ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы АХҚО-ға барды
Төраға Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясы «Астана» халықаралық қаржы орталығына (бұдан әрі – АХҚО, Орталық) барды. Делегацияны АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов қарсы алды.
Сапар барысында қонақтарға Орталықты одан әрі дамыту, АХҚО Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен және т. б. өзара іс-қимыл туралы ақпарат ұсынылды. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы АХҚО Соты және Халықаралық төрелік Орталық, Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөнідегі комитеті, Жасыл қаржы орталығы, Тех хаб, Экспат орталығы, АХҚО Биржасы сияқты орталық органдары мен ұйымдары қызметінің негізгі нәтижелерімен танысты.
Бүгінгі таңда АХҚО алаңы арқылы тартылған инвестициялар көлемі $6,95 млрд құрады, оның ішінде $2,47 млрд – портфельдік инвестициялар, $4,48 млрд – АХҚО қатысушыларының инвестициялары. Орталықтың юрисдикциясында әлемнің 65 елінен 1500-ден астам компания тіркелген.
Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау шеңберінде одан әрі өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.
Анықтама:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.