ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың «Kazakhstan Global Investment Roundtable» халықаралық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзі

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Баршаңызды Қазақстан экономикасына инвестиция тарту мәселелеріне арналған бірінші халықаралық дөңгелек үстел басында көргеніме қуаныштымын.

Біздің шақыруымызға келісімін беріп, үн қатқан 100-ден астам халықаралық компанияларға, қаржылық ұйымдарға, елшіліктерге, үкіметтік емес ұйымдарға, шетелдік БАҚ-қа шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Біз сіздердің ұсыныстарыңыз бен жаңа идеяларыңыз үшін қашан да ашықпыз. Сондықтан, бүгін осы жерде менің әріптестерім – министрлер, мемлекеттік және жекеменшік секторлардың өкілдері, еліміздің жетекші кәсіпкерлері күні бойы сіздермен бірге жұмыс істейтін болады.

Мұндай сұхбат сіздердің инвестициялық ұсыныстарыңыз бен Қазақстандағы іскерлік перспективаларыңыз бойынша пікір алмасуға мүмкіндік береді. Және біз ұсынып отырған Kazakhstan International Business and Investment Dialog форматы тұрақты болатынына үміттенеміз.

Біз бұл форматты кеңейтіп, келесі жылы жұмысты бұдан да жылы мезгілде жалғастырамыз.

***

Үкіметтің басты мақсаты – Қазақстанға «жаңа буынның» инвестицияларын тарту процесін ынталандырудың ауқымды әрі орнықты стратегиясын қалыптастыру. Біз бүгінгі кездесуді осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалаймыз.

Мүмкін, сіздер Қазақстан неліктен бүгін инвесторларды шақырып отыр деген сауалға жауап іздейтін боларсыздар. Қазақстанға инвестиция салу қажеттілігі неліктен туындады деп ойлайтын боларсыздар. Біздің елімізге инвестиция салу арқылы Сіздер қандай пайда табасыздар?

Біріншіден, әлемдік өзгерістермен байланысты болған 2014-2016 жылдардағы қиыншылықтардан соң ел экономикасы тұрақталды.

Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 10 айындағы ЖІӨ өсімі 4% құрады. Негізгі капиталға инвестициялар қалпына келіп жатыр және, бір қуаныштысы, көп жылдардан соң алғаш рет жеке инвестициялар мемлекеттік инвестициялардан басым түсті. Бұл – өте жақсы белгі.

Осылайша, еліміздің жаңа әлемдік шынайылыққа бейімделуі сәтті болды. Біз экономикалық өсім жолына бет алдық.

Екіншіден, біздің мемлекетіміз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты.

2017 жылдың басынан бастап ел Президенті Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бағытын жариялады. Оның мақсаты – «Қазақстан-2050» Стратегиясын, Президенттің бес институттық реформасын іске асыру және жаңа шынайылық жағдайларында елімізді әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай одан әрі ілгерілету.

Үш бағытта ауқымды жұмыс өріс алды: саяси демократияландыру (конституциялық реформа жүргізілді), билік тармақтары: Президент, Парламент және Үкімет арасындағы өкілеттіліктер бөлінді.

Қоғамдық сананы жаңғырту және адами капиталының сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Үшінші – экономикалық өсімнің жаңа моделін құру, жекешелендіру мен реттеусіздендіру есебінен экономикадағы мемлекеттің рөлін азайту,  жеке секторды ынталандыру, технологиялық жаңарту мен цифрландыру, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің артуы.

Үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың барлық негізгі бағыттары бойынша жан-жақты жол картасын қамтитын 2025 жылға дейінгі Стратегиялық іс-қимыл жоспарын қабылдады. Ол Мемлекет басшысының қарауында.

Өзгерістер мен туындайтын тәуекелдерді тиімді басқару үшін жобалық басқару жүйесі енгізілді.

Басымдықта — экономиканың 8 базалық саласы және жұмыстың мынадай тура бағыттары бар:

– экономиканың перспективалық секторларында жаңа жұмыс орындарын құру;

– жаппай кәсіпкерлікті дамыту;

– технологиялық қайта жарақтандыру және цифрландыру.

Сондай-ақ, қазір жобалық менеджмент ел өңірлері деңгейінде енгізілуде.

Осылайша, біз ауқымды дайындық жұмыстарын жүргіздік, не істеу және қалай істеу қажеттігін білеміз.

Үшіншіден, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аясында біз көлемді инвестициялар салуды жоспарлап отырған агроөнеркәсіп кешені мен экономиканың негізгі салаларын жаңарту, заманауи ғылымды қажетсінетін өндірісті дамыту бағытындағы біздің саясатымыз инвесторларға үлкен мүмкіндіктер тудырады.  

Біз экономиканы әртараптандыруды жалғастырып, инвесторларды металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау салаларына шақырамыз.

Қазақстанда мыс, алтын, сирек кездесетін және сирекжерлік металдар, оның ішінде литий, ванадий, фосфат шикізаты және т. б. шығару және өндіруді дамыту саласында көптеген жобалар бар.

Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін біз геологиялық барлауға инвестицияларға, шикізат байыту және өңдеудің жаңа технологияларына мүдделілік танытамыз.

Біз сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін ауқымды жаңғыртуды бастадық. Қазақстан – бидай мен ұн өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Біз бұл артықшылықты одан әрі нығайтудамыз, дегенмен нарық сұраныстарына сәйкес аграрлық секторға құрылымдық реформалау, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Тыңайтқыштар, биоқоспалар және сұрыптау саласындағы жаңа әзірлемелерді енгізуді қоса алғанда, барлық саланы ғылыми-техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру басталды.

Мұның бәрі азық-түлік өнеркәсібіне инвестиция салуға үлкен мүмкіндіктер береді.

Үкіметтің Қытаймен, басқа да көршілес өткізу нарықтарымен сауда-саттық шектеулерін алып тастау бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен қатар, бұл қарқынды әрі экспортқа бағдарланған агробизнес секторын ерекше тартымды етеді.

Әсіресе, Қытай бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Еліміздердің арасындағы барлық дерлік негізгі сауда-саттық кедергілері реттелді. Нақ өткен аптада Қытайдың Мемлекеттің кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен Сочи қаласында кездесу өтті, онда біз қалған сауда-саттық кедергілері 2018 жылы толықтай ретке келтіріледі деп келістік. Осылайша, өте ауқымды нарық ашылады және де бүгін Қазақстанда шығарылып жатқан өнім — ауыл шаруашылығы, органикалық өнімдер Қытайда жоғары сұранысқа ие.

Төртіншіден, Қазақстан бүгінде инфрақұрылымды, логистиканы, көлікті және олармен байланысты қызметтерді дамыту үшін инвестициялық тартымды ел болып отыр.

Соңғы үш жылда біз ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жүргізіп, маңызды әлемдік нарықтарға шығу үшін қысқа әрі экономикалық тұрғыдан тиімді көліктік-логистикалық «иінін» жасадық.

Осы жылдар ішінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің қазақстандық учаскесінің шамамен 3 мың шақырымының құрылысы аяқталды, бұл Қытайдағы Ляньюньган портынан Ресейдің Санкт-Петербург портына жүк тасымалдау уақытын 10 күнге дейін қысқартады.

Мың шақырымнан астам жаңа теміржол салынды, оның ішінде Орталық Азия елдерін Парсы шығанағы мен Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен байланыстыратын «Қазақстан — Түркіменстан — Иран» теміржол дәлізі де бар.

Біз Қытаймен шекарада «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ портын салдық. Бұл – Қазақстандағы тұңғыш жерүсті порты және Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық парк.

Еліміздің батысындағы Каспий теңізінде Ақтау порты жаңғыртылып, кеңейтілді. Жаңа паром кешендері жүйесі бар Құрық жаңа порты салынды. Мұндай қадамдар Қазақстан порттарының жүктеме қуатын жылына 25 млн тоннаға дейін арттырады.

Мұның бәрі инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастайды, солтүстіктен оңтүстікке қарай және шығыстан батысқа қарай жүк тасымалдау уақытын қысқартады, бұл бизнес үшін өте тиімді!

Біздің стратегиялық мақсатымыз — Қазақстанды Орталық Азияның ірі көліктік-логистикалық хабына айналдыру.

Үкімет алдағы екі-үш жылда (2020 жылға қарай) транзиттік тасымалдарды 2 млн контейнерге дейін ұлғайтып, транзиттен $5 млрд дейін пайда табуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның барлық көліктік-логистикалық инфрақұрылымы және «Нұрлы жол»  мемлекеттік бағдарламасы «Бір белдеу және бір жол» жобасы аясында «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құру бойынша қытайлық бағдарламалармен түйіндес.

Біз инвесторларды көлік және логистика саласына инвестиция салып, бізбен бірге өсіп, пайда табуға шақырамыз!

Бесіншіден, елімізде инновациялық-индустриялық дамудың екінші бесжылдығы іске асырылып жатыр. Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары озық технологияларды, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және роботтандыруға мүмкіндік алып отыр.

Биыл неміс серіктестер — Фраунгофер атындағы Қолданбалы зерттеулер институтымен бірлесіп, біз өңдеу және тау-кен секторларының 500 кәсіпорнының осындай жаңғыртуға әзірлігін бағаладық, және экономиканың базалық салаларын технологиялық жаңартып, цифрландырудың жол картасын дайындадық.

Үшінші жаңғырту бағдарламасын қабылдағанға дейін біз ірі кәсіпорындардағы технологиялық үдерістерді тежеп отырдық. Бірақ бүгін біз әлемнің 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік беретін қарқынмен өсуді қаласақ, біз міндетті түрде кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, еңбек өнімділігін арттыруымыз керек. Бұл бағдарлама осыған байланысты қабылданды.

Әрине, біз бұл бағдарлама туралы айтқанда, Құдайдан бұйырған мұнай-газ секторындағы басымдықтардан бас тартпаймыз. Біз бұл жерде де ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Негізгі шикізатқа бағалар құлдырағанда, кез келген жағдайда кен орындарын инвестициялау, кез келген жағдайда өнім шығарып, оны сату қажет еді. Алайда, бұл ретте жаңғыру мен жаңару шешуші рөлге ие болады. Сондықтан, біз өзіміздің ірі жүйеқұраушы кәсіпорындарымызбен, мұнай-газ секторындағы барлық кәсіпорындарымызбен орасан жұмыс жүргіздік. Қазіргі таңда олардың әрқайсында бұл жаңғыруды 2025 жылға қарай аяқтау үшін өздерінің бағдарламалары бар.

Күні кеше Үкімет отырысында біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық, ол Елбасының қарауына жіберілді. Қыркүйекте бүкіл еліміздің мамандарының қатысуымен үлкен таныстырылымы өтті.

Алтыншыдан, біз Қазақстан жайлы айтқанда, Қазақстанға инвестиция салу арқылы сіздер қандай нарыққа шығатындарыңызды меңзейміз. Біріншіден, әрине, бұл Еуразиялық экономикалық одақ. Біз нарық көлемі 4 трлн АҚШ долларына жуықтайтын, 180 млн астам адам қамтылған Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушы әрі мүшесі болып табыламыз. Сондай-ақ, өзінің орасан зор нарығымен Қытай жанымызда орналасқан. Сонымен қатар зор әлеуетке ие Үндістан, Иран, Пәкістан бар.

Жетіншіден, біз инвесторларға мүлде жаңа тетік — “Астана” халықаралық қаржы орталығын ұсынамыз. Бүгін біз оған жеке панельдік сессия арнадық.

Оның басты мақсаты — инновациялық қызметті ынталандыру және инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау.

Біз қаржы орталығын халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ретінде құрдық. Оның қатысушылары үшін жеңілдетілген салықтық, визалық және еңбек режимдері ұсынылады.

АХҚО сот өндірісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы британдық құқық қағидалары мен нормаларына сәйкес жұмыс істейтін болады. Туындайтын дауларды шешу үшін оның аумағында Халықаралық арбитраж орталығы жұмыс істейді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, осы Арбитраж орталығының ашықтығы эксаумақтылық қағидасы бойынша жұмыс істейтіні өте маңызды. Кез келген инвестор өз жобасының ел аумағының қай жерінде іске асырылуына қарамастан, сонда жүгіне алады.

Мұндай қаржы қызметтерін әлемнің санаулы елдері ғана ұсына алады!

Сегізіншіден, Қазақстанда қазір жүргізіліп жатқан жекешелендірудің екінші ауқымды «толқыны» инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктер береді.

Үкімет экономиканы мемлекет иелігінен алу саясатын жүргізіп жатыр. 900-ден астам компания бәсекелі ортаға беріледі.

Мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың (ұлттық холдингтердің 57 компаниясы) топ 65 компаниясы аса тартымды болып саналады. Сіздерді осы жекешелендіруге қатысуға шақырамын. Қазір инвесторлар үшін ең тиімді сәт туды деп ойлаймын. Аталған тақырыпқа да жеке сессия арнадық.

***

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Біраз уақыттан кейін мамандандырылған «дөңгелек үстелдер» мен брифингтер өткізіледі, онда сіздерді қызықтыратын сұрақтар бойынша Қазақстан Үкіметінің мүшелерімен толығырақ әңгімелесе аласыздар. 

Біз ұсынатын шаралар мен жобалар халықаралық бизнес қауымдастыққа қызығушылық пен пайда әкелетініне сенімдімін.

Біздің барлық жоспарларымызды табысты жүзеге асыру үшін жаңа инвестициялар ағыны қажет. Бұл мәселені шешудің негізі бар.

Қазақстан бүгінде Price Water house Coopers (PWC) және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес 189 елдің ішінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бойынша 18-ші орынға ие.

Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде әлемнің 190 елі арасында 36-орынға ие. Біз рейтингтің барлық 10 индикаторы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша біз бірінші орынды иемденеміз. «Келісімшарттарды орындау» көрсеткіші бойынша – алтыншы орын.

Біз алдымызға Doing Business рейтингісінде жақын арада 20-лықтың қатарынан орын алу туралы мақсат қойдық.

Осы мақсатта біз 2018 жылы ұлттық және субұлттық деңгейлерде бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту үшін жаңа, жетінші заңнамалық түзетулер пакетін дайындаймыз.

Сонымен бірге, біз инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік күшейіп тұрған жағдайда, әр инвестор үшін белсенді түрде күресуден басқа таңдау жоқ екенін түсінеміз.

Әрі біз соған дайынбыз!

Бүгінде Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау саясатын ұстанатынын мәлімдейді!

Егер сіз Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту үшін не істегенін сұрасаңыз, мен нақты шешімдер бар екенін және оларға сүйене алатыныңызды нық сеніммен айта аламын!

Маңыздыларына тоқталып өтейін.

Инвестициялар ағынын ынталандыру үшін біз жаңа ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледік және оны іске асыруды қолға алдық. Оны әзірлеуге Дүниежүзілік банк мамандары мен басқа да халықаралық сарапшылар қатысты.

Шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен «Кazakh Invest» инвестиция тартудың ұлттық компаниясы құрылды. Ол Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен «бірыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде әрекет етеді.
 Бұдан өзге, маңызды елдерде Қазақстан елшіліктерінде елшілердің инвестициялар жөніндегі кеңесшілері тағайындалады. Олардың барлығы сізге қолжетімді болады!

Сондай-ақ, экспорт өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін кедергілерді жоюға, сыртқы және ішкі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ұлттық экспорттық стратегия әзірленді. Мұнда сіздің әріптесіңіз «Kazakh Export» жаңа ұлттық компаниясы болады.

Біз екі маңызды бағытта кәсіпкерлік және инвестициялар саласындағы заңнаманы түбегейлі өзгерттік.

Біріншісі — бизнестің шығындарын жан-жақты төмендету және ең алдымен энергетика, көлік, логистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қайта реттеу реформасы. Шағын және орта бизнесті тексеруге қойылатын талаптарды шамамен 60%-ға дерлік азайттық. Лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астамға қысқартылды. Салық органдарының жоспарлы тексерулері 40%-ға қысқартылды.

Екінші бағыт — бұл бюрократияны төмендету және E-government веб-порталы арқылы электронды түрдегі мемлекеттік қызметтерді арттыру.
 Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынды, оның идеологиясы салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға және жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыруға бағытталған. Барлық белгісіздіктер мен қателіктер салық төлеушілердің пайдасына түсіндіріледі.

Бұдан өзге, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс әзірленді, ол «кім бірінші келді, сол алды» қағидасына негізделген. Ол қорларды есептейтін және геологиялық ақпаратқа еркін ашықтықты қамтамасыз ететін халықаралық жүйені енгізеді. Қабылданған шаралар қатты пайдалы қазбаларға жер қойнауын пайдалану құқығын беру уақытын 18 айдан 10 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай серпін беретін жаңа Кеден кодексі дайындалды. Басымдық декларацияны электронды түрде беруге қойылады. Соның нәтижесінде тауарларды шығару уақыты алты есеге, 4 сағатқа дейін азаяды.

Еркін экономикалық және индустриалды аймақтарды реттеуді жақсартатын заң жобасы әзірленді.

Инвестициялар үшін маңызды барлық осы заңдар Мəжілісте талқыланды, және Сенатта қаралғаннан кейін көп ұзамай барлық 4 заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылады. Біз олар 2018 жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз.

Үкімет инвестициялық ахуал көптеген жағдайда жергілікті билік органдарының әрекеттеріне байланысты екенін түсінеді. Сондықтан да біз биылдан бастап бизнесті жүргізудің қолайлығы бойынша өңірлерді бағалайтын жаңа рейтинг енгіздік, ол субұлттық рейтинг деп аталады. Ертең Елбасы 1 орынды иеленген әкімге жүлде табыстайды.

Біз, сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты әдіс-тәсілдерімізді ырықтандырдық. Қазақстанда жұмыс істейтін компанияларға жақсы мәлім, ұзақ уақыт бойы осы мәселе Үкіметте қызу талқыланды.

Ия, біз осыған байланысты еңбек күштерін жұмыспен қамту аясында қазақстандық қамтуды қолдау қажеттігін айтқанбыз. Бірақ бүгінде біз Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қажеттілікті қанағаттандыра алатын жеткілікті жұмысшылар санын дайындады дейміз. Алайда біз Үшінші жаңғыруды жария еттік, жаңартуға бет алдық. Бұл тұрғыдан, біз жоғары білікті мамандардың елімізге келіп, азаматтарымызға сіздердің инвестицияларыңызбен келетін күрделі технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын үйретулеріне мүдделіміз. Яғни жаңа буын кәсіптерін игерген мамандар қажет.

Барлық инвесторларды алаңдатып отырған үлкен мәселе — мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Мұнда да көлемді жұмыстар атқарылды. Біз жобаларды жоспарлаудың барлық рәсімдерін жеңілдеттік.
 Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, тұрғын үй шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, энергетика және көлік салаларында типтік конкурстық құжаттарды бекіттік. Сіздер барлық жобалармен танысып, өзіңізге ұнағанын таңдап, жұмысқа кірісе аласыз.

Біз келісімшарттар жобаларының сараптамасын оңтайландырдық.
 Осыған орай, бүгінде біздің инвестициялық форум жұмысы аясында Үлкен Алматы айналма жолы жобасы бойынша меморандумға қол қойылатынын атап өткім келеді.

Мен түрік және корей серіктестерін құттықтағым келеді. Процесс бастау алды! Бұл жаңартылған МЖӘ тетігі аясындағы жобалардың «алғашқы қарлығашы” және барлық инвесторлар үшін жақсы белгі деуге болады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан Үкіметі әрқашан да инвесторлармен жұмыс істеудің халықаралық қағидалары мен стандарттарын ұстанып келді, алдағы уақытта ұстана береді де.
 Біздің жұмысымыздың басты бағыты — жекеменшік пен заң үстемдігіне беріктікті қамтамасыз ету.

Қазақстан ашық ел болған және осылай болып қала береді. Біз ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі комитетіне қосылдық.

Бүгін мен Үкіметтің бизнес үшін тиімді, жақсы жағдай жасау туралы сындарлы шешімін атап өткім келеді.

Біріншіден, инвесторларға ұсынылатын консультациялық қызметтерді күшейтеміз. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жіберген әрбір сұрағыңызға жауап он жұмыс күні ішінде ағылшын тілінде беріледі.
Екіншіден, 2020 жылдан бастап шетелдік инвесторларға мемлекеттік қызметтерді ағылшын тілінде ұсынуға біртіндеп көшеміз.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік клиникалар, мектептер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, көші-қон және салық қызметіне ағылшын тілін білетін қызметкерлер арнайы жұмысқа қабылданатын болады.
Үшіншіден, инвесторлар үшін барлық негізгі нормативтік және құқықтық актілер, сондай-ақ, Әділет министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің веб-сайттарында және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының сайтында ағылшын тілінде жарияланады.

Төртіншіден, біз шетелдік инвесторларға, ең алдымен электрондық визаны енгізу, шекарадан өту, көші-қон есептері мен қауіпсіздік мәселелері процестеріне, елге кіруге жақсы жағдай жасауды жалғастырамыз.
Барлық осы төрт бағыт бойынша әрбір уәкілетті орган қажетті жұмысты жасайды.

Құрметті достар!

Бүгінгі іс-шара тығыз байланысқа ықпал етіп, іскерлік орталар серіктестігінің жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын айқындайды деп сенемін.
 Біз инвесторлармен үнемі диалог орнату арқылы түйткілді мәселелерді дереу шешуге дайынбыз. Жоғары деңгейде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Шетелдік инвесторлар кеңесі стратегиялық мәселелерді шешумен айналысады.

Үкімет деңгейінде біз үнемі Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің және Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығының жұмысы арқылы тұрақты диалог жүргіземіз.

Сонымен қатар Шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі инвестициялық омбудсмен де қолжетімді.

Қазақстан Республикасы инвесторлар арасында өзін сенімді іскерлік серіктес ретінде дәлелдеді.  Соңғы 10 жылда экономиканың түрлі секторларына шамамен $250 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Қазақстанға келіп, жобаларын осында жүзеге асырып жатқан әрбір инвесторға алғысымызды білдіреміз. Олардың мысалы мен бүгінгі біздің әңгімеміз сіздерді Қазақстанда жаңа іскерлік биіктерді бағындыруға шабыттандырады деген сенімдеміз!

Назарларыңызға рахмет.

AIFC AI assistant