АХҚО жанындағы Ислам қаржылары бойынша халықаралық сарапшылық кеңесінің алғашқы отырысы өтті
Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) жанындағы Ислам қаржылары бойынша халықаралық сарапшылық кеңесінің (бұдан әрі – ИҚХСК) алғашқы отырысы өтті. Исламдық қаржыландыру қаржы орталығының басты бағыттарының бірі болып табылады, кеңестің қызметі оның дамуына мүмкіндік туғызады.
ИҚХСК мүшелері АХҚО-ның исламдық қаржыландыру саласындағы нормативтік құқықтық құжаттарына сараптама жүргізеді, АХҚО алаңына инвесторлар мен жетекші исламдық қаржы институттарын тартуға жәрдемдеседі, сондай-ақ АХҚО-ны исламдық қаржыландырудың орталығы ретінде дамыту стратегиясы мен алға жылжыту мәселелері жөнінде кеңес береді.
ИҚХСК-тің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін осы саланың жетекші халықаралық мамандары шақырылды: Дауд Викари Абдуллах (INCEIF – Халықаралық ислам қаржылары университетінің экс-президенті), профессор Рифаат Ахмед Абдель-Карим (IFSB – Исламдық қаржы қызметтері кеңесінің бұрынғы бас хатшысы), Абделиллах Белатик (CIBAFI – Ислам банктері және институттары кеңесінің Бас хатшысы), Шейх Балал Хан (Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасы мүшесінің исламдық қаржыландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі), доктор Хамед Хасан Мерах (AAOIFI – исламдық қаржы институттарының бухгалтерлік есеп пен аудит жөніндегі ұйымының бұрынғы бас хатшысы), доктор Хуриях Эль Ислами (IMF Халықаралық валюта қорының ислам қаржылары жөніндегі консультанты, Индонезияның хадж жөніндегі Мемлекеттік кеңестің атқарушы комитетінің мүшесі), Мохамед Джамил Берро (БАӘ, Al Hilal Bank Басқармасының бұрынғы төрағасы) және Линар Якупов (Татарстан Премьер-министірінің исламдық қаржы институтарымен қарым-қатынас жөніндегі кеңесшісі).
Отырысты ашу кезінде, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов өзінің сәлемдесу сөзінде АХҚО Қазақстанда исламдық қаржыны дамытуға арналған қолайлы жағдайлар жасауға ниетті екенін атап айтты. Ол, сондай-ақ, АХҚО міндеттерінің бірі ТМД және Орталық Азия елдерінде исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде қалыптасуы болып табылатындығын атап өтті.
ИҚХСК Төрағасы Дауд Викари Абдуллах мырза Кеңестің құрылуы АХҚО-ның алға қойған мақсаттарына жетуге көмектесетінін айтты. «ИҚХСК мүшелері көпжылдық халықаралық тәжірибеге ие және де өңірдегі ислам қаржысын алға жылжыту және дамуға бағытталған сенімді және тұрақты инфрақұрылымын құру жөнінде қажетті сараптаманы жасап бере алады», – деді ол.
Отырыс барысында «АХҚО әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Құсайынов АХҚО-ның қызметімен таныстырып, АХҚО алаңында исламдық қаржы индустриясын дамытудың алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
АХҚО Қаржылық қызметтерді көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (Astana Financial Services Authority – AFSA) Консультанты Прасана Сешачеллам кездесуге қатысушыларды АХҚО-дағы исламдық қаржы институттарын реттеу ерекшеліктері туралы хабардар етті.
Қазақстанда алғашқы мемлекеттік исламдық бағалы қағаздардың (егеменді сукук) шығарылу үдерісі жөнінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры Руслан Мейірханов хабарлады.
ИҚХСК мүшелері АХҚО-ға жаңа қатысушыларды тарту үшін Қазақстанда исламдық қаржыландыру нарығының дамуы, егеменді сукук орналастыру және АХҚО жанынан Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі орталық кеңес құру туралы өз ұсыныстарымен бөлісіп, АХҚО-ның реттеу базасын жетілдірудің ықтимал нұсқаларын қарастырды.
ИҚХСК-тің келесі отырысы Астана қаласында ағымдағы жылдың шілде айында АХҚО-ның ресми тұсаукесері және Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумы (WIEF) шеңберінде өтеді.
Сұраулар:
АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО, сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.