Астана қаржы орталықтары рейтингінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылықты сақтап қалды

Global Financial Centres Index (GFCI37) жаһандық қаржы орталықтарының 2025 жылғы 20 наурызда шығарылған рейтингісіне сәйкес Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде көшбасшы позициясын сақтап қалды. Астана Таллин, Кипр, Рига, Алматы, Варшава, Прага, Ыстамбұл сияқты қаржы орталықтарын басып озып, екі жыл бойы өңірде көш бастап келеді. Жалпы рейтингте Астана әлемнің 119 қаржы орталығының ішінен 64-орынға ие болды.
GFCI рейтингі әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының жетістіктерін көрсететін жылына екі есеп шығарады. GFCI рейтингі қаржы орталықтарын бағалаудың әлемдік стандарты саналады және Шэньчжэньдегі Қытай даму институты (CDI) мен Лондондағы Z/Yen Partners арасындағы серіктестік негізінде шығарылады. Бұл рейтинг бизнес-ортаны, қаржы секторын, инфрақұрылымды, адами капитал мен қалалардың беделін қоса алғанда, қаржы орталықтарын әртүрлі өлшемшарттар бойынша жан-жақты бағалауды білдіреді.
Global Financial Centres Index (GFCI) отыз жетінші шығарылымында 133 қаржы орталығына талдау жасалды, олардың 119-ы негізгі индекске кірді. Қаржы орталықтарының рейтингі 140 макроэкономикалық көрсеткішке, GFCI онлайн-сауалнамасының 4,9 мыңнан астам респондентінен алынған 31 мыңнан астам бағалауға негізделген. Макроэкономикалық деректерді Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқалар ұсынады.
Астана алғаш рет GFCI рейтингіне 2018 жылдың наурыз айында енді. Қаланың осы рейтингке қосылуы Орталық Азияда да, одан тыс жерлерде де компанияларды дамытуға арналған экожүйені ұсына отырып, инвесторлар мен бизнес үшін қаржылық хаб ретінде әрекет ететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жұмыс істеуінің нәтижесі болды.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz