«Астана» халықаралық қаржы орталығы 2023 жылдың қорытындысын жариялады
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2023 жылғы қызметінің нәтижелерін көпшілікке ұсынды. АХҚО Орталық Азия өңірінде және Шығыс Еуропада (Global Financial Centres Index рейтингіне сәйкес) көшбасшылықты сақтап, бизнес ашу әрі жүргізу, іскерлік орта тудыру, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту үшін тиісті қолайлы құқықтық, реттеуші ортаның және дамыған инфрақұрылымы бар екенін тағы да дәлелдеді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров Орталық инвестицияларды тарту бойынша мерзімінен бұрын нәтижеге қол жеткізіп, алдына жаңа мақсаттар қойып отырғанын алға тартты: «Қазірдің өзінде АХҚО арқылы ел экономикасына 10,9 млрд АҚШ доллардан астам қаражат тартылды, оның ішінде AIX биржасы арқылы — 4,6 млрд және қатысушылардан 6,3 млрд инвестиция тартылды, осылайша орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында қойылған міндет орындалды. Орта мерзімді перспективада біз инфрақұрылымды дамытуды жалғастырамыз және нарыққа көміртегі квотасы нарығы, тұрақты қаржыландыру сияқты сұранысқа ие құралдарды ұсынатын боламыз».
Биыл АХҚО-да 600-ден астам жаңа қатысушы компаниялар тіркелді, олардың жалпы саны әлемнің 78 елінен 2 300-ден астам компанияны құрады. Қаржы орталығы қызметінің барлық кезеңінде АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 68,5 млрд теңге көлемінде салық төлеп үлгерді.
2023 жылы әсіресе көлік, логистика, агроөнеркәсіптік және өндіруші кешендер, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), IT-сала сияқты бағыттар едәуір жақсы дамыды. Орта дәліз жобасы бойынша «ҚазМұнайГаз» еншілес құрылымы Аbu Dhabi Ports Group-пен бірлесіп АХҚО-да Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнын тіркеді. Екі ірі танкер Ақтау портына келді. ҚТЖ Грузия мен Әзірбайжанның ұлттық компанияларымен бірлесіп Орта дәліздің құрлықтағы жобаларына инвестиция салу үшін ортақ кәсіпорын құрды. «Самұрық-Қазына» қоры АХҚО қытайлық қатысушы-компанияларымен бірлесіп жел генерациясын құруда.
AIX-те қарыз құралдары нарығы оның 56 листингі арқылы рекордтық өсуді көрсетті, тартылған капитал 2023 жылы 1,95 млрд АҚШ долларынан асты. 7 үлестік құрал орналастырылды, оның ішінде AIX ресми тізіміне «KEGOC» АҚ акциялары енгізілді.
2023 жылы қазақстандық және еуропалық 14 брокер мен кастодиан AIX мүшелері атанды. Сонымен қатар, 2023 жылы Aстана халықаралық биржасында сауда-саттық көлемі 2022 жылғы 173 миллион доллармен салыстырғанда жаңа рекордты, яғни 510 миллионды көрсетті (21.12.2023 жылғы жағдай бойынша). AIX орталық депозитарийіндегі жеке шоттардың саны 1,5 млн-нан асты, ал қараша айында биржадағы сауда-саттықтың 61 пайызы шетелдік инвесторлар тарапынан жасалды.
Polymetal International ірі компаниясын Джерси аралынан АХҚО юрисдикциясына көшіріп қайта құру маңызды оқиғалар қатарына кірді. Компания өз акцияларының бастапқы листингін Лондон қор биржасынан AIX биржасына көшірген алғашқы эмитент ретінде тіркелді. Көшіру нәтижесінде ірі жаһандық кастодиан банктер AIX депозитарийіне қол жеткізді.
Активтер мен қорларды басқару секторына қызығушылық артып келеді. Бұл өсім АХҚО басқаруындағы активтер көлемі (AUM) сияқты кейбір негізгі көрсеткіштерде көрініс табуда. Ол 82%-ға өсіп, 2023 жылдың басындағы 585 миллионнан рекордтық 1 миллиард АҚШ долларына жетті. Тіркелген қорлардың саны 2023 жылы 20-дан 37-ге дейін өсті. Басқарудағы инвестициялық қорлар активтерінің көлемі 616 млн долларды құрады.
Инвестицияларды тартуға жәрдемдесу үшін АХҚО Қазақстанның қаржы нарығында бұрын болмаған жаңа өнімдер мен қызметтерді дамытуды жалғастыруда. Мәселен, 2022 жылдан бастап 2023 жылғы қарашадағы деректер бойынша АХҚО криптобиржаларының қазақстандық банктермен өзара әрекеті жөніндегі пилоттық жоба шеңберіндегі транзакциялар көлемі шамамен 220 миллион долларды құрады. Тек 2023 жылы сауда-саттық көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 104 есеге өсіп, 217 млн АҚШ долларынан асты, ал клиенттер саны 6,7 есеге өсіп, тұтынушы саны 41 384 жетті. АХҚО краудфандингтік платформалары жалпы сомасы 35 млн АҚШ долларынан асатын 300-ден астам жобаны қаржыландырды. Биылғы жылы 14,3 млн долларға 150 жоба қаржыландырылды. Жобалар IT, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызметтер, өндіріс және машина жасау сияқты салаларды қамтиды. Мұндай кең қызығушылық краудфандингтің шағын және орта бизнесті қаржыландырудағы рөлін көрсетеді.
2023 жыл ішінде АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) АХҚО-да қаржылық қызметтер көрсететін 20 компанияға рұқсат берді. Сондай-ақ, 7 ASP кеңесшісі (көмекші қызметтерді жеткізушілер) тіркелді, мұндай компаниялардың жалпы саны 116-ға жетті.
2023 жылы әлемдегі 9 реттеушімен келісімдер жасалды, оның ішінде Кайман аралдары, Қырғызстан, Люксембург, Моңғолия, Оман, Ресей, БАӘ, Мажарастан және Өзбекстан елдері бар. Ынтымақтастық бойынша өзара келісімдердің жалпы саны 53-ке жетті.
Ағымдағы жылы Қазақстанның FATF/ЕАG өзара бағалау рәсімінен өтуі бойынша жоба аяқталды. Бұл нәтижеге жетуге АХҚО арнайы юрисдикция ретінде өз оң әсерін тигізді. Есепке сәйкес, АХҚО юрисдикциясы ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес деп бағаланды, ал АХҚО тәуелсіз реттеушісі — AFSA ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында реттеудің дамыған режимі бар тиімді орган ретінде бағаланды. Қазақстан 2026 жылы бағалаудың келесі кезеңіне дейін стандартты мониторингте орын алады.
АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) дауларды шешу үшін беделді және тиімді алаң ретінде танылды. 2023 жылы АХҚО соты мен ХТО істердің рекордтық санын сәтті шешіп, орындады: 38 сот шешімін, 191 төрелік шешімді және 507 медиативтік реттеуді қамтитын жалпы 736 іс қаралды. АХҚО сотының төрағасы болып Лорд Бернет Мэлдонский, ал ХТО төрағасы болып Томас Крюммель тағайындалды. АХҚО сот отырысы залдары 8 елде ашылды: Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия және Түрікменстанда. Сондай-ақ, жұмыс істеген жылдары 30 елден 566 заңгер істерде тараптардың атынан өкілдік ету үшін АХҚО сотына тіркелді.
АХҚО дамуының басым бағыттарының бірі жасыл қаржыландыру болып табылады. АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) жұмысының арқасында Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде жасыл қаржының жаһандық рейтингінде (GGFI) 1-ші орынды иеленді.
Жыл қорытындысы бойынша еліміздегі «жасыл» облигациялар мен несиелердің 60%-дан астамы ЖҚО қолдауымен берілді.
2020 жылы орнықты даму нарығы іске қосылған сәттен бастап және 2023 жылдың соңына дейін облигациялар орналастырылып, жалпы сомасы 236,5 млрд теңгеге кредиттер берілді. 2023 жылы 64,7 млрд теңгеге тұрақты облигациялар шығарылды. «Онлайн ҚазҚаржы МҚҰ» АҚ (Solva) компаниясы ҚР-дағы микроқаржы ұйымдарының арасында алғаш болып дебюттік гендерлік облигациялар шығарды.
ЖҚО қолдауымен Қазақстанда «KazWindEnergy» ЖШС компаниясының 3 млрд теңге сомасына субсидияланған жасыл облигациялар шығарылымы алғаш рет орналастырылды. Орналастыру шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде «Даму» қорының бағдарламасы бойынша өтті.
7 млрд теңге сомасына Сlimate Bonds стандарты бойынша сертификатталған алғашқы жасыл облигациялар орналастырылды, Қазақстан Даму Банкі эмитент болды. АХҚО алаңында «Алматы электр станциялары» АҚ мен Еуразиялық даму банкі арасында Алматы ЖЭО-3 Қайта құру жобасы туралы келісімге қол қойылды. Жоба жалпы көлемі 236,8 млрд теңгеге дейінгі Орталық Азиядағы алғашқы SLB (орнықты дамуға байланысты облигациялар) шығару арқылы іске асырылатын болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция.