AFSA стейблкоиндер шығару үшін реттеуші базаны енгізбекші

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) стейблкоиндер қызметімен байланысты жаңа кешенді реттеу базасын ұсынды. Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Реттеуші база АХҚО-ның цифрлық активтер қызметіне байланысты қағидаларына маңызды толықтыру болып саналады. База орталықтың юрисдикциясындағы цифрлық активтер экожүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған.

Реттеуші база шеңберінде AFSA тек бір валютамен қамтамасыз етілген фиаттық stablecoin шығаруға рұқсат береді. Оларға он валюта тобы (Австралия, Жаңа Зеландия, Канада долларлары, Британ фунты, еуро, жапон иенасы, норвегиялық және швед кроналары, швейцариялық франк және АҚШ доллары), Қытай валютасы және AFSA-мен келісілген өзге де ақшалар кіреді. Құқықтық база негізгі валюталар, капиталға қойылатын талаптар, өндіріп алу құқықтары, резервтік активтердің құрамы және ақпаратты ашуға қойылатын талаптар сияқты маңызды аспектілерді қамтиды.

Жаңа реттеуші жүйе Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесті, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымын, Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетін, Төлем және нарықтық инфрақұрылымдар жөніндегі комитетті, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобын және Халықаралық есеп айырысу банкін қоса алғанда жаһандық стандарттарды белгілейтін органдардың ұсыныстарына сәйкес әзірленді.

Сонымен қатар, тұжырымдаманы әзірлеу кезінде жетекші реттеуші органдардың үздік тәжірибелері және жария немесе мақсатты консультациялар барысында алынған әрекеттегі әрі әлеуетті қатысушылардың пікірлері ескерілді.

Соңғы жылдары сандық активтер экожүйесінде стейблкоиндерді қолдану едәуір өсті. 2023 жылғы маусымдағы жағдай бойынша барлық санаттағы стейблкоиндердің жалпы нарықтық капиталдандыруы 127,59 млрд долларды құрайды. Соның ішінде фиаттық стейблкоиндері басым, олардың нарықтық капиталдандыруы 119,79 млрд-тан асады. Олар нарықтық капиталдандыру бойынша да, сауда көлемі жағынан да нарық үлесінің көп бөлігін құрайды. АХҚО «реттеуші құмсалғышындағы» stablecoin саудасының көлемі жалпы цифрлық активтер саудасының басым бөлігін қамтиды.

Стейблкоиннің басты ерекшелігі — оның басқа сандық активтерге қарағанда құбылмалылығы аз. Бұл оған сандық активтер экожүйесінде құнды беру құралы ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Алайда, соңғы оқиға, атап айтқанда 2022 жылдың мамырындағы ең үлкен алгоритмдік стейблкоиннің күйреуі, олардың да тиісті бақылау жүйелерін қажет ететін тәуекелдері бар екенін көрсетті. Осылайша, тиісті реттеуші базаны енгізу АХҚО-да цифрлық активтердің қауіпсіз әрі ашық ортасын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Өз іс-әрекеттерін әлемдік стандарттарға сәйкестендірумен бірге жетекші реттеушілердің озық тәжірибесін ескере отырып, AFSA цифрлық активтер саласындағы инновациялар мен даму үшін қолайлы экожүйені құруға мүдделі екенін жеткізеді.

 

 

Анықтамалық ақпарат

Қаржылық тұрақтылық кеңесі (FSB) stablecoin-ді «белгілі бір активке, пулға немесе активтер қоржынына қатысты тұрақты құнды сақтауға бағытталған криптоактив» ретінде  анықтайды.

AIFC Глоссарийіне енгізілген толықтыруларға сәйкес, Фиаттық стейблкоин дегеніміз құны фиаттық валютаға немесе фиаттық валюталардың себетіне қатысты анықталатын сандық актив.

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы»  Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі болып табылады. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 78 елден 2200-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

 

Байланыс үшін:

Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

AIFC AI assistant