AFSA АХҚО-ның активтерді басқару жөніндегі заңнамалық базасын жетілдірді

АХҚО-да активтерді басқару секторының дамуын және реттелетін нарық қатысушыларын қадағалау барысында жинақталған тәжірибені ескере отырып, АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) тиісті заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында АХҚО-ның активтерді басқару жөніндегі актілеріне өзгерістер енгізді.

AFSA Кредиттік қорларды[1], Цифрлық активтер қорларын[2], Биржалық қорларды[3], Ақша нарығы қорларын[4], Инвестициялық токендерге және Жіктелген инвестициялық токендерге[5] инвестициялайтын қорларды қосу арқылы АХҚО-да қолжетімді мамандандырылған қорлардың тізімін кеңейтті. Сектордың дамуы мен нарық қажеттіліктерін бағалауға жауап ретінде AFSA АХҚО-дағы мамандандырылған қорлардың ассортиментін кеңейту қажеттілігін мойындайды. Бұл инвестициялық мүмкіндіктерді әртараптандыруды қамтамасыз етеді және инвесторларға нақты секторлар мен стратегияларды ескере отырып, портфельдерді теңшеуге мүмкіндік береді. Қорлардың кеңірек тізімін ұсыну бәсекеге қабілеттілікті арттырады және реттеу икемділігін көрсете отырып, әлемдік инвестициялық трендтерге сай болады.

AFSA инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтетін өзгерістерді енгізе отырып, қатысушылардың көбірек санын тарту үшін венчурлық капитал қорларының құрылымын жетілдірді. Қазіргі уақытта венчурлық капитал қорлары биржада бағасы белгіленбейтін компаниялардың акцияларына ерте сатыда инвестициялауға бағдарланған. Өзгерістер мұндай қорлардың халықаралық инвесторларды тартуға ықпал ететін кәсіби клиенттерге арналған шетелдік қорлар ретінде жұмыс істеу мүмкіндігін; бағасы белгіленетін компаниялардың бағалы қағаздары мен пайларын қоса алғанда, инвестициялық опцияларды кеңейтуді; сондай-ақ әртараптандыру мен тиімділікті арттыру үшін Master-Feеder[6] құрылымын енгізуді қамтиды.

Қазіргі уақытта АХҚО Ұжымдық инвестициялық схемалар жөніндегі қағидалары АХҚО қорлар басқарушыларына, шетелдік қорлардың басқарушыларына және ұжымдық инвестициялық схемалардың маркетингімен айналысатын Орталық қатысушыларына қолданылады. Мүдделі тараптар арасында Орталық қатысушыларында лицензияның болуы қажеттілігі туралы туындаған сұрақтарға жауап ретінде қағидаларға тек AFSA тиісті реттелетін қызметті жүзеге асыруға лицензиялаған жеке және заңды тұлғалар ғана Орталық қатысушылары бола алатынын нақтылау мақсатында өзгеріс енгізілді.

АХҚО-ның Жалпы қағидаларына, АХҚО-ның Ұжымдық инвестициялық схемалар жөніндегі қағидаларына және Глоссарийге өзгерістер АХҚО-ның ресми сайтында жарияланған және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Анықтама үшін: 

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 80-нен астам елден 3500-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]


[1] Кредиттік қор – бұл кредиттер, облигациялар және бекітілген тұрақты кірісті бар бағалы қағаздар сияқты борыштық құралдар арқылы қаржыландыру үшін инвесторлардың капиталын біріктіретін инвестициялық құрал. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АХҚО глоссарийінен оқуға болады.

[2] Цифрлық активтер қоры – бұл цифрлық активтерге инвестициялау үшін инвесторлардың капиталын жинақтайтын инвестициялық құрал. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АХҚО глоссарийінен оқуға болады.

[3] Биржалық қор (ETF) – бұл акциялар секілді қор биржаларында саудаланатын инвестициялық қордың бір түрі. Оған акциялар, облигациялар, тауарлық ресурстар немесе басқа бағалы қағаздар сияқты активтердің әртараптандырылған портфелі жатады және белгілі бір индекстің, сектордың немесе активтер класының динамикасын бақылауға арналған. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АХҚО глоссарийінен оқуға болады.

[4] Ақша нарығы қоры – қысқа мерзімді, тәуекелі төмен және өтімділігі жоғары құралдарға инвестиция салатын инвестициялық қордың бір түрі. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АХҚО глоссарийінен оқуға болады.

[5] Инвестициялық токендер қоры немесе жіктелген инвестициялық токендер қоры – бұл негізгі мақсаты инвестициялық токендерге немесе жіктелген инвестициялық токендерге инвестициялауды көздейтін қор. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген, ал ресми анықтаманы АХҚО глоссарийінен оқуға болады.

[6] Master-Feeder құрылымы – бұл «Master Fund» негізгі инвестициялар мен сауда стратегияларын басқаратын инвестициялық қор схемасы, ал бір немесе бірнеше «Feeder Funds» инвесторлардан капитал жинап, оны Master Fund-қа бағыттайды. Бұл анықтама жалпы түсінік үшін берілген және ресми анықтаманы АХҚО глоссарийінен оқуға болады.

AIFC AI assistant