АХҚО Жасыл қаржы орталығы ұйымдастырған вебинарда банктердегі ESG тәуекелдерінің интеграциясы және қаржы институттарының тұрақты даму туралы ақпаратты ашуы талқыланды
2023 жылғы 24 қазанда Орталық Азияға арналған Жасыл инвестициялар қағидаттарының (GIP) Өңірлік кеңсесі (АХҚО Жасыл қаржы орталығы), АХҚО әкімшілігі және Еуразиялық даму банкі бірлесіп банктер мен қаржы мамандары үшін «ESG тәуекелдерін интеграциялау және банктердегі орнықты даму туралы ақпаратты ашу» вебинарын өткізді.
Вебинар экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) саласындағы және банктердегі климаттық тәуекелдерді интеграциялау, сондай-ақ қаржы институттарындағы орнықты даму туралы ақпаратты ашудың тәсілдері жөнінде аймақтық тәжірибе алмасуға арналған платформа ұсынды. Іс-шараға Орталық Азия мен Моңғолиядан қаржы және банк саласының 100-ге жуық маманы қатысты.
АХҚО әкімшілігінің Өнімдерді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов қаржы секторының ESG мәселелеріндегі қажеттіліктердің тез өзгеруіне байланысты қысымының артып келе жатқанын, сондай-ақ қаржы институттарының, әсіресе банктердің орнықты дамумен байланысты тәуекелдер мен мүмкіндіктерді ашуының маңыздылығын атап өтті.
Даму қорының, Моңғолияның Сауданы дамыту банкінің, Қазақстан Халық банкінің және Моңғолияның даму банкінің өкілдері ESG тәуекелдерін есепке алу және ашу тәжірибесі туралы айтып берді.
Шығарындыларды қаржыландыру әдістемелері вебинарда қарастырылған тағы бір тақырып болды, онда Көміртегі шығарындыларын қаржылық есепке алу жөніндегі серіктестіктің (PCAF) әдістемесі ұсынылды және Ping An Group, Standard Chartered және Ernst & Young өкілдері тақырып бойынша өз тәжірибелері мен идеяларымен бөлісті.
Еуропа, Скандинавия елдері және DACHLI (Германия, Австрия, Швейцария, Лихтенштейн) елдері бойынша Көміртегі шығарындыларын қаржылық есепке алу жөніндегі серіктестіктің (PCAF) аймақтық басшысы Марко Тормен қаржы институттары қаржыландыратын шығарындыларды өлшеудің маңыздылығын айта келе «Жаһандық қаржы институттарының, мысалы банктердің портфельдік шығарындылары олардың тікелей шығарындыларынан орта есеппен 700 есе көп» екенін атап өтіп. Ол сондай-ақ Қаржы саласы үшін парниктік газдар шығарындыларын есепке алу мен есеп берудің жаһандық стандартын жаңа активтер кластарын қосу арқылы одан әрі дамыту бөлігіндегі PCAF-тың болашақ жоспарларымен бөлісті. Қамту ауқымы Орталық Азияға кеңеюі арқылы қатысушылар саны да 2025 жылдың соңына қарай 1000-ға дейін өсуі керек (қазір 72 елден 442 ұйым қол қойған). 2021 жылдың қазан айынан бастап Климатпен байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі жұмыс тобы (TCDF) банктер, активтер иелері және активтерді басқарушылар өздері қаржыландыратын шығарындылар туралы ақпаратты өлшеу және ашу үшін пайдалана алатын стандарт ретінде PCAF-ты ресми түрде ұсынады.
Спикерлердің айтуынша, қосымша ақпарат, соның ішінде Бейжің қаржы және орнықты даму институтының әлеуетін арттыру жөніндегі жаңа бастама туралы хабарландыру 2023 жылы өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP28) барысында жарияланады. Бұл вебинар өңірдің қаржы институттарына олардың өтпелі жолдарында қолдау көрсету мақсатында Орталық Азиядағы GIP Өңірлік кеңсесінің әлеуетін арттыру жөніндегі бағдарламаның бөлігі болып саналады.