Қазақстандық стартап жоба АХҚО Финтех хабы алаңында Швейцарияға жолдама алды

Елордада 21-22 қараша күндері «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ғимаратында Seedstars Summit CEE 2019 саммиті өтті. Оған әлемнің 20 елінен 200-ден астам қатысушы қатысты.

Айта кетерлігі, саммит қатысушылары Seedstars Global Winner сайысына жолдама алу үшін бақ сынады. Seedstars Summit CEE 2019 саммитінің АХҚО-ның Финтех хабында өткізілуі тегіннен тегін емес. Себебі, АХҚО Финтех хабы дүниежүзілік стартаптар, кәсіпкерлер, инвесторлар, индустрияның жетекші сарапшылары мен мамандары түйісетін бірден-бір орын болып табылады. 

Биылғы жылы Seedstars Summit CEE 2019 саммитін өткізу үшін ұйымдастырушылар Нұр-Сұлтан қаласын ресми түрде таңдаған. Осыған орай, саммиттің алғашқы күні елорда әкімі Алтай Көлгінов аталмыш жиында бой көрсетті. Саммитте алғашқылардың бірі болып сөз алған ол, қатысушыларға табыс тілеп, Нұр-Сұлтан қаласының «ақылды қала» атануы үшін қолға алынып жатқан жұмыстар легіне тоқталды. 

«Бүгін саммитке қатысқан сарапшыларға алғыс айтқым келеді. Біз үшін мұндай шараларға қолдау көрсету өте маңызды. Күні кеше ғана біздің делегация Барселонадағы Smartcity конгресіне қатысты. Біз цифрландыруға қатысты көптеген идеялармен танысып, жаңа стартап-жобалардың куәсі болдық. Сондай-ақ, біз Минскіде жоғары технологиялар паркін де көрдік. Бүгінгі күні біз Нұр-Сұлтан қаласында Smart City конгресін ұйымдастыру туралы келісімге келдік. Өздеріңіз көріп отырғандай, тұруға, бизнеспен айналысуға және инвестиция құюға қолайлы қала жасау біз үшін қашан да маңызды. АХҚО базасында елордада Халықаралық Арбитраж орталығы бар – ол инвесторлардың құқығы қорғалатындығының кепілі болып табылады. Осы шарада сіздерге сәттілік, сенімді серіктес тілейміз», – деді елорда әкімі. 

Жеңімпаздар анықталатын басты күннің алдында арнайы буткемп өткізіліп, онда 18 стартапқа бизнесті қалай кеңейту керектігі үйретілді. Ал одан кейін инвесторлар форумы ұйымдастырлды. Онда стартаптар Арай Бекембаева (Болт), Алена Ткаченко (Номми), Қайрат Қалиев (АХҚО), Летиция Монте (Phillips Health Systems), Патрик Бостилс (Stage-Co), Джозеф де Леон (Gravitas Prime), Арсалан Альфред Ни (AV Ventures), Александр Бондарев (Credo Ventures), Амбарцум Кагкецян (SmartGateVC) сынды жетекші жергілікті, халықаралық менторлар және инвесторлармен 250-ден астам жеке кездесулер өткізді.

Әлемнің үздік стартаперлері бас қосқан жиында дүниежүзілік компаниялардың, бизнес-инкубаторлар мен венчурлық қорлардың спикерлері де қатысты. Олардың арасында әйгілі Amazon-нан Ричард Пол Готье (АҚШ), Urban Impact-тан Йонас Шорр (Германия), ChocoFamily-ден Рамиль Мухориапов (Қазақстан), CleverBooks-тен Дарья Егорина (Ирландия), EFMA және Google Developers-тен Рудрадеб Митралар (Польша) болды.  Олар стартаперлерге өздерінің табысқа жету құпиясымен бөлісіп, қатысушыларға инвестиция тартуға қатысты құнды кеңестер берді. 

Осылайша, екі күнге жалғасқан саммитте жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында Lingwing (Грузия), Biometric (Қазақстан), iHotel LLC (Монғолия), StudyFree (Ресей), FOM (Өзбекстан), Jeff (Латвия), Velvioo (Армения), Skyworker (Украина) болды. Олар Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін Seedstars 2020 саммитінде аймақтың атынан қатысады және Seedstars ғаламдық жеңімпазы атағын, сондай-ақ акционерлік капиталға 500 000 АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестицияны иеленуде бағын сынайды.

Жеңімпаздар қатарынан табылған қазақстандық Биометрик жобасының техникалық директоры Азамат Ғалымжанов жобаға қатысты өз ойын ортаға салды. 

«Біз саусақ іздері мен адамның келбеті арқылы биометрикалық модификация жасаумен айналысамыз. Нақтырақ айтатын болсақ, микронесие, ақша аударымдары, валюта айырбасы және өзге де қаржылық операциялармен айналысамыз… Біз келесі кезеңге өткен сегіз стартаптың бірі атандық. Осылайша, біз командамызбен Швейцарияға аттанбақпыз. Бұл бізге 500 мың АҚШ доллары және бірінші орынға таласу үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. Алайда бізге маңыздысы инвесторлармен байланыс орнату болып табылады. Үш күн ішінде біз менторлардың бірімен байланыс орнатып, филиппиндік инвестор тіпті біздің жобаға деген қызығушылығын білдірді. Енді біз онымен байланысымызды үзбей, аталмыш бизнесті Филиппинде дамытамыз деген үміттеміз. Сол сияқты Бразилия тарапынан да біздің жобаға қызыққандар табылды. Біздің жоба қазірдің өзінде Алматыда жұмыс істеп тұр, онда 10 аппарат жұмыс жасауда. Біз оларды тіпті Бішкекке апарып та үлгердік. Былтырғы жылдың тамыз айынан бастап біздің 15 мыңнан астам қолданушымыз бар. Қазір ай сайынғы табысымыз 10 млн теңгені құрап отыр. Біз, сондай-ақ, Қазақстан темір жолымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз процестердің барлығын терминал арқылы автоматтандырамыз. Ол жалға алатын ғимарат пен адам еңбегіне кететін шығын көлемін азайтады. Әзірге біздің стартапқа балама кездестірмедім», – дейді ол. 

Еске сала кетейік, саммитті ұйымдастырушылар және оған қолдау көрсеткендер қатарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Astana Innovations,  АХҚО Финтех Хабы, VAUD және жергілікті серіктестер: Швейцария елшілігі, Seedspace Nur-Sultan, MOST, сондай-ақ  «Азия Уотер», «Улькер», «Паскуччи» бар. Жеңімпаздар Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін Seedstars 2020 саммитінде бақ сынайтын болады. 


Сұраулар:

АХҚО

“Астана” Халықаралық Қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты-халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестицияларды өсіру үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz

АХҚО Финтех Хабы 

АХҚО Финтех хабы – дүниежүзілік стартаптар, кәсіпкерлер, инвесторлар, индустрияның жетекші сарапшылары мен мамандары түйісетін орын. АХҚО-дағы финтехті дамытуға осы салада шешім қабылдау және өнімді сынауға мүмкіндік беретін арнайы әзірленген ережелер мен реттеуші, жергілікті және халықаралық серіктестік, таланттарды дамыту, стартаптарды қолдау бағдарламалы жатады. www.aifc.kz,  www.fintech.aifc.kz 

SEEDSTARS

Seedstars – швейцариялық жекеменшік компаниялар тобы болып табылады. Оның мақсаты – дамушы нарықтағы адамдар өміріне технологиялар мен кәсіпкерлік арқылы әсер ету. Seedstars қызметі 80-ге жуық дамушы экожүйені қамтиды. Олардың ішінде Seedstars World Competition, акселераторлық бағдарламалалар, Seedspace венчурлік инвестициялар мен компанияларды құру жөніндегі қызмет сияқты түрлі іс-шараларды ұйымдастыру жұмысы да бар.  

AIFC AI assistant