Астанада Инвесторлар күні Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO) аясында өтуде
6 қазанда Астанада АХҚО Үзіліссіз кәсіби даму бюросы ұйымдастыруымен АХҚО өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысқан Инвесторлар күні конференциясы өтті.
Іс-шара инвесторлардың мүдделерін қорғау бойынша инвестициялық сауаттылықты дамытуға, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталды және IOSCO аясындағы Дүниежүзілік инвесторлар күні 2018 (WIW) шеңберінде АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетімен AFSA) бірлесе Астанада алғаш рет өткізіліп отыр. Конференция барысында Ұлыбританияның, Австралияның, Францияның, Италияның сарапшылары таныстырылымдар, ақпараттық сессиялар, Қазақстанның қаржы нарығы үшін өзекті тақырыптар бойынша семинарлар мен дәрістер өткізді. Конференция қатысушылары сондай-ақ АХҚО Бюросының беделді кәсіби халықаралық сертификаттау бағдарламаларымен танысты.
Инвесторлар күнінің маңызды оқиғаларының ішінде Астанада қаржылық және инвестициялық секторлардағы кәсіпқойлар үшін дүниежүзілік кәсіби ұйым болып табылатын Британдық Корольдік бағалы қағаздар институтының (CISI) бірінші Емтихан орталығын ресми ашу болды. Бұл іс-шара АХҚО Бюросының базасында бағалы қағаздар мен инвестициялар саласындағы әлемдік деңгейдегі жоғары класты мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
WIW-2018 жаһандық бастамасын қолдау үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен АХҚО Бюросы Қазақстанның бірқатар ірі қалаларында, атап айтқанда Астанада, Алматыда, Шымкентте, Атырауда, Қарағандыда, Қостанайда және Өскеменде тақырыптық іс-шаралар өткізді. Халықтың қаржылық және инвестициялық сауаттылығының деңгейін көтеру мақсатында академиялық және іскери топтармен кездесулер өткізілді. Жалпы ақпараттық науқан бар ел бойынша 7 қаланы, 15 университетті, 5 мектепті және 10-нан астам бизнес-сайттарды қамтыды. Дүниежүзілік инвесторлар күні екінші рет өткізіліп отырғанын және алты құрлықтағы 80 юрисдикцияны қамтығанын атап айтқан жөн.
Дүниежүзілік инвесторлар күнінің негізгі міндеті – білім мен инвесторларды қорғаудың маңыздылығын атап көрсету, сондай-ақ инвесторлар үшін заманауи жылдам өзгеріп жатқан қаржылық-технологиялық және инновациялық ортада ұсынылатын оқыту мүмкіндіктерін кеңейту.
Іс-шараға төмендегі сарапшылар қатысты:
Профессор Паскуале Мунафо, IOSCO 8 Бөлшек инвесторлар жөніндегі комитет Төрағасының орынбасары, IOSCO
Ернұр Рысмағамбетов, Басқарушы директор, Басқарма мүшесі, АХҚО
Сердар А. Гюнер, Бас Реттеуші Офицер, АФСА
Джордж Литлджон, Chartered Institute for Securities & Investment Аға кеңесшісі, EMF серіктесі
Алек Трпкоски, Инвестициялар жөніндегі аға заңгер, BlackPearl Capital Partners
Нұрсұлтан Серікбай, АХҚО Үзіліссіз кәсіби даму бюросының Басшысы
Анықтамалық ақпарат:
2018 жылғы Дүниежүзілік инвесторлар күні (WIW-2018) Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы IOSCO аясында 2018 жылғы қазанның 1-нен 7-не дейін әлемнің 80 елінде өткізіледі. Апта бойы 6 құрлықтың 80-нен астам қаржы реттеушілері мен қаржы нарығының мүдделі қатысушылары инвестициялау негіздері мен қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау туралы ақпараттандыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізеді.
АХҚО Үзіліссіз кәсіби даму бюросы активтерді басқару, аудит және бухгалтерлік есеп, тәуекелдерді басқару, исламдық және жасыл қаржыландыру салаларында CFA, ACCA, FRM, BIBF және басқалар сияқты халықаралық кәсіби сертификаттауды ілгерілетуге, сондай-ақ адами ресурстарды дамытуға және АХҚО экожүйесінде және одан тыс жұмыс істеу үшін қаржы нарығының халықаралық деңгейдегі жергілікті мамандар пулын қалыптастыруға, сонымен қатар тақырыптық іс-шаралар арқылы инвестициялық сауаттылықты көтеруге маманданады.