АХҚО және BCarbon американдық көміртегі стандарты «көміртекті көпірін» салуда: өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Астана, Қазақстан – 2025 жылғы 24 қараша. – Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және американдық BCarbon ұйымы серіктестіктің басталғаны туралы ресми түрде жариялады. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, құжат американдық компаниялармен және инвесторлармен тікелей ынтымақтасу үшін Орталық Азияның есігін ашады.

Хьюстонда (Техас, АҚШ) орналасқан BCarbon көміртегі бірліктерін стандарттау бойынша кең танылған инноватор. Ұйым табиғи шешімдерге, атап айтқанда топырақ пен ормандардағы көміртегінің секвестрленуін өлшеуге бағытталған ғылыми негізделген хаттамаларды әзірлеуге маманданған.

АХҚО Көміртегі платформасы (Carbon Platform) экологиялық құралдар нарығын дамыту және Орталық Азияда көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге қолдау көрсету мақсатында Astana International Exchange биржасында көміртегі бірліктерінің саудасына жағдай жасайды.

Меморандум озық американдық технологияларды қазақстандық нарыққа интеграциялаудың нақты қадамдарын айқындайды. BCarbon өзінің бірегей өлшеу және тексеру хаттамаларын, сондай-ақ ғылыми негізделген әдістемелер мен ашық тізілімге қолжетімділікті ұсынады.

Өз кезегінде, АХҚО Көміртегі платформасы Қазақстан аумағында пилоттық көміртегі жобасының ықтимал іске асырылуына қолдау көрсетеді. Пилоттық жоба жергілікті жер иелері мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарына топырақты қалпына келтіру мен орман егу жөніндегі күш-жігерін монетизациялауға мүмкіндік бере отырып, Қазақстанның климаттық жағдайында BCarbon әдіснамасының тиімділігін көрсетеді деп күтілуде.

АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев: «Осы меморандумға қол қою Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының көміртегі нарығын байланыстыратын сенімді көпірдің негізін қалайды. Бұл стратегиялық серіктестік AIX-тегі құралдар желісін әртараптандырып қана қоймай, сонымен қатар АҚШ-тың энергетикалық және өнеркәсіптік компанияларынан Қазақстанның экологиялық жобаларына инвестициялар тарту үшін арна құрып, жаһандық декарбонизация жөніндегі күш-жігерге ықпал ете алады».

BCarbon бас директоры Эрик Унверзагт: «Ерікті көміртегі нарығының сенімді жұмыс істеуі екі басты негізсіз мүмкін емес, олар – мінсіз ғылыми деректер мен ашық сауда инфрақұрылымы. BCarbon-ның өлшеуге негізделген қатаң хаттамаларын АХҚО-ның Көміртегі платформасына интеграциялай отырып, біз Астанада айналымдағы көміртегі кредиттері көміртектің нақты және верификацияланған жойлуын растайтынын қамтамасыз етеміз. Бұл серіктестік жаңа нарықты ашып қана қоймайды – ол жаһандық инвесторларға Қазақстанның ауқымды табиғи әлеуеті негізінде қалыптасатын көміртегі активтеріне сенуге мүмкіндік беретін жоғары экологиялық адалдық стандартының негізін қалайды».

Меморандумның негізгі элементі – BCarbon көміртегі бірліктерін Astana International Exchange-дің экологиялық құралдарының өнім желісіне қосуға деген ниет, бұл инвесторларға жоғары сапалы верификацияланған активтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Анықтамалық ақпарат:    

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz    

АХҚО баспасөз қызметі 

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы 

Тел: +7 701 777 65 58 

E-mail: [email protected]  

AIFC Services Assistant