Дүниежүзілік экономикалық форумы АХҚО үшін табысты болды

2020 жылдың қаңтар айының 21-24 жұлдызы аралығында Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) делегациясы да Давостағы форумға қатысты. Ұзақ сапардан жақсы нәтиже де бар.

Таудың баурайында орналасқан бұл әсем қалады биыл да аса маңызды тақырыптар қозғалды. Еске сала кетейік форум дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Сонымен биыл елуінші рет әлемнің түкпір-түкпірінен көшбасшыларды жинаған форумда климаттың өзгеруі мен жастарға назар салуға арналып, «Ұйымшыл және бейбіт әлем үшін мүдделі тараптар» тақырыбымен өтті. Атауы айтып тұрғандай – ә, дегеннен бір бірімен тіл табысып кететін, жұмыла қызмет істейтін ұйымшыл, талас-тартысты болдырмайтын, мүдделері бері қоғамдардың даму сөз болды. Әсіресе санасы тың идеяға толы бастамашыл жастарға қолдау білдіру, дамушы елдердің жастарына барынша жағдай жасалу керектігі талқыға түсті. Сайып келгенде нәтиже экономикалық өсім мен тұрақты даму. Себебі Орта Азия халқының үштен бір бөлігі жасы 15-тен кіші өскелең ұрпақ болғандықтан аймақтың тұтыну нарығы қарқынды өсіп келеді. Тиісінше халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуде сұраныс көп. Осы ретте 2020 жылы өңірдің стратегиялық басымдықтары қандай?..

 АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов «Стратегиялық перспектива: Еуразия» панельдік сессиясына қатысып негізгі мәселелерді айтты әрі оның халықаралық ойыншылармен ынтымақтастықтың арқасында қалай шешімін тауып жатқанын тілге тиек етті. Күн тәртібінде экономиканың мүмкіндіктері мен геосаяси шиеленісті басқару, технологияны игеруді жеделдету сияқты мәселелер болды. Сессияға, сондай-ақ Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиев, Монголия Президенті Халтмаагийн Баттулга, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің Бас директоры Татьяна Валовая, ВТБ Президенті – Басқарма Төрағасы Андрей Костин қатысты. Ал модераторы Оксфорд университетінің Блаватник мемлекеттік басқару мектебінің деканы Найре Вудс болды.

 Сессия кезінде АХҚО Басқарушысы Қ. Келімбетов: – «Қазақстанның сыртқы саудасына көз жүгіртсек, 50% Еуропалық Одаққа, Ресейге 20%, Қытайға 20% тиесілі» – деді. Бұл өз кезегінде Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатындығын көрсетеді. Сондықтан да Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа ғана емес, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Түркі Кеңесі сияқты коалицияларға қосылды. Мұндай одақтар, әсіресе экономикалық одақтар Қазақстанға не береді? – деген заңды сұрақ туындайды. Берері нарық! Ебін тапсаң табысы шаш етектен болмақ. Нарықтың ұлғайғаны бизнеске пайда. Бизнес бастау да, жүргізу де оңай бола түседі. Қала берді алпауыт компаниялардың өкілдіктері Қазақстанда ашылады. Бұл бизнеске жасаған қолайлы орта деп білген жөн. АХҚО-ның да ұсынып отырғаны осы қолайлы орта. Тағы бір көрсеткіш бәсекелестік немесе бәсекеге қабілетті болу. Нарықтың да талабы сол бәсеке. Оған төтеп беру үшін бизнес өз стратегиясын әзірлейді. Тойтарыс береді. Дами түседі. Реформа дегенің де осы дамуды мақсат еткенде пайда болады.

«Соңғы 20 жылда Қазақстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформа жасады. Алайда бұл дамудың бір бағыты ғана және тек осы бағытты ұстану керек дегенді білдірмейді. Шикізатсыз да тұрақты экономикалық өсу мен даму жағын осы кезден ойлауымыз керек» – деді АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов.

Осы ретте айта кету керек бүгінгі күні «бірігу мен байланыс» мәселесі. Орталық Азия мұхиттан алшақ жатыр. Дегенмен Азия жұртына өзара байланыстың бір түрі болу керек. Технология күннен күнге дамып жатқан заманда цифрлық байланыс пен қаржы баланысы дұрыс шешім болмақ. АХҚО-ның мақсаты осы тұста Қазақстанды бүгінгі күннің ауқымды технологиялық альянсының бір бөлшегі ету.

Форум барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Дүниежүзілік экономикалық форумның және Қазақстан Үкіметімен Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы ниет хатқа қол қойды. Қ. Келімбетов жаңа технологияларды дамушы нарықтарға енгізу дамыған елдерге қарағанда әлде қайда жылдам жүретін процесс екенін атап өтті. Үлестес орталық Орталық Азияны дамыту мақсатында реттеуші нормативтер мен инновациялық технологияларды енгізуге өз платформасында мемлекеттік құрылымдар мен бизнестің, индустриялық серіктестерін біріктірмек ниетте. Аталмыш орталық жұмысының бірінші кезеңін жасанды интеллект және машиналық оқыту, интернет заттар, робототехника және ақылды қалалар сияқты салаларда жобаларды әзірлеуге бағыттайды.

Бұған қоса АХҚО мен дамушы елдердегі жетекші стартап-қоғамдастық пен инвестор компания Seedstars арасында меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес АХҚО мен Seedstars арасындағы ынтымақтастық стартаптарды қолдау бағдарламаларын іске асыру мен стартап экожүйесін дамытуды, Орта Азия аймағына венчурлік қаржыландыруды енгізуді қамтитын болады.

Сондай-ақ АХҚО мен «Росгеология» АҚ мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою аса маңызды оқиғалардың бірі болды. «Росгеология»-мен ынтымақтастық геологиялық барлауды қаржыландырудың баламалы көздерін тарту мақсатында АХҚО базасында цифрлық платформаны әзірлеуді көздейді. Цифрлық платформа токенделген активтері және өтімділікті қолдау мен криптоқорғау, блокчейн технологияларында іске асырылатын болады.

AIFC AI assistant