Қазақстандағы жасыл қаржы нарығы

Бұл аналитикалық есеп қазақстандық жасыл қаржыландыру нарығына шолу мен талдау жасау және жеке секторды, мемлекеттік органдарды және қалың жұртшылықты нарықтың жай-күйі, трендтері мен құрылымы, сондай-ақ жасыл қаржыландыру құралдарын шығару арқылы жасыл жобаларға қаржыландыруды тарту мүмкіндіктері туралы ақпарат беру мақсатында дайындалды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда «жасыл» экономикаға көшу және төмен көміртекті даму жөнінде стратегиялық құжаттар қабылданды, жасыл қаржыландыру нарығының жұмыс істеуі үшін нормативтік-құқықтық негіздер әзірленді. Шағын және орта кәсіпкерлік секторындағы эмитенттер үшін жасыл жобаларды іске асыру мақсатында берілген кредиттер бойынша мөлшерлемені және жасыл облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сондай-ақ жасыл облигациялар бойынша кепілдік беру түріндегі ынталандырулар заңнамалық деңгейде енгізілді.

3,5 жылдан астам қысқа мерзім ішінде қазақстандық нарықта жалпы сомасы 150,2 млрд теңгеге жуық жасыл облигациялар мен жасыл кредиттер шығарылды. Нарықтың негізгі драйверлері – халықаралық және жергілікті қаржы институттары, сондай-ақ энергетикалық компаниялар.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) негізгі міндеттерінің бірі – елдің орнықты экономикалық өсуіне, оның ішінде төмен көміртекті экономикаға көшу және қолдаушы қаржы экожүйесін құру үшін орнықты инвестицияларды тарту бөлігінде жәрдемдесу.

Жасыл қаржының негізгі құралдары – жасыл облигациялар мен кредиттер, оларды орналастыру мен беруден түсімдер экологиялық тұрақты және сертификатталған жағдайда Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (International Capital Market Association) Жасыл облигациялар қағидаттары (Green Bond principles) және Климаттық облигациялар бастамаларының (Climate Bonds Initiative) Климаттық облигациялар стандарты (Climate Bonds Standard) сияқты жасыл қаржыландыру саласындағы халықаралық танылған стандарттарға сәйкес келетін жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Облигациялық шығарылымның немесе кредиттің «жасыл» деп танылуы үшін сыртқы бағаны алу ұсынылады.

АХҚО жанындағы Жасыл қаржы орталығы еліміздегі жасыл қаржыландыру құралдарына сыртқы баға берудің флагманы – еліміздегі жасыл облигациялар мен кредиттердің 60%-ға жуығы АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) тарапынан қолдау көрсетілуімен берілген. Сонымен қатар, Орталық орнықты қаржыландыру саясаты мен құралдарын дамытуды қамтамасыз етеді және елдегі орнықты қаржы құралдарының заңнамалық негіздері мен әдіснамалық базасын әзірлеуге белсенді қатысады. Қазіргі уақытта ЖҚО елдегі эмитенттердің жасыл жобаларға қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейте алатын жаңа «жасыл» өнімдер мен тетіктерді жасауда.

Толығырақ осы сілтеме арқылы өтіп білуге болады.

AIFC AI assistant