АХҚО-да Құқық академиясының алғаш түлектерін марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті

9 желтоқсан күні АХҚО Құқық Академиясы студенттерін марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті. Елорданың бірнеше жоғары оқу орнының студенттері AIFC Foundations Program for Future Lawyers 2019 курсын тәмамдап, АХҚО Құқық Академиясының алғаш түлектері атанды.

Студенттерді салтанатты марапаттау рәсімі барысында АХҚО Құқық Академиясы Жетекшісі Дэвид Галло аталмыш курсты қазақстандық 4 жоғары оқу орны (ҚГМУ, ЕҰУ, КИМЭП, Назарбаев университеті) мен 2 шетелдік университеттің (University of Edinburgh, BPP University) 54 студенті тәмамдағанын жеткізді. Бірнеше айға жалғасқан дәріс қорытындылары бойынша, курсты 32 студент сәтті аяқтағаны, олардың 11-і оқу бағдарламасын үздік бітіргені белгілі болды.

 «Құқық Академиясы 2019 жылдың қазан айында ғана құрылды. Біз келер жылдың қаңтар айында Академия АХҚО Әкімшілігінің еншілес құрылымы болады деген сенімдеміз. Біз Foundation бағдарламасын аяқтадық, 54 түлектің 28-і қазір осында, олардың 11-і курсты үздік тәмамдады. Біз көптеген іс-шараларды өткіземіз, олардың қатарында құқықтық конфренция, келіссөздер мен ProBono сессиялар бар. Қазіргі уақытті біз тек өкілетті тұлға ғана емес, АХҚО-да тіркелген қатысушы ретінде мойындалатын барлық құқықтық құжаттарды әзірлеуді бітірдік. Келесі жылы біз 13 құқықтық курс пен бағдарламаны ұсынбақпыз. Сол сияқты Astana Finance Days шарасымен қатар өтетін legal week апталығын да өткізбекпіз. Сонымен бірге тәжірибелі заңгерлердің жетістігін де елеп-ескереміз. Олар арнайы комиссияның шешімімен, ҚР мен осы өңірдегі құқықтық тәжірибеге қосқан үлесі арқылы бағаланып, іріклетелін болады», – деді АХҚО Академиялық Кеңесінің Төрағасы Александр Ван де Путт.

Профессордың сөзінше, АХҚО-ның басты міндеттерінің бірі – ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосу болып табылады.

«Келесі жылы бізде АХҚО бойынша 5 экскурсиялық тур болады. Көпшіліктеріңіз АХҚО-ны түрлі органдар мен ұйымдардан тұратын күрделі кешен деп қабылдайсыздар. Егер келіп таныссаңыздар, сіздерге АХҚО-ның қандай ұйым екенін және немен айналысатынын түсіндіретін едік. Мен сондай-ақ АХҚО-ның бас стратегі болып табыламын. Біздің басты міндетіміз – қаржы саясаты мен қызметі арқылы Қазақстан Республикасы мен осы өңірдің экономикасының тұрақты дамуына өз үлесімізді қосу. Бұл ретте ЖІӨ жайлы айтып тұрған жоқпын, әрине ол да маңызды, алайда экономиканы дамыту үшін, бес негізгі капиталды теңестіріп, оларды арттыру керек. Оларға табиғи капитал, өндіріс капиталы, адами, әлеуметтік және қаржылық капитал жатады. Біз ұзақ мерзімді дамуды көздейміз. Сондай-ақ біз 4-ші өнеркәсіптік революциядан кейін, инвестициялар мен инфрақұрылым, цифрлық инфрақұрылымға баса назар аударамыз», – деп сөзін аяқтады профессор Александр Ван де Путт.

Студенттерге сертификаттарды АХҚО Құқық Академиясының Академиялық Кеңесінің мүшесі Игорь Рогов, АХҚО Академиялық Кеңесі төрағасы Александр Ван де Путт және АХҚО Академиялық Кеңесінің мүшесі Бақытжан Әбдірайымов ұсынды.

«Қыркүйек айының басында осы жобаны іске қосқанда, әрине көңілімізде күдік болғанын жасырмаймыз. Қазір жобаның жай ғана емес, толығымен жүзеге асқанын көріп отырмыз. Бұл жобадан мен не алдым деген сауалға тоқталып өтсем. Мен Қазақстан Республикасы атынан Венеция Комиссиясының мүшесі болып табыламын. Елбасы орталыққа келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы АХҚО-ға Академияның не қажеті бар деп сұраған еді. Мен Елбасыға біз тек АХҚО-да жұмыс істеуге қалатын мамандарды даярламаймыз, біз жалпы заманауи заңгерлердің әлемнің барлық құқықтық жүйесінен хабары бар, ағылшын және еуропалық континенталдық құқықтық жүйесін меңгерген маман болуын қалаймыз дедім. Сондықтан бұл курстың болашақ заңгерлерге берері мол деп ойлаймын», – деп түсіндірді Игорь Рогов.

Іс-шараға сондай-ақ АХҚО Құқық Академиясының алғашқы түлектерінен бөлек, ҚГЗУ университеті ректоры Талғат Нәрікбаев, Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы сынды мәртебелі меймандар қатысты.

«Бүгінгі өтіп жатқан шара ЕҰУ-не, жалпы елордада орналасқан барлық оқу орындарына маңызы ерекше. Өйткені, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Құқық Академиясы англиялық құқықтың жаңа бір тәжірибесін үйретеді. Бүгінде біздің университеттің 20-ға жуық студенті курсты бітірді деген куәлік алып отыр. Жалпы мұның маңызы неде? Біз тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл болды. 28 жылдың ішінде жалпы біздің еліміз өркениетті елдердің бәрімен тең құқықты деңгейде қарым-қатынас жасауда. Соның ішінде әлемдік Англия құқығы, Ұлыбритания құқығы деген ұғым, ол аса биік, ауқымды ұғым болып табылады. Осы дүниені біздің жастар қалай меңгеру керек? Екі арада болашақта сауда-экономикалық қарым-қатынастар, мәдени қарым-қатынастар болады, түрлі мәселелер шығуы мүмкін. Осы арада біздің балаларымыз, ұл-қыздарымыз оны жақсы меңгеріп, маман болып шығуын қалаймыз. ЕҰУ-нің бір факультеті заң факультеті, онда балалар түрлі сала бойынша маманданып жатыр. Балалар өз қалауымен осы Ұлыбританияның құқығы жөнінде мағлұмат алып, АХҚО-ға келіп, дәрістер тыңдады. Осы дәріс оқыған азаматтарға, мамандарға, Ұлыбританиядан келген мамандарға рахметімізді айтамыз. Ал жалпы АХҚО-ның ісі, бастамасы, ізденістерін біз қуаттаймыз. Мұндай орталық керек және бұл орталықтың басшылығына, қызметкерлеріне сәттілік, табыс, еңбектерінің жемісін көруді тілейміз», – деді Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.

Салтанатты шара аясында АХҚО Әкімшілігі мен ҚМЗУ және ЕҰУ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат шеңберінде тараптар құқықтық білім беру және өзге де салалар бойынша нақты бастамаларды қолға алып, бірлесе жұмыс жасайтын болады.

AIFC AI assistant