Елдер мен кәсіпорындардың тұрақты экономикалық өсіміне қалай қол жеткізуге болады? Қ. Келімбетов пен А. Ван де Путтың мақаласы

Қазақстан қалпына келетін ресурстарды дамыту мен қайталама шикізатты өңдеу арқылы ЖІӨ өсімін 2%-ға дейін арттыра алады. Жаңа Жібек жолы барлық елдердің сауда, экономикалық өсімі мен тұрақты дамуын бастама аясында арттыруға әлеуетті. Бұл туралы Британиялық корольдік құнды қағаздар мен инвестициялар институтының (CISI) The Review журналында жарияланған АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов пен АХҚО Академиялық кеңесінің төрағасы А.Ван де Путтың мақаласында айтылған.

Мақалада цифрлық экономиканың дамуында және төртінші өнеркәсіптік революция кезіндегі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуде Жаңа Жібек жолы елдерінің капитал нарығы қандай рөл атқаратыны зерттелген.

Жаңа Жібек жолы терминін алғаш рет А. Ван де Путт, Г. Дэвис және В. Чив Чик 2006 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның есебінде қолданған. Онда Жаңа Жібек жолы ретінде Қытай мен Батыс Еуропаны байланыстыратын әрі Қазақстан арқылы өтетін 2500 шақырым теміржол желісі көрсетілген. Аталмыш бағыттағы тауар жеткізілімдері жеткізу уақыты мен логистикалық шығындарды едәуір қысқартады. Мәселен, Батыс Қытайдан Орталық Еуропаға Транссібір құрлық көпірі арқылы жүктерді тасымалдау үшін 14 күн, теңіз арқылы 45 күнге дейін уақыт қажет болса, ал Қазақстан арқылы жеткізу 8 күннен 10 күнге дейін ғана уақыт алады.

Мақала авторлары төртінші өнеркәсіптік революцияны (4ӨР) елдер мен кәсіпорындардың тұрақты экономикалық өсіміне қол жеткізуге серпін ретінде анықтайды. Ол қазіргі заманғы нарықтық жүйеде айтарлықтай сұранысқа ие цифрлық сауданың өсіміне түрткі бола алады. Оның үстіне екі қосалқы экожүйеден құралған «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 4ӨР жағдайында бәсекеге түсе алатын динамикалық және инновациялық қаржылық экожүйені құруға мүмкіндік береді.

Алғашқы қосалқы экожүйе қатарына коммерциялық, жеке және инвестициялық банктер мен сақтандыру компаниялары сияқты дәстүрлі қаржы секторындағы ойыншылар енеді. Оның негізгі мақсаты ел экономикасы мен жалпы қоғамға – қаржы өнімдері мен қаржылық қызметтерді ұсыну болып табылады.

Екінші қосалқы экожүйе стартаптар, технологиялық кәсіпкерлер мен 4 ӨР-дің маңызды технологиялық аспектілеріне бағытталған блокчейн, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект сынды компаниялардан тұрады.

2016 жылы McKinse жаһандық институты зерттеуіне сәйкес, цифрлық сауда, оның ішінде цифрлық қаржы Жаңа Жібек жолы бойында тұрған дамушы нарыққа өсудің зор әлеуетін ұсынады. Ол елдерді төмендегілермен қамтамасыз етеді:

• 1,6 млрд адамға қаржы қызметтерін қолжетімді етеді;

• ЖІӨ жыл сайын 3,7 трлн АҚШ долл. өсуіне, ал 2025 жылы 6%-ға артуына жол ашады;

• барлық секторларда 95 млн жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен 3,5%-ға артуына мүмкіндік береді.

Десе де бірқатар қауіп-қатерлер де бар. Олардың қатарында автоматтандырудан және жасанды интеллекіні қолданудан кейінгі жұмыс орындарының қысқаруы, қиберқылмыстың өсуі, жасанды интеллект саласындағы теріс пиғылдар және әлемдік қаржы жүйесінің тұрақтылығынан болатын әлеуметтік теңсіздік бар.

Авторлар зерттеуде өтімділік пен меншікті капиталды өсіруден алынған қаражатты табиғи ресурстарға бай елдерде ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсуінің 2%-ын қамтамасыз ететін жаңартылған ресурстарды дамытуға және қайталама шикізатты өңдеуге бағыттауды ұсынады.

Қаржыландырудың тағы бір бағыты ретінде жеткізілім тізбегін біріктіріп, физикалық инфрақұрылымдарды дамыту арқылы қосылған құн өсімі ұсынылды. Сонымен бірге зерттеуде инфрақұрылымды тиімді пайдалану үшін заманауи технологияларды енгізу қажеттілігіне назар аударылды.
AIFC AI assistant