Дүниежүзілік банк пен AFSA Орталық Азиядағы Табиғи Апаттар Қаупін Қаржыландыру және Сақтандыру жөнінде Аймақтық Конференция Өткізуде

Дүниежүзілік банк АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетімен (AFSA) бірлесіп, аймақ табиғи апаттардың ұлғайып келе жатқан тәуекелдеріне қаржылық тұрғыдан дайын болу үшін қабылдауы мүмкін шешімдерді талқылау мақсатында Орталық Азияда табиғи апаттар қаупін қаржыландыру және сақтандыру (DRFI) жөнінде өңірлік конференция өткізуде.

Табиғи және антропогендік сипаттағы табиғи апаттар бүкіл әлем халқына, экономикалар мен инфрақұрылымға үлкен қауіп төндіреді. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды қамтитын Орталық Азия сейсмикалық қауіп пен климаттық қатерлердің жоғары болуына байланысты өте осал. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша тек жер сілкінісі аймаққа жыл сайын 2 миллиард доллар шығын әкелуі мүмкін, бұл жыл сайын шамамен 4 миллион адамға әсер етеді. Алайда, климаттың өзгеруіне байланысты су тасқыны Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін негізгі қауіп факторларының біріне айналуда, экстремалды жайттардан болатын шығындар ЖІӨ-нің 1-6 пайызын құрамақ. Мұндай қаржылық салдарды азайту әрі уақтылы қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін апаттар қаупін қаржыландырудың тиімді стратегиялары қажет.

«Табиғи апаттар қаупін қаржыландыру және сақтандыру Орталық Азия елдерінің орнықтылығы үшін өте маңызды. Бүгінгі таңда Орталық Азия табиғи апаттарға дайындық бойынша қаржылық тапшылықты бастан кешуде. Тек Тәжікстан мен Өзбекстанда ірі табиғи апаттар кезінде тапшылық сәйкесінше 1,5 және 15 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Дамымаған сақтандыру нарықтары жағдайында бұл тапшылықтар елдердің бюджет қаражатын қайта бөлуді, қарыздарды тартуды немесе донорлық көмекті талап етуі мүмкін, бұл білім беру мен денсаулық сақтауға қажетті шығындардың қысқаруына әкелуі ықтимал немесе елдердің маңызды инфрақұрылымдық нысандарын жөндеусіз қалдырады», – дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі аймақтық кеңсесінің операциялық менеджері Инду Джон-Абрахам.

Конференция жұмысына Орталық Азия елдері үкіметтерінің: қаржы министрліктері, қарызды басқару департаменттері, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою және жоспарлау министрліктері, орталық банктер мен сақтандыру қызметін реттеу органдары, жеке сақтандыру компаниялары мен кредиттік мекемелер, аймақтағы табиғи апаттар қаупін қаржыландыру және сақтандыру саласында жұмыс істейтін ғылыми топтар мен халықаралық ұйымдар өкілдерін қоса алғанда, әртүрлі топтар қатысты.  

«Дүниежүзілік банкпен бірлесіп ұйымдастырылған әрі дер кезінде қолға алынған бұл бастама Қазақстан мен Орталық Азиядағы табиғи апаттар қаупін қаржыландыру мен сақтандыру саласының тиімді шешімдерін және табиғи апаттардан қаржылық қорғау стратегияларын іздеу үшін мемлекеттік және жеке секторларды біріктіреді. АХҚО-да біз табиғи апаттардан сақтандырудың жеке бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік беретін сақтандыру қызметін реттеудің тиімді жүйесін құрдық. Бұдан басқа, қорлар жүйесі үшін бізде реттеуші негіз құрылған, ол үкіметтерге шұғыл көмек пен қалпына келтіру қорларын құруға мүмкіндік береді. АХҚО реттеуші жүйесі апаттық облигацияларды шығаруға мүмкіндік береді, бұл ауқымды табиғи апаттар қаупін бірнеше сақтандырушылар немесе инвесторлар арасында бөлудің тағы бір әдісі болып табылады», – деді AFSA бас директоры Евгения Богданова.

Іс-шара барысында қатысушылар табиғи апаттар қаупін қаржыландыру саласында тәжірибемен, озық практикамен және инновациялық тәсілдермен алмасу мүмкіндігіне ие болды. Іс-шараның мақсаты апаттарға байланысты артып келе жатқан шығындарды жабу, қалпына келтіру мерзімдерін қысқарту және апатқа дейінгіден де жақсы қылып құрылыс салу үшін өзекті шешімдерді табу болды.

Конференция Дүниежүзілік банктің Тәуекелдерді қаржыландыру жөніндегі қолшатыр бағдарламасының қолдауымен, Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және даму министрлігінің (FCDO), Швейцарияның экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшылығының (SECO) және АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қатысуымен ұйымдастырылды.

Байланыс деректері:

Дүниежүзілік банк: Шынар Жетпісова [email protected], +77015242844

AFSA: Дина Тельтаева [email protected], + 77017654010

Дүниежүзілік банк туралы:

Дүниежүзілік банк – бүкіл әлемдегі дамушы елдерге қаржылық және техникалық көмектің маңызды көзі. Миссиясы – планетадағы кедейлік деңгейін азайту және дамушы елдердегі адамдардың экономикалық перспективалары мен өмір сүру сапасын жақсартатын жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға көмектесу үшін несиелер, гранттар және сараптамалық білім беру арқылы дамуды қолдау.

AFSA туралы:

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті – (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) тәуелсіз реттеушісі. AFSA жеке тұлғалар мен институттар адал әрекет ететін әділ әрі ашық қаржы нарықтары мен капитал нарықтарын қамтамасыз ететін ортаны құруға тырысады.

AIFC AI assistant