Өтпелі қаржыландырудың жалпы тәсілдері: CОР28-де Орталық Азия үшін сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды

Ағымдағы жылдың 4 желтоқсанында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы COP28 тараптарының конференциясы аясында Орталық Азия павильонында өтпелі кезеңді қаржыландыру бойынша семинар өтті. Іс-шара кезінде дамушы елдер үшін өтпелі қаржыландыру бойынша негіздемелік тәсілдердің таныстырылымы, Орталық Азияға арналған өтпелі қаржыландыру бойынша панельдік пікірталас, сондай-ақ «Даму» қорының Белдеу мен Жол жобасына арналған жасыл инвестициялар қағидаттарына (GIP) қол қою рәсімі өтті.

Маңызды жиынға Тұрақты даму қаржы орталықтары халықаралық желісінің (FC4C), GIP, Өңірлік әрі халықаралық қаржы институттарының және Үкіметтік емес ұйымдардың беделді мүшелері қатысты.

Өтпелі қаржыландырудың негізгі проблемаларының бірі жеке сектор тарапынан декарбонизация қызметін қаржыландырудың болмауы болып саналады. Бұл өз кезегінде әртүрлі кедергілерге байланысты, сондай келеңсіздіктерге өтпелі қызметтің нақты анықтамасының болмауы, шығарындыларды тиімдірек азайту үшін ынталандыруды қамтамасыз ететін қаржы құралдарының жетіспеушілігі, сондай-ақ үлгі етіп көрсетерлік жобалардың жетіспеушілігі сияқты мәселерді жатқызуға болады. Мұндай жобалар жоғары шығарындылар секторларының көпшілігінде сәтті декарбонизацияға қол жеткізуге болатындығын көрсетеді.

АХҚО Өнімдерді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов: «Орнықты дамуға байланысты облигациялар (SLB) келесі кезеңде Қазақстанда өтпелі қаржыландырудың маңызды құралы бола алады, тіпті «қоңыр» компанияларға трансформация мен энергетикалық ауысудың өршіл жоспарына сәйкес экологиялық тұрақтылықты арттыру бойынша іс-қимыл жасауға ынталандыруды ұсынатын болады. Мен SLB-нің алғашқы осындай шығарылымы АХҚО-да әзірлеу сатысында екенін зор қуанышпен хабарлаймын. Осы жақында, яғни 30 қараша күні эмитент (Алматы электр станциялары) пен стратегиялық инвестор (Еуразиялық даму банкі) арасында көмір электр станциясын газға ауыстыру жөніндегі жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол қойылған болатын».

«Даму» қорының басқарма төрағасы Гауһар Бөрібаева Қордың жасыл инвестициялар қағидаттарына қосылуы одан әрі жасыл экономикаға көшуге ықпал ететінін ерекше атап өтті.

«Даму» қоры Қазақстандағы жасыл және әлеуметтік облигациялардың бірінші эмитенті бола отырып, Қазақстанның ұлттық жасыл таксономиясына сәйкес келетін бизнес жасыл жобаларын субсидияланған қаржыландыруды қамтамасыз етіп келеді.

Өтпелі кезеңнің әлеуетті құралы ретінде тұрақты дамуға байланысты облигациялар туралы есеп СОР28 қарсаңында жалпы жұртшылық пен өтпелі қаржыландыру бойынша мүдделі тараптардың хабардарлығын арттыру үшін жарияланды. Есеппен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://aifc.kz/ru/news/obligatsii-svyazannye-s-ustoichivym-razvitiem-perspektivnyi-instrument-finansirovaniya-esg-transformatsii.

AIFC AI assistant