Жасыл қаржы басты назарда: Қазақстан тұрақты энергетикалық өзгеріске қалай көшуде
30 қараша күні Дубайда 140 мемлекет басшысын және 70000-нан астам делегаттардың басын қосқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (СОР28) тараптарының 28-ші конференциясы басталды.
Үлкен жиында мемлекеттің ең лауазымды тұлғалары климат өзгеруінің өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің көзқарасын білдіретін «ұлттық үндеулермен» сөз сөйледі. Қазақстан да осы іс-шараға белсенді қатысып, орнықты даму бойынша стратегиялар мен инновациялық тәсілдерді көрсетті. Айрықша жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін тәжірибе алмасу мен бірлескен күш-жігердің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара бағдарламасы денсаулық сақтау, сауда, көмек көрсету, бейбітшілік орнату және татулыққа қол жеткізу сияқты әртүрлі ірі салаларды қамтыды. Технология, инновациялар, инклюзивтілік, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қаржы сияқты негізгі тақырыптар қатысушыларға әртүрлі елдердің тиімді өзара іс-қимылы мен тығыз ынтымақтастығы бойынша міндеттер қояды.
СОР28 аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы климаттық қаржыландыруды дамытуға және Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық ауысуды қолдауға байланысты бірнеше іс-шараны ұйымдастырып өткізуде.
«Тұрақты энергетикалық ауысуға инвестиция тарту және халықаралық қаржы ұйымдарының рөлі» сессиясын «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырды. Алқалы жиын модераторы, АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров жаһандық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды: «Тұрақты, төмен көміртекті болашаққа көшуге жаһандық деңгейде келісілген күш-жігер қажет екені белгілі. Біз мәселенің ауқымы өте үлкен. Экономикаларымызды декарбонизациялау және климаттың өзгеруін азайту үшін экологиялық таза әрі жаңартылатын технологияларға, тұрақты инфрақұрылым мен инновациялық шешімдерге айтарлықтай көлемді инвестициялар қажет екені сөзсіз».
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Еуразиялық Топ» ЖШС, ЕАДБ, ҚДБ, Freedom Holding Corp. қоса алғанда ірі компаниялардың, даму институттарының және қаржы ойыншыларының өкілдері аталған панельдік сессияға қатысты. Олар көміртегі ізін азайту және жасыл инвестицияларды тарту бойынша тәжірибелері мен жоспарларын ортаға салды. Сонымен, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов компания 2027 жылға дейін ESG облигацияларына 200 млрд теңге инвестициялауды жоспарлап отырғанын жариялады.
Оның айтуынша, инвестициялар халықаралық және ұлттық деңгейде жоспарлануда. 2023 жылдың ақпан айында «Фридом Финанс» АҚ Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорымен әріптестік келісім жасасты. Компания «Qazaq Carbon» үйлестіретін жобаны қаржыландыруға 16,6 млн теңгені бөлген болатын.
«Орталық Азия үшін жасыл жобалар Питчингі: орнықты даму мен климаттық тұрақтылыққа инвестициялар» қосымша іс-шарасы стратегиялық тұрғыдан Орталық Азиядағы жасыл бастамаларды белсенді қолдау үшін ұйымдастырылды. Климаттық мәселелерді шешуге және экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған инновациялық жобаларды ұсыну арқылы іс-шара Орталық Азияның әлемдік климаттық талпынудағы рөліне назар аударып, осындай проблемаларға тап болған басқа аймақтар үшін әлеуетті модель ұсынды. TEDx форматындағы жасыл питчинг сессиясы энергетика, су, биоәртүрлілік, тұрақты ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым сияқты негізгі тақырыптық блоктарға назар аударды. Өкілдер Орталық Азия елдері ұйымдарының атынан презентацияларын ұсына отырып, аталған өңірлердегі инвестициялар мен экологиялық инновацияларға жаңа мүмкіндіктерді ашу үшін жобаларын таныстырды.
Сондай-ақ, «Жасыл» питчинг аясында АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) мен «Акиа Авесто Автоматив Индустри» арасында жасыл қаржы саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім жасалған компания Тәжікстандағы халықаралық стандарттарға сәйкес автобустар мен электробустар шығарады. Олар қор алаңдарында жасыл облигацияларды орналастыру арқылы инвестицияларды тартуға ниетті. Сол үшін АХҚО ЖҚО тарапынан жасыл қаржы саласындағы саясатты әзірлеу және «Second-Party Opinion» форматында сыртқы бағалауды ұсыну бойынша көмек көрсету жоспарлануда.
АХҚО-ның «Климаттық амбицияларды іске асыру жолында: Орталық Азиядағы көміртегі нарықтарын дамыту» атты келесі сессиясын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ашты, ол өзінің кіріспе сөзінде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін аймақтық көміртегі нарықтарын дамытуға ерекше көңіл бөліну керектігін ескерді. Министрдің айтуынша, көміртегі нарығын дамыту және Париж келісімінің жоғары мақсаттарына қол жеткізу аймақ елдері арасындағы тығыз байланыс пен тиімді ынтымақтастықсыз мүмкін емес. Мәселен, 2023 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы несиелеудің бірлескен тетігі бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Е. Нысанбаев сөзін жалғастыра келіп, климаттық жобаларды жүзеге асыру, жасыл технологияларды беру және жаңа жұмыс орындарын құруда серіктестіктің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Көміртегі нарықтарындағы халықаралық тәжірибе туралы Жапонияның Халықаралық экологиялық қатынастар жөніндегі вице-министрі Мацузава Ютака айтып берді, ол сондай-ақ Жапонияның шығарындылар саудасы жүйесін іске қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы туралы ақпараттарды жеткізді.
Талқылау көміртегі нарықтарын дамытуға әрі осы өзгерістердің жаһандық климаттық мақсаттарға сәйкестігін бағалауға бағытталған. Сессия барысында Орталық Азия мен бірге өзге өңірдегі көміртегі бейтараптығын тиімді қолдау үшін реттелетін және ерікті нарықтарға тұрақты диалог пен жаңа элементтерді енгізудің маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ, COP28 шеңберінде өтпелі қаржы бойынша іс-шара өткізілді, оның аясында өтпелі кезеңді қаржыландырудың ағымдағы тәсілдерін талдау болып табылатын өтпелі қаржы саясаты бойынша баяндама ұсынылды.
Орталық Азиядағы өтпелі қаржы жөніндегі панельдік сессияға ерекше назар аударылды, онда осы саладағы ілгері тәжірибелер, проблемалар мен перспективалар талқыланды. Бейжіңдегі GIP кеңсесінің хатшылығының басшысы Ченг Лин және Mercer-дің тұрақты инвестициялар жөніндегі жаһандық төрайымы Хельга Бриджен бастаған спикерлер өздерінің көзқарастары мен ұсыныстарын жеткізді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жасыл инвестициялар қағидаттарына (GIP) қосылуы туралы декларацияға қол қою рәсімі жасыл инвестициялар саласындағы ынтымақтастық пен міндеттемелерді нығайтудағы маңызды қадам болды. АХҚО Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы «Белдеу және жол» бастамасы үшін жасыл инвестициялар қағидаттарының өңірлік кеңсесі бола отырып, осы іс-шараны бірлесіп ұйымдастырушы атанды. Бұл өз кезегінде Орталықтың аймақтағы тұрақты бастамаларды қолдаудағы маңызды рөлін көрсетеді.
2018 жылы құрылған Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) төмен көміртекті экономикаға көшуде шешуші рөл атқарып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы жасыл облигациялар мен несиелердің жартысынан көбі ЖҚО-ның қатысуымен берілді. ЖҚО саясаттарды әзірлеуді, шығарылым алдындағы есептерді және жобалардың әсері туралы жылдық есептерді қоса алғанда, қызметтердің кең түрін ұсынады. ЖҚО тұрақты қаржыландыру құралдарын дамытуға белсенді қатыса отырып, аймақтық тұрақты қаржы экожүйесінде маңызды рөл атқаруда.
Қазақстан тұрақты болашаққа ұмтылумен бірге, жасыл экономикаға тиімді жолды қамтамасыз ете отырып, жасыл қаржы тетіктерін дамытуды әрі енгізуді жалғастырады. Ағымдағы жылдың басында қабылданған 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясы және Қазақстанның COP28-ге белсенді қатысуы елдің тұрақты даму және климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағытындағы ілгерілеуіне дәлел бола алады.