Қазақстан үшін жасыл жобалардың жіктемесі жасалады

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында Қазақстан Республикасы үшін жасыл жобалардың таксономиясын жасау жөнінде семинар өтті.

Іс-шараға АХҚО әкімшілігінің Басқарушы директоры Айдар Қазыбаев, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктерінің, Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері, сондай-ақ доктор Ма Джун бастаған халықаралық сарапшылар тобы қатысты. Доктор Ма Джун – Қытайдың жасыл қаржы жүйесін жасаушы, Қытай Халық банкі Төрағасының арнайы кеңесшісі және Қытай Жасыл қаржы комитетінің төрағасы. Доктор Ма Джун сонымен қатар Қытай мен Моңғолия үшін жасыл жобалардың таксономиясын жасауға қатысуда.

Аталған семинардың мақсаты – Қазақстан Республикасы үшін жасыл банктерді қаржыландыру және сақтандыру бойынша жасыл жобалардың егжей-тегжейлі таксономиясын (жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып) әзірлеу.

 «Жасыл таксономия – бұл жасыл қаржыландыруды дамытудың негізі, өйткені бұл экономикалық қызмет түрлері мен тұрақты және экологиялық жобалар санаттарын жіктеудің бірыңғай жүйесі. Егжей-тегжейлі жіктеу қаржы жүйесінің барлық қатысушылары үшін ортақ және түсінікті болмақ, өйткені ол жобаның мәнін анықтау бойынша инвесторлардың, экологиялық тазалығы деңгейі бойынша әзірлеушілердің, сондай-ақ жасыл қаржы ағындарын анықтайтын және ынталандыратын қаржы реттеушілерінің талаптарына сәйкес келеді», – деді Айдар Қазыбаев.

 «Жасыл қаржының, оның ішінде жасыл банктер мен жасыл облигациялардың тиімді нарығын құру үшін жасыл таксономия, ақпарат ашу, қаржы өнімдері мен ынталандырудан тұратын экожүйе болуы керек. Қазақстан жасыл және тұрақты қаржыға арналған ғажап жол картасын әзірледі. Қытайдың Жасыл қаржы комитеті мен Цинхуа университетіндегі менің командам біздің Қазақстандағы әріптестерімізге, әсіресе жасыл таксономия және оны қолдану саласында көмектесуге дайын», – деді Ма Джун.

Сондай-ақ семинар шеңберінде сарапшылардың Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдерімен екіжақты кездесулері өтті, олардың барысында елдегі жасыл жобаларды жіктеу тұрғысынан қазіргі жетістіктерді бағалау және түсіну мәселелері талқыланды.

АХҚО Биржасы бұған дейін Жасыл облигацияларды шығару қағидаларын қабылдағанын атап айтқан жөн. Бұл Қағидалар жасыл облигациялар эмитенті үшін АХҚО Биржасына қол жеткізу және ақпаратты ашу кезінде сақталуы міндетті талап болып табылатын жасыл жобалар санаттарын анықтайды. Бұл жіктеме Climate Bonds Initiative-те келтірілген Climate Bonds Жасыл Облигациялар мен Таксономияның Халықаралық Қағидаларына (Жіктемесіне) негізделген.


Анықтамалық ақпарат:

АХҚО туралы: «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО-ның мақсаты – қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. Міндеттеріне ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету жатады. www.aifc.kz

Climate Bonds Initiative туралы: Инвесторларға бағдарланған және климаттың өзгеруі мәселелерін шешу үшін облигациялар нарығын жұмылдыруға ғана жұмыс істейтін халықаралық коммерциялық емес ұйым. СВІ нарықты ақпараттандыру және ынталандыру бойынша жұмыстар атқарады, саясат үлгілері мен үкіметтік ұсынымдар, нарықтық деректер мен талдаулар береді, сондай-ақ Климаттық облигациялар стандарттарының жүйесі мен сертификаттауын басқарады. Қосымша ақпарат алу үшін www.climatebonds.net сайтын қараңыз.

AIFC AI assistant