Электромобильдер: әлемде және Қазақстанда, сондай-ақ олардың парниктік газдар шығарындыларын азайтудағы рөлі
Бұл аналитикалық есепте парниктік газдар шығарындыларын және ауаның ластануын азайтудағы электромобильдердің рөлі, сондай-ақ әлемдегі және Қазақстандағы электромобильдер нарығының ағымдағы жағдайы қарастырылады. Бұл есептің мақсаты –қазба отынымен жұмыс істейтін көліктермен салыстырғандағы электромобильдердің артықшылықтары туралы қалың жұртшылықты ақпараттандыру, сондай-ақ қаржы және басқа ұйымдарды электромобильдерді және таза көлік құралдарын сатып алуды қаржыландыру үшін жасыл облигациялар мен несиелер сияқты орнықты қаржы құралдары арқылы инвестициялар тарту мүмкіндіктері туралы ақпарат беру.
Дүние жүзіндегі және, атап айтқанда, Қазақстандағы парниктік газдар мен ауаны ластау көздерінің бірі негізінен қазбалы отынмен қамтамасыз етілетін көлік секторы саналады. Парниктік газдар климаттың өзгеруіне әкеліп соғады, оны БҰҰ экожүйелерге, инфрақұрылымға, адам өмірі мен денсаулығына тікелей физикалық қауіп-қатер төндіретін қазіргі заманның ең күрделі проблемалардың бірі ретінде таныды. Осыған байланысты көлік секторындағы көміртегі шығарындыларын азайту – атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту және ауа сапасын жақсарту үшін маңызды шара.
Бүгінде жаһандық деңгейде көліктің баламалы түрлеріне, атап айтқанда көмірқышқыл газын шығармайтын электромобильдерге көшу қарқын алуда. Түрлі зерттеулер көрсеткендей, электромобильдің бүкіл өмірлік циклі, соның ішінде өндіру, пайдаланылатын энергияның шығу көзі мен утилизацияны ескере отырып, пайдалануды қоса алғанда, электрлік көліктер әдеттегі жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда, әдетте, аз шығарындылар шығарады.
Қазақстанда соңғы жылдары электромобильдердің саны қарқынды өсіп келеді, алайда электр отынмен жүретін көліктердің үлесі әлі де аз, 1%-дан кем. Бұл тұрғыда жасыл көлікке көшуді ынталандыру үшін көлік салығынан және утиль алымнан босату сияқты түрлі шаралар енгізілуде. Дегенмен, бензин немесе электр көлігін сатып алудың бастапқы құнының жоғары болуы, қуаттау станцияларының инфрақұрылымының дамымағаны, мамандандырылған қызметтердің және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етудің жоқтығы сияқты кедергілер әлі де бар.
Сонымен қатар, еліміздің бизнес-қоғамдастығы мен қаржы институттары жаһандық жасыл көшуден шет қалып отырған жоқ. Компаниялар бірте-бірте өз көліктерін электромобильдер мен электравтобустарға, соның ішінде өздерінің жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтіндерге ауыстыруда. Банктер электромобиль сатып алу үшін жасыл автокөлік несиелерін бере бастады.
Дегенмен, халық пен бизнес арасында электрлі көліктерді барынша жаппай танымал ету үшін тиімді сұранысты арттыру, бүкіл ел бойынша қуаттау станциялары мен қызметтерінің инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ экологиялық таза көліктердің отандық өндірісін дамытудың қосымша шаралары қажет.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) міндеттерінің бірі – елдің тұрақты экономикалық өсуіне, оның ішінде инвестицияларды тарту және қолдаушы қаржылық экожүйені құру бөлігінде төмен көміртекті экономикаға көшуге ықпал ету.
Тұрақты қаржының негізгі құралдары жасыл облигациялар мен несиелер болып табылады, оларды орналастырудан түсетін түсімдер экологиялық тұрақты жобаларды қаржыландыруға бағытталады және халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (International Capital Market Association) жасыл облигациялар қағидаттары (Green Bond principles), Климаттық облигациялар стандарты (Climate Bonds Standard), Климаттық облигациялар бастамалары (Climate Bonds Initiative) сияқты жасыл қаржыландыру саласындағы халықаралық танылған стандарттарға сәйкес келеді. Осы стандарттарға сәйкес облигация шығарылымын немесе несиені жасыл деп танудың міндетті талабы – тәуелсіз баға алу. АХҚО жанындағы Жасыл қаржы орталығы елдегі жасыл қаржы құралдарына тәуелсіз баға берудің флагманы саналады. Мәселен, еліміздегі жасыл облигациялар мен несиелердің 70%-ы АХҚО жанындағы Жасыл қаржы орталығының қолдауымен берілді.
Елде электромобильдердің қолжетімділігін арттыру үшін Орталық жасыл облигациялар шығаруда қаржы және өзге де ұйымдарды қолдау және жасыл қаржы саласындағы қажетті құжаттар мен саясаттарды әзірлеу және тәуелсіз бағалау ұсыну арқылы кредиттер беру бойынша қызметтер көрсетуі мүмкін.
Есеппен мына сілтеме бойынша таныса аласыз.