуде Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев кіріспе сөз сөйлеп, АХҚО Жасыл қаржы орталығының жаңа Экологиялық кодексті, атап айтқанда жасыл жобаларды экономикалық ынталандыру шараларын, ұлттық жасыл таксономиясын әзірлеуге қосқан үлесін, сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу жөніндегі Қазақстанның жаңа міндеттемелері тұрғысында Орталықтың жүргізіп жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

АХҚО Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Айдар Қазыбаев: «АХҚО Жасыл қаржы кеңесінің мүшелері Орталықты біздің жұмысымыздың бүкіл кезеңінде сүйемелдеп келеді және біздің жетістігіміздің ажырамас бөлігі болып саналады», – деп атап өтті.

Кеңес мүшелері Жасыл қаржы орталығының 2020 жылғы қызметі туралы ақпаратты тыңдап, Орталықтың жасыл облигациялар нарығын іске қосудағы жетістіктерін, ЕАДБ-ның (бұдан әрі – Банк) Орталықтың акционері ретінде қосылуын, бұның Орталықтың дамуына жаңа перспективалар ашатынын, сонымен қатар ЕАЭО аумағында жасыл қаржы географиясын кеңейтетінін атап өтті.

Подгузов мырза: «Қазіргі уақытта Банк жасыл қаржы бағдарламасын әзірлеуде, оның басым бағыттарының бірі – өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, зиянды заттар шығарындыларын азайтуға, энергияны үнемдеуге және экономиканың энергиялық тиімділігіне ықпал ететін жасыл жобаларды қаржыландыру», – деп хабарлады.

IFC Linova-ның Бас директоры және Ресейдің Ислам бизнесі мен қаржысын дамыту қорының президенті Линар Якупов мырза 2021 жылдың екінші жартысына жоспарланған жасыл сукук шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Осылайша, АХҚО Биржасында (AIX) тұрақты қаржыландыру құралдары түрлерінің кеңеюі күтілуде.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері ақпаратты ашудың маңыздылығын, атап айтқанда, жасыл қаржыландыру нарығының одан әрі сапалы дамуы үшін міндетті қаржылық емес (ESG) есептілікті енгізу, сондай-ақ субсидиялаудың орнын басатын жасыл қаржыландырудың өсуін ынталандыратын жаңа құралдарды әзірлеу қажеттілігі туралы атап өтті.

Орталық осы бағыттардағы жұмыстарды жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын іске асыру жөніндегі алдағы жұмыстармен бірге 2021 жылы жалғастыратын болады

 

Анықтамалық ақпарат

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.

АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттарына тұйық цикл экономикасын, қаржы технологияларын және «цифрлық қаржы орталығын» дамыту кіреді. aifc.kz

 

AIFC AI assistant