Қазақстанда көміртегі ізін азайту бойынша ынтымақтастық эколог күніне орай басталды
5 маусым 2021 ж., Алматы қ.
«Eurasian Environmental Fund», Mastercard, Еуразиялық банк және Алматы Жасыл экономика басқармасы орнықты даму қағидаттарына сәйкес Алматыда көміртегі ізін төмендету мақсатында экологиялық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Сенбі күні, 5 маусымда алғашқы жоба ретінде Есентай өзенінің рекреациялық аймағында аллея отырғызылды. Карантиндік шараларды ескере отырып, ағаш отырғызуды мамандандырылған компания жүзеге асырды. Еуразиялық банк жақсы жерсіну үшін тамыры топырақпен жабылған 75 ағаш отырғызуды қаржыландырды және отырғызылған күннен бастап екі жыл ішінде аллеяны күту шығындарын өз мойнына алады.
“Өткен жылы біз қала бойынша рекордтық 282 мың ағаш отырғыздық. Бұрын қалада жылына 30-40 мыңнан астам ағаш отырғызылатын. Негізінен Алатау және Наурызбай аудандарының қосылған аумақтарында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Көктемде 64 мың ағаш көшеттері отырғызылды, жалпы жыл соңына дейін 300 мың жас ағаш отырғызу жоспарланған. Сондықтан біз бизнес пен қоғамның қала әкімінің 1 миллион ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын жалғастырудағы кез келген көмегіне қуаныштымыз”, — деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
“Біз қалалар мен олардың төңірегіндегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін мемлекеттік органдармен, бизнеспен, қоғамдық ұйымдармен және экокөшбасшылармен ынтымақтастықта түрлі табиғат қорғау іс-шараларын жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – жаһандық экологиялық сын-қатерлерге назар аудару және оларды шешу үшін нақты қадамдарды жүзеге асыру. Осы мақсатта 2021 жылдың 13 мамырында «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында АХҚО жасыл қаржы орталығының қолдауымен «Eurasian Environmental fund» коммерциялық емес ұйымы тіркелді – деді «Eurasian Environmental Fund» КЕҰ бас директоры Роза Нұртазина.
Қор Қазақстан Республикасында көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге және елдің орнықты дамуына ықпал ететін жасыл жобаларды іске асырумен айналысатын болады.
Құрылған қор 2013 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының “жасыл экономикаға” көшу тұжырымдамасының мақсаттарын және 2016 жылы ратификацияланған Париж келісімінің мақсаттарын іске асыруды қолдауға бағытталған.
«ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойды. Осы мақсатты іске асыру құралдарының бірі – жасыл желектер санын арттыру және жасыл технологияларды енгізу. АХҚО Қазақстанның экологиялық саясатына белсенді қатысады және бизнесті ынталандыру үшін қажетті инфрақұрылым жасайды», – деді АХҚО Жасыл қаржы орталығының Басқарма төрағасы Айдар Қазыбаев.
Еуразиялық банк жасыл қаржы технологияларын пайдалана отырып, өзінің дамуының жаңа кезеңін бастайды және экологиялық мазмұны бар арнайы банк өнімін әзірлейді. Бұдан басқа, банк Қазақстанда алғашқы NFC-постерлерін орнатады, олар кез келген қазақстандық банктің төлем картасына бір рет тию арқылы “Eurasian Environmental Fund” КЕҰ-ға ағаш отырғызуға қаражат аударуға мүмкіндік береді.
“Бүгінде банктердің қызметі тек қаржылық көрсеткіштер мен сауатты басқару бойынша ғана бағаланбайды. Банктің қоғамның әлеуметтік және экологиялық дамуына (ESG) қатысуы өте маңызды*. Біздің Банктің күш-жігері Жасыл экономика жобаларын қолдауға және экологиялық достық банк сервисін құруға бағытталатын болады. Бұл қашықтықтан қызмет көрсету арналары мен онлайн-төлемдерді дамыта отырып, біз пластик пен қағазды пайдалануды біртіндеп төмендетіп, орны толмас ресурстарды оңтайлы жұмсайтынымызды білдіреді. Біз өзіміз және клиенттерімізбен бірге арнайы банк өнімдері арқылы ағаш отырғызуды жалғастырамыз”, – деді Еуразиялық Банктің Басқарма Төрағасы Валентин Морозов.
«Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі әрқайсымызға теріс әсерін тигізуде. Олар көбінесе халықтың әлеуметтік-экономикалық осал топтарына ықпал етеді. Біз бұл жағдайда бизнес экологиялық тұрғыдан жауапты болуы керек деп санаймыз, өйткені планетаның ресурстарының сарқылуы арқылы экономикалық өсуге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл жоба жақсы өзгерістерге ықпал ететініне сенімдімін. Қоршаған ортаны қорғау – біздің ортақ ісіміз!» – деді Орталық Азиядағы Mastercard компаниясының бас директоры Рафал Трэпка.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы – бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржының дамуына жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Басты мақсаты – тұрақты экономикаға инвестицияларды жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тарту. Одан басқа, АХҚО Жасыл қаржы орталығы өңірлік талдама орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және орнықты даму салаларында стратегиялық және бизнес-консультациялар ұсынады. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторларға және нарық ойыншыларына АХҚО Биржасында жасыл облигациялар шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.
Еуразиялық банк – Қазақстанның әлеуметтік-маңызды қаржы институты, 26 жыл ішінде активтер мен меншікті капитал мөлшері бойынша тұрақты түрде қазақстандық ірі банктердің ондығына кіреді. Корпоративтік клиенттер мен ШОБ клиенттеріне қызметтердің кең спектрін ұсынады, бөлшек бизнес көлемі бойынша банктердің топ бестігіне кіреді, цифрлық банкингті белсенді дамытуда.
Mastercard (NYSE: MA) – төлем индустриясында жұмыс істейтін жаһандық технологиялық компания. Миссиясы – қауіпсіз, қарапайым, технологиялық және қолжетімді транзакцияларды қамтамасыз ету, барлығына және барлық жерде артықшылық беретін цифрлық экономиканы дамыту және нығайту. Қауіпсіз деректер мен желілерді қолдана отырып, серіктестік құрып, шабыттандыратын нәрсеге сүйене отырып, біз адамдарға, қаржы институттарына, үкіметтер мен бизнеске өздерінің ең үлкен әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетін инновациялар мен шешімдерді ұсынамыз.
Eurasian Environmental fund – коммерциялық емес ұйымы ағымдағы жылдың 13 мамырында АХҚО юрисдикциясында тіркелген. АХҚО Жасыл қаржы орталығы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қоры және Green Investment Group ЖШС Қордың құрылтайшылары болды.
ESG * – Environmental, social and corporate governance (экологиялық, әлеуметтік даму және корпоративтік басқару)