2024 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы 3,1 млрд АҚШ доллар сомасына инвестиция тартылды
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2024 жылғы жұмысын қорытындылады.
АХҚО алаңы арқылы тартылған инвестициялардың көлемі 2024 жылы: 3,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде 2,1 млрд доллар – Astana International Exchange биржасындағы портфельдік инвестициялар және 1 млрд доллар – АХҚО қатысушыларының инвестициялары. АХҚО жұмыс істеген барлық жылдар ішінде 14 млрд АҚШ доллары (6,7 млрд доллар – портфельдік инвестициялар, 7,3 млрд доллар – АХҚО қатысушыларының инвестициялары) тартылды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Қаржы орталығы ашылғаннан бері біз өңірге инвестициялар тартуға жәрдемдесу үшін қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды, сондай-ақ инвесторлар үшін қолайлы әрі түсінікті ортаның қалыптасуына берік негіз жасадық. Биыл біз назарымызды құрылған платформаларды тиімді дамытуға аудардық. AIX-те сауда-саттық көлемі екі есе өсті, юрисдикциямызға ірі компаниялар келді, алғашқы жергілікті сукук листингтен өтті, инвестициялық қорлардың көлемі өсті, бірнеше криптобиржа толық реттеуші режимге шықты, орталықтың құқықтық базасы жетілдірілді. Биылғы жылдың нәтижелері еліміздің қаржы саласын одан әрі дамытудың іргетасын қалыптастырады».
- АХҚО Прага, Варшава, Ыстамбул, Будапешт және т.б. сияқты қалаларды басып озып, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа өңірінде (Global Financial Centres Index36 рейтингіне сәйкес) көшбасшылықты жалғастыруда.
- Smart Сentres Index10 зияткерлік орталықтардың рейтингінде Астана қаласы өз позициясын жақсартып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде 2-ші орынға ие болды.
- Astana International Exchange биржасында ұлттық тасымалдаушы Air Astana компаниясы IPO-сының өткізілуі Қазақстанның қор нарығы үшін маңызды оқиға болды. Air Astana-ны орналастыру кезінде AIX биржасы Қазақстанда алғаш рет жергілікті инвесторларға пре-маркетте (conditional trading) ерте сауда жасауға мүмкіндік берді. Бұл отандық қор нарығы үшін инновация, бұл жаңашылдық қазақстандықтарға Лондон қор биржасында шетелдік инвесторлармен бір мезгілде өз биржамызда сауда жасауға мүмкіндік берді.
- Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында бес мүше мемлекет хатшылығы АХҚО базасында болатын Жасыл қаржы жөніндегі түркі кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды.
- Орта дәліз жобасы бойынша АХҚО алаңында «Самұрық-Қазына» қоры мен Azerbaijan Investment Holding бірлесіп құрған «SK-AIH Investment Fund Ltd.» қоры ашылды. Оның мақсаты – Қазақстан мен Әзірбайжан экономикасының түрлі секторларына, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша инвестициялар тарту.
- COP29 халықаралық конференциясының аясында АХҚО AIX базасында көміртегі платформасын дамыту жоспарларын ұсынды, мұнда қор нарығының классикалық құралдарымен қатар экологиялық құралдар саудаланатын болады.
- Биыл АХҚО креативті индустрия саласындағы бизнесті қолдау алаңына айналды. АХҚО-ның «Венчурлық студиялар туралы» қағидалары қабылданды, ол венчурлық компанияларды құру және стартаптарды қолдауға қатысты құқықтық айқындылықты белгілеуге арналған заңнамалық база болмақ. АХҚО юрисдикциясында бірнеше венчурлық компания табысты жұмыс істеуде: 17 желтоқсанда АХҚО юрисдикциясында басқарушы компания – Qazaqstan Venture Group Ltd. тіркелді, бұған дейін Alphabet Venture Studio Ltd. алғашқы венчурлық студия тіркелген еді.
- Креативті контент авторларының құқықтарын қорғауды күшейтуге және қамтамасыз етуге арналған «Зияткерлік меншік туралы» АХҚО актісі шығарылды.
- Дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектті пайдалану жөніндегі нұсқаулық жарияланды. Сондай-ақ, деректерді қорғау жөніндегі құқықтық базаны жетілдіру мақсатында АХҚО Құпиялылық мәселелері жөніндегі дүниежүзілік ассамблеяның (Global Privacy Assembly, GPA) мүшесі атанды.
- Қатысушы компанияларға қаржы орталығының қызметі туралы өзекті ақпаратты жедел ұсынуға арналған жаңа бастама – AIFC Community іске қосылды.
- АХҚО алаңында топ-менеджерлерді, компания иелерін, прогрессивті бизнес-көшбасшылар мен нарық инвесторларын біріктіретін AIFC Business League қауымдастығын құрды.
Бір жыл ішінде АХҚО-да 1100-ден астам жаңа қатысушы компания тіркелді, ал өткен жылы олардың саны 600-ден асқан еді. Барлығы 85, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және т.б. елден 3500-ден астам компания тіркелді. 2024 жылы тіркелген компаниялар арасында қаржы компанияларының үлесі 36%-ды құрады. Ақпарат және байланыс саласы – 10%, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 8%, тау-кен өнеркәсібі – 8%, қосалқы қызмет көрсетушілер – 1%, көтерме және бөлшек сауда компаниялары – 18%, ал қалған 19% басқа қаржылық емес секторларға тиесілі.
АХҚО юрисдикциясында қорларды әкімшілендіру қызметтерін ұсынатын алғашқы жаһандық компания атанған Amicorp компаниялар тобының кеңсесі, Euronews және Telegram топтарының, KTZ Express («Қазақстан темір жолы» еншілес компаниясы) бірлескен кәсіпорны, International Maritime Investments Ltd. (Abu Dhabi Ports Company еншілес компаниясы, БАӘ) өңірлік кеңселері кеңселері ашылды.
АХҚО юрисдикциясына Люксембургтен Kaz Minerals және Кипрден Fix Price Group PLC компаниясын қоса алғанда, басқа юрисдикциялардан төрт компанияның редомициляциясы өтті.
Ағымдағы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша АХҚО қатысушылары Қазақстан бюджетіне 41,3 млрд теңге сомасына салық төледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 млрд теңгеге артық. Қаржы орталығы қызметінің бүкіл кезеңінде 126,5 млрд теңге салық төленді. Сонымен қатар, АХҚО экожүйесінде 2 353 жұмыс орны құрылып, жалпы саны 9 600-ге жетті.
АХҚО әкімшілігінің сарапшылары Қазақстандағы қорларды басқару, Орталық Азиядағы орнықты қаржыландыру, Қазақстандағы исламдық қаржыландыру нарығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және REIT нарығының перспективалары, Қазақстанның тау-кен өндіру және көлік-логистика салалары және т.б. тақырыптар жөнінде сегіз есеп шығарды.
АХҚО-ның Tech Hub орталығы инновациялар саласын дамытушы ретінде жұмысын жалғастыруда. Мәселен, Tech Hub White Hill Capital компаниясына MENA аймағындағы стартаптарды ауқымдауға бағытталған акселерациялық бағдарламаны дайындауда қолдау көрсетті. Бағдарламаға қатысуға 10 елден 200-ден астам стартаптан өтінім келіп түсті, олардың 15-і Сауд Арабиясында акселерацияның соңғы кезеңінен өтуге мүмкіндік алды.
Қор нарығы
Astana International Exchange серпінді дамуын жалғастыруда және соңғы алты жылда жаһандық инвестициялық қоғамдастыққа кеңінен танылды. 2024 жылдың қорытындылары бұған дәлел: 2024 жылы AIX-те бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,3 млрд АҚШ долларынан асты, бұл биржа 2018 жылғы қарашада іске қосылғаннан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі AIX-тегі сауда-саттық көлемінен жоғары болып табылады.
Ресми листингке 133 бағалы қағаздар кірді (барлығы 252 листинг), оның ішінде 7 үлестік құрал, 10 құрылымдық өнім және 116 борыштық құрал кіреді.
2024 жылы 15 компания жаңа сауда мүшелері болды, олардың жалпы саны 50-ге жетті, олардың жартысына жуығы шетелдік компаниялар. Сондай-ақ, 16 компания кастодиандық қызметті жүзеге асырады, оның 6-ы 2024 жылы қосылған.
AIX орталық депозитарийінде нарық қатысушылары арқылы ашылған қазақстандық инвесторлардың жеке шоттарының саны 1,9 млн-нан асты, бұл жеке инвесторлардың капитал нарықтарына қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Орнықты қаржыландыру шеңберінде AIX жаңартылатын энергия көздерінен энергия өндіруді растайтын I-REC (International Renewable Energy Certificate) жаңартылатын энергия сертификаттарын енгізді. Ол үшін AIX Сауда-саттық қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар, AIX өтімділікті жақсартатын және сауда-саттық тетіктерін жеңілдететін Абу-Даби биржасы (ADX) жасаған Tabadul цифрлық биржалық хабқа қосылды. Бұл ынтымақтастық AIX және ADX қос алаңында бағалы қағаздарға тоғыспа қолжетімділікті ұсына отырып, өтімділікті арттырады және инвесторлар үшін сауда тетіктерін жеңілдетеді.
AIX Qazaq Index жыл басынан бері 24%-ға өсті. Индекс құрамына KEGOC, Air Astana және Freedom Holding акциялары қосылды.
Сонымен қатар 2024 жыл көмір өндіруші кәсіпорындарға техникалық қызмет көрсететін Gamma-T ЖШС-нің еншілес кәсіпорны Gamma-T SPC Limited (Тикер GAMA. 1227) компаниясының алғашқы қазақстандық сукук шығаруымен есте қалды.
ҚР Қаржы министрлігі AIX пен LSE-де жылдық 4,714% купон мөлшерлемесімен 1,5 млрд АҚШ доллары сомасына 10 жылдық эталондық еурооблигацияларын орналастырды. AIX-те тапсырыс көлемі 322 миллион АҚШ долларына жетті. AIX инвесторлары 190 миллион долларға жуық еурооблигациялар алды.
Tabys App – AIX-тің мобильді қосымшасы, Қазақстандағы ірі микроқаржы ұйымдарының бірі Solva Group Ltd облигацияларымен өнім желісін кеңейте отырып, өз пайдаланушылары үшін жаңа құралды ұсынды.
Цифрлық активтер мен инвестқорлар
Ағымдағы жылы FinTech Lab реттеуші құм алаңында цифрлық активтердің төрт жаңа биржасы тіркеліп, Binance (BN KZ Technologies Limited) және Bybit (Bybit Limited) криптобиржалары FinTech Lab реттеуші құм алаңынан толық реттеу режиміне сәтті көшірілді. Цифрлық активтер биржаларындағы сауда-саттыққа 112-ден астам құралға рұқсат берілді. 2024 жылы FinTech Lab реттеуші құм алаңы шеңберіндегі цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілердің сауда-саттық көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асты, ал қызмет көрсетілетін клиенттер саны 140 000 адамнан асты. Салыстыру үшін, 2023 жылы сауда-саттық көлемі 324 млн АҚШ долларын, ал клиенттер саны 53 000 адамды құраған болатын, бұл сауда-саттық көлемінің де, клиенттік базаның да екі еседен астам өскенін көрсетеді.
АХҚО-да тіркелген қорлардың саны 2024 жылдың басындағы 42-ден 2024 жылдың желтоқсан айының аяғында 98-ге, ал қорлар мен активтерді басқарушылардың саны 40-тан 57-ге дейін өсті. АХҚО-да басқарудағы активтердің жалпы көлемі (AUM), 2024 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша, 1,25 млрд АҚШ долларын құрады.
Жыл ішінде AFSA АХҚО-да қаржылық қызметтер көрсететін 47 компанияға лицензия берді. Бұл өткен жылғыдан екі есе көп, жалпы саны 126 қаржы компаниясына жетті. 21 консультантқа (көмекші қызметтер жеткізушілеріне) лицензия берілді, барлығы 130-дан астамы лицензияланды.
Сондай-ақ осы жылы Халықаралық своптар және деривативтер қауымдастығы (ағыл. ISDA) АХҚО-ны неттингке[1] қолайлы юрисдикция ретінде танып, тиісті заңды қорытындыны жариялады.
Сот және төрелік орталығы
2024 жылы АХҚО соты мен Халықаралық Төрелік Орталығы (ХТО) 1000-нан астам істі аяқтап, орындауға жіберді: 53 сот шешімі және 954 дауды төрелік және медиация жолымен реттеді. АХҚО соты мен ХТО өз қызметінің басынан бері 151 сот және 734 төрелік шешімдерін, сондай-ақ 2523 медиация туралы келісімді қоса алғанда, 3400-ден астам істі қарап, орындады. 34 елден 704 заңгер АХҚО сотында істер бойынша тараптарға өкілдік ету үшін тіркелді. Мұндай нәтижелер жеті жыл ғана жұмыс істейтін халықаралық қаржы орталығындағы дауларды шешу институттары үшін бұрын-соңды болмаған.
2024 жылы АХҚО соты мен ХТО Қытайда әлемдік деңгейдегі кеңсеге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы халықаралық аренадағы позициясын нығайтты, бұған дейін халықаралық кеңселер Еуразияның сегіз елінде де ашылған болатын.
Орнықты қаржыландыру
АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) Орталық Азиядағы орнықты қаржыландыруды қолдау мен дамытуда өзінің көшбасшылық позициясын сақтауда. 2024 жылдың соңында ЖҚО көмегімен Қазақстандағы барлық жасыл облигациялар мен кредиттердің шамамен 70%-ы іске асырылды. 2020 жылы орнықты қаржы нарығы іске қосылғаннан бері және 2024 жылдың соңына қарай жалпы сомасы 890 млрд теңгеге облигациялар орналастырылды және кредиттер берілді, бұл 2023 жылдың соңындағы көрсеткіштен 3,5 еседен астамға артық.
АХҚО ЖҚО жасыл және әлеуметтік облигацияларды шығаруға қолдау көрсете отырып, өңірдегі жетекші позициясын сақтап қалуда. АХҚО Орталық Азия және Кавказ елдерінің эмитенттерімен белсенді жұмыс істеп, шығарылымның әр кезеңінде кәсіби қолдау мен сараптамалық сүйемелдеу ұсынады.
Осылайша, ЖҚО қолдауымен 2024 жылы жасыл, әлеуметтік және орнықты облигациялардың бірқатар шығарылымдары жүзеге асырылды. Мысалы, Әзірбайжандағы ең ірі жеке банктердің бірі Unibank Баку қор биржасының алаңында елдегі алғашқы жасыл облигацияларын 20 миллион манат (11,8 миллион АҚШ доллары) сомасына шығарды. Өзбекстанның ипотеканы қайта қаржыландыру компаниясы Ташкент қор биржасында 50 миллиард сум (шамамен 4 миллион АҚШ доллары) көлемінде алғашқы жасыл облигацияларды шығарды.
ЖҚО қолдауымен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Vienna MTF алаңында 100 млрд теңге сомасында және өтеу мерзімі 3 жыл болатын дебюттік орнықты даму облигацияларын шығарды.
Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобаларына маманданған «ПланДеМ» қырғыз компаниясы AIX-те 370 миллион юань (50,7 миллион АҚШ доллары) сомасына өзінің алғашқы жасыл облигацияларын орналастырды.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ AIX биржасында айналым мерзімі 3 жыл болатын алғашқы әлеуметтік облигацияларын шығарды. Жиналған қаражат Ақмола және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне жедел жәрдем көліктерін сатып алуға бағытталды.
Білім беру
АХҚО Академиясы заң және қаржылық бағдарламалар бойынша 447 маманды оқытты. Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған 15-тен астам тренингтер мен курстар өткізілді. Шетелдік инвестицияларды тартуға байланысты мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Тренингке Сыртқы істер министрлігінің, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның өкілдерін, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларын қоса алағанда, 70 адам қатысты. Сондай-ақ Академия технологиялық заңгерлік білім берудегі әлемдік көшбасшының BARBRI-дің серіктесі атанып, Gold Agent мәртебесін алды.
Анықтама ретінде:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева
Баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 6558
E-mail: [email protected]
[1] Жою неттингі (немесе өзара есепке алу) – контрагенттің дефолтқа шалдығуы жағдайындағы тәуекелді азайту үшін қаржы саласында қолданылатын заңды тетік. Ол екіжақты келісімнің тараптарына әрбір міндеттемені бөлек белгілемей-ақ, бір тарап екіншісіне төлеуі тиіс таза соманы есептеу арқылы бір-бірінің алдындағы міндеттемелерін өтеуге мүмкіндік береді.