«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қытай Халық Республикасының қаржы институттарымен стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) ҚХР қаржы институттарымен бірқатар меморандумдарға қол қойды.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Қытай Банкінің Атқарушы вице-президенті Жэнь Дэци Стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар жоғары сапалы сервисті қамтамасыз ету және жаңа банк өнімдерін әзірлеу үшін трансшекаралық бизнесті одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеуге ниетті.  

«Қытай Банкі әлемдегі ең жетекші қаржы институттарының бірі, сондықтан оның тәжірибесі АХҚО-ны қаржы қызметтерінің өңірлік хабы ретінде қалыптастыру үшін өте маңызды. Банктің серіктестерінің жаһандық желісі АХҚО-ға озық қаржы технологияларын тартуға көмектеседі», – деді  Қ. Келімбетов.

Сапар аясында, сондай-ақ Жібек Жолы Қорымен (бұдан әрі – ЖЖҚ) Стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат акционерлік капитал және инвестициялық қорлар арқылы инвестициялық және қаржы қызметтерін ұсыну жолымен екі ел экономикасын дамытуға және гүлдендіруге ықпал етуге арналған.  

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сапары аясында тараптардың АХҚО алаңында Қытай мемлекеттік даму банкінің (бұдан әрі – ҚМДБ) ресми өкілдігінің ашылуы туралы бірлескен мәлімдемесі маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл ҚМДБ-нің Орталық Азиядағы бірінші, ал әлемдегі жетінші өкілдігі, олардың ішінде Лондон, Мәскеу, Рио-де-Жанейро және т.б. қалалары бар.

ҚМДБ-нің Астана қаласындағы ресми өкілдігінің ашылуы ҚР ұйымдары мен кәсіпорындарына ұзақмерзімді және тұрақты қаржылық қолдау көрсету арқылы Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді.

Сұраулар:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. 

Astana International Exchange (AIX). АХҚО Биржасының басты стратегиялық серіктестері – акционерлік келісім жасасқан Шанхай қор биржасы және технологиялық платформасын қамтамасыз еткен Nasdaq. Шанхай қор биржасы мен NASDAQ әлемнің бүкіл биржалардың бестігіне кіретіндігін атап өту керек. 

Қытай Банкі коммерциялық банк, ҚХР-дың ең ірі 5 мемлекеттік банкінің бірі. Активтер жағынан елде екінші орында, әлемдегі ең ірі 20 банктің бірі. Қытайда 13 мыңнан астам бөлімшелері, 25 мемлекетте 550 өкілдігі  бар. 

Жібек Жолы қоры – 2014 жылы желтоқсан айында құрылған. Қордың резервтері ҚХР-дың алтын-валюта және Қытай инвестициялық корпорациясы (CIC), Даму Банкі және Қытайдың экспорт-импорт банкінің активтердің негізінде қалыптасқан 40 млрд. АҚШ долларын құрайды. 

Жібек Жолы қоры «Бір белдеу, бір жол» («Жібек Жолдың экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдың Теңіз Жібек жолы») бағдарламасымен қамтылған мемлекеттер мен өңірлердегі жобаларға қаражат салады. Инвестициялар орта және ұзақмерзімді сипатта, ірі жобаларға артықшылық беріледі, инфрақұрылымдық сипаттағы жобаларға айрықша орынға ие. 

Қор «төрт ірі саланы» айқындаған, олар инфрақұрылымдық құрылыс, энергия ресурстарын дамыту, өнеркәсіптік өндіріс және қаржылық ынтымақтастық . 

Қытай мемлекеттік даму Банкі – Қытай даму Банкі (Development Bank of China) 1984 жылы наурыз айында құрылған, оның штаб-пәтері Бейжің қ. орналасқан. 

 Бұл Қытайдың үш мемлекеттік даму банктерінің ішіндегісі ең ірісі (Экспорт-импотртық Қытай банкі (Export-Import Bank of China) және Қытай ауылшаруашылық даму Банкі (Agriculture Development Bank of China) банктерінен басқа); тікелей ҚХР-дың Мемлекеттік кеңесіне бағынады. 

AIFC AI assistant