AFSA АХҚО-да деривативтерді реттеуге өзгерістер енгізді
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында деривативтерді[1] реттеуге өзгерістер енгізді. Реттеу ісінің ең үздік тәжірибелеріне және нарық қатысушыларының кері байланысына жасалған талдауға негізделген өзгерістер деривативтерді реттеуді нақтылап, олармен жасалатын операцияларға қосымша талаптарды енгізеді.
Өзгерістер лицензияланған нарық институттарында[2] және ұйымдастырылған сауда алаңдарында (MTF/OTF)[3] саудаланатын деривативтер үшін нақты реттеуші жүйені құруға, тиімді баға белгілеуді, есеп айырысуларды және операцияларды жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ нарықтық манипуляциялар мен нарықтық зондтауға тыйым салуды қоса алғанда, АХҚО нарығының қағидаларында белгіленген нарықтағы іс-әрекетке қойылатын талаптарды қолдануға бағытталған.
Деривативтермен жасалатын операциялармен байланысты тәуекелдер жоғары екенін ескере отырып, реттеу клиенттерді қорғау үшін операцияларды жүргізуге қойылатын келесі талаптарды белгілейді:
- Деривативтермен жасалатын операцияларға байланысты жоғары тәуекелдер туралы клиенттердің хабардар болуын қамтамасыз ету үшін маркетингтік материалдарда және басқа коммуникацияларда ескертулерді орналастыру талабы;
- Клиенттердің деривативтердің түрлері мен олармен жасалатын операцияларының табиғатын, тәуекелдерін және негізгі сипаттамаларын түсінуін қамтамасыз ету үшін негізгі сипаттамалары бар құжатта (key features document) қосымша ашық ақпарат беру. Бұл ақпарат тәуекелдер туралы ескертумен қатар, клиенттер деривативтермен операцияларды жүзеге асыру туралы негізделген және ақпараттандырылған шешім қабылдауы үшін оларға ұсынылатын негізгі сипаттамалары бар құжатқа енгізілуі керек;
- Тәуекелдерді шектеу мақсатында деривативтермен жасалатын операцияларға лимиттер белгілеу.
Цифрлық активтер негізіндегі деривативтерге қатысты ықтимал реттеуші төреліктің алдын алу мақсатында деривативтерді реттеудің жалпы қағидаттарына сәйкес олардың пропорционалды реттелуін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Деривативтерді реттеудегі бұл өзгерістер АХҚО-ның осы режиміне бағынатын жаңа да, жұмыс істеп тұрған лицензияланған қатысушыларына да қолданылады.
Өзгерістер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
АХҚО нарығының қағидаларына, АХҚО-ның глоссарийіне, АХҚО-ның лицензияланған нарықтық институттарына арналған қағидаларына, АХҚО-ның көпжақты және ұйымдастырылған сауда алаңдарына арналған қағидаларына, АХҚО-ның бизнес жүргізу қағидаларына, АХҚО-ның цифрлық активтері жөніндегі қағидаларына, АХҚО-ның жалпы қағидаларына тиісті өзгерістер АХҚО сайтында жарияланған.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 80-нен астам елден 3500-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
[1] Деривативтер – құны базалық активке, индекске, мөлшерлемеге немесе қаржы құралына байланысты болатын қаржы құралдары. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген және ресми анықтаманы АХҚО Глоссарийінен оқуға болады.
[2] Лицензияланған нарық институты – Орталықтың бір немесе бірнеше нарықтық қызметті жүзеге асыру үшін AFSA лицензиясын алған қатысушысы.
[3] Көпжақты немесе ұйымдастырылған алаң – бұл тараптар арасындағы қаржы құралдарының алмасуына ықпал ететін балама сауда алаңы. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген және ресми анықтаманы АХҚО Глоссарийінен оқуға болады.