Отын-энергетика секторын көгалдандыру арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайту
Париж келісімі аясында Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден (386,3 млн тонна) 2030 жылға қарай 15% – ға (328,3 млн тонна) қысқарту бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Парниктік газдардың барлық шығарындыларының 70% – дан астамы Қазақстанның отын-энергетика секторына тиесілі. Дәл осы сектор көміртегі ізін төмендетудің және жалпы Қазақстан экономикасын декарбонизациялаудың негізгі драйвері болуға тиіс екені анық.
Қазақстанның отын-энергетикалық секторының негізгі ойыншысы «Самұрық-Энерго» АҚ болып табылады. Бұл Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең ірі энергетикалық холдинг. Бұл компанияның үлесіне көмір өндірудің 40% – дан астамы және Қазақстандағы электр энергиясын өндірудің 30% – ға жуығы тиесілі. Сонымен қатар, «Самұрық-Энерго» АҚ гидроэнергетиканы қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша Қазақстандағы ең ірі объектілерді басқарады. Олардың жалпы қуаты шамамен 1000 МВт құрайды.
Осыған байланысты Жасыл қаржы орталығы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның негізгі қаржы-экологиялық консультанты болуға және энергия холдингінің жедел жасыл трансформациясына жәрдемдесуге ниетті.
Жақында Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Айдар Қазыбаев «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Сұңғат Есімхановпен келіссөздер жүргізді. Кездесуде жасыл облигациялар шығару, Холдингтің корпоративтік саясатына ESG қағидаттарын енгізу, сондай-ақ ЖЭК саласында салынып жатқан жобаларға инвесторларды тарту мәселелері талқыланды. Green Technology Hub және Еуразиялық экологиялық қор (Eurasian Environmental Fund) сияқты Жасыл қаржы орталығының еншілес компаниялары жасыл технологияларды, сондай-ақ көмірді байыту, көміртекті ұстау және сақтау технологияларын енгізу бойынша ұсыныстар береді. Сонымен қатар, Холдингтің белсенді қызметінің өңірлерінде ағаштарды жаппай отырғызу мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Жасыл қаржы орталығының және Самұрық-Энерго мамандары жұмыс тобын құрып, бірлескен қызметтің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлейді.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында құрылды.2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген. АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің теңдессіз мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтиды. www.aifc.kz
АХҚО Жасыл қаржы орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат-жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО жасыл қаржы орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.
«Самұрық-Энерго» АҚ – Қазақстанның барлық салаларының орнықты дамуын қамтамасыз ететін, өз акционерлері үшін құнды құратын және энергиямен жабдықтаудың тиімділігі жоғары жүйесін қалыптастыруға бағытталған, халықаралық энергия балансына табысты интеграцияланған аса ірі көп бейінді энергетикалық холдинг.