Халықаралық төрелік орталығы Қазақстанда «ХТО: Арбитраж саласындағы әйелдер күні» атты іс-шара өткізді
2024 жылғы 5 қыркүйекте Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) ArbitralWomen ұйымымен бірлесе отырып, Қазақстанда тұңғыш рет «ХТО: Арбитраж саласындағы әйелдер күні» іс – шарасын өткізді.
Алқалы жиынға әлемнің әртүрлі елдерінен келген жетекші төреші-әйелдер, ғалымдар мен заңгерлер қатысып, халықаралық арбитраж саласындағы әйелдердің жұмыс процесінде туындайтын қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы ойларын ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Пікір алмасу барысында халықаралық инвесторлардың сенімін нығайтудағы әралуандылықтың рөлі аталып өтілді. Спикерлер арбитраждағы гендерлік әралуандылық төрелік үдерісіндегі сенім мен әділеттіліктің артуына елеулі түрде әсер ететініне баса назар аударды.
Іс – шараның ашылу салтанатында Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Сотының төрағасы Лорд Бернетт Мэлдонский, ХТО төрағасы Томас Крюммель, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айгүл Қыдырбаева, сондай-ақ “Signum” заңгерлік фирмасының басқарушы серіктесі София Жылқайдарова құттықтау сөз сөйледі.
Сессияда спикерлер энергетика мен құрылыс саласына маманданған әйел – заңгерлердің тәжірибесіне айрықша көңіл бөле отырып аталған секторлардағы дауларды шешуге, сондай-ақ, жалпы инклюзивтілік ісіне байланысты мәселелерді талқылады.
Сонымен бірге, талқылау кезінде арбитраж үшін стратегиялық тұрғыдан орын таңдау мәселесі қозғалды. Бұл ретте төрелік процесінің тұтастығын сақтаудағы пікір алуандығының мән–маңызы мен ХТО – ның халықаралық инвесторлар үшін сенімді алаң ретіндегі тартымдылығын арттыруға айрықша мән берілді.
Іс – шараның басты оқиғасы «White&Case» заңгерлік фирмасының Вашингтондағы кеңесіндегі серіктестерімен халықаралық төрелік саласындағы әлемдік деңгейде мойындалған сарапшы Кэролин Лэммен кездесу болды. Емен- жарқын әңгіме үстінде ол халықаралық төреліктегі заңгер және арбитр ретіндегі өзінің ғаламат жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Білгір маман халықаралық төреліктің тарихы мен маңызына қатысты өз көзқарасын білдіріп, оның қалыптасуы мен дамуына әйелдердің әсері жайындағы ой- пікірін ортаға салды.
«ХТО: Арбитраждағы әйелдер күні» іс-шарасы жас заңгерлер үшін арбитраж саласындағы аса білікті мамандардың тәжірибесін үйреніп, кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік туғызды. Олар үшін сондай- ақ, Ұлыбританияның «DLA Piper» заңгерлік фирмасының құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Цзюэ Цзюнь Лудің жетекшілігімен тренинг ұйымдастырылды.
Кристофер Кэмпбелл – Холт, АХҚО Соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы:
“Дауларды шешудегі әралуандылық тек Қазақстан ғана емес, бүкіл дүниежүзі үшін де зор маңызға ие. Бұл халықаралық инвесторлар, әсіресе, өзге елдермен ынтымақтастықта жұмыс істейтіндер тарапынан талап етілетін маңызды аспекті. Инвесторлар АХҚО Соты мен ХТО-да қаралатын даулардың заң үстемдігінің ең жоғары стандарттарын қолданатын, тәуелсіз, қара қылды қақ жарған әділ сот талаптарына сәйкес шешілетініне сенімді”.
Бұл сондай-ақ, төрелік жасау процестерінде тараптардың неғұрлым тең және әділ шешімге деген көзқарасын қамтамасыз етуге ынта-ықыласын арттырады.
АХҚО Соты мен ХТО өз қызметін бастаған 2018 жылдан бері халықаралық ынтымақтастықты дамыта, арбитражда тараптардың теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерге қол қоя және оқыту бағдарламаларын ұйымдастыра отырып заңгерлер қоғамдастығында инклюзивтілікті белсенді түрде алға жылжытуда. АХҚО Соты мен ХТО гендерлік әралуандықты қолдап, Қазақстанды арбитражда бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде және дауларды шешуде аймақтық көшбасшы ретінде бағалайды.
Іс- шараға АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азиядан 150-ден астам арбитрлер, кеңесшілер, соттар мен дипломаттар қатысты.
Анықтама:
Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) тәуелсіз орган болып табылады және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына сәйкес негізделген.
ХТО төрешілерінің құрамына жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, энергетика, ислам қаржысы, банкинг, зияткерлік құқық салаларында және коммерциялық және азаматтық құқықтың басқа да салаларында төрелік бойынша көп жылдық тәжірибесі бар жетекші халықаралық төрешілер кіреді. https://iac.aifc.kz/
АХҚО Соты тәуелсіз орган болып табылады және Англия мен Уэльстің жалпы құқық қағидаттарына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.
АХҚО соты бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады. Күрделілігі мен сомасы бойынша болмашы дауларды жедел шешуді қамтамасыз ету үшін бірінші сатыдағы сотқа ұсақ дау-дамайлар соты кіреді.
АХҚО соты әкімшілік және қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асырмайды және қатысушылар, АХҚО органдары арасындағы дауларды және АХҚО құқығына сәйкес АХҚО-да жүзеге асырылған операциялар бойынша дауларды шешуді қамтамасыз ету үшін айрықша юрисдикциясына ие. Сонымен қатар, АХҚО соты тараптардың келісімі бойынша АХҚО сотына берілген дауларды қарай алады. https://court.aifc.kz/
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекітілуі болып табылады. www.aifc.kz
ArbitralWomen — халықаралық дауларды шешу саласындағы практик әйелдердің ісін ілгерілету және қорғау мақсатында 1993 жылы құрылған халықаралық үкіметтік емес ұйым.