Дамушы нарықтардағы жетекші инвестициялық банк WOOD & CO AIX-тің сауда мүшесі атанды
«Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (АХҚО биржасы, AIX) WOOD & Co (WOOD) инвестициялық банкі талаптарға сай келу бойынша барлық қажетті рәсімдерден сәтті өтіп, AIX-тің сауда мүшесі атанғанын хабарлайды.
Бұл еуропалық және халықаралық инвесторларға биржаның бағалы қағаздарына қосымша қолжетімділікті ашады.
WOOD – Шығыс Еуропа мен ТМД өңірлеріне ерекше назар аударатын нарықтық экономикасы қалыптасып келе жатқан елдердегі жетекші инвестициялық банк болып табылады. Жұмыс істеген 28 жыл ішінде компания бүкіл әлем бойынша инвесторлардың кең және бірегей базасын құрды және өз қызметін Варшава, Прага, Бухарест, Братислава, Милан және Лондонда орналасқан кеңселер арқылы жүзеге асырып келеді.
«WOOD дамушы және шекара нарықтарында Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші брокер болып табылады. Біздің алаңда саудаланатын бағалы қағаздар мен AIX ұсынатын қызметтер WOOD & Co арқылы халықаралық инвестициялық қоғамдастық үшін одан да қолжетімді болатынына қуаныштымыз. Біз екі тараптың да қаражат тарту және инвестициялау жөніндегі өз мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігі болу үшін жаңа брокерлер мен эмитенттерді тарту бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз. Капиталдың неғұрлым терең нарығы қазақстандық және өңірлік экономиканы дамыту үшін катализатор болады», – деп атап өтті AIX Басқарма Төрағасы Тим Беннетт.
«WOOD & Co кәсіби мамандары Қазақстанның нарығымен жұмыс істегендеріне көп болды, олар халықаралық инвесторлар үшін ірі акциялар жөнінде талдамалық зерттеулер ұсынып келеді. Біз АХҚО-ның ашылуына қатысқан сәттен бастап фирмамыз AIX биржасының мүшесі атануына және оны одан әрі дамытуға жұмыс жасадық. Біз AIX-ті Қазақстанның капитал нарығындағы халықаралық инвесторлардың қоғамдастығына, сондай-ақ жекешелендіруді сәтті өткізуге арналған маңызды платформа деп санаймыз. WOOD Қазақстанның экономикасын дамыту үшін жаңа инвесторларды тарту жолында AIX-пен бірлесіп жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті WOOD & Co Басқарма Төрағасы Владимир Ярос.
Фото: wood.cz
Сұраулар:
AIX. АХҚО биржасы 2017 жылы “Астана” халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. 2018 жылдың 14 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев AIX алаңында бағалы қағаздардың алғашқы саудасын ашты. АХҚО, GoldmanSachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және сондай-ақ, АІХ сауда платформасын ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. www.aix.kz
АХҚО. 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Астана” халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО мақсаты халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру болып табылады. АХҚО-ның міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz