Интернет-алаяқтық туралы ескерту жөніндегі хабарлама
«Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ («АХҚО әкімшілігі») интернет-алаяқтық фактілерінің анықталғаны туралы хабарлайды. Мәселен, ақша қаражатына иелік ету мақсатын көздеген қаскүнемдер АХҚО әкімшілігінің тауар белгісі мен фирмалық атауын заңсыз пайдаланып, желі пайдаланушыларын алдаған. Атап айтқанда, мұндай алаяқтық тәсіл жеке тұлғаларға бағытталған, олардан АХҚО атынан түрлі операцияларды жүзеге асыру үшін электрондық «кепілдік депозиттерге» аударым жасау сұратылған.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі № 409 Азаматтық кодексіне және «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі № 456 Заңына сәйкес тауар белгісінің иесi өзiне тиесiлi тауар белгісін пайдалану мен оған иелiк етудің айрықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесiнiң келiсiмiнсiз ешкiм де пайдалана алмайды, ал тауар белгісін пайдалану құқығын тауар белгісінің иесi лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға бере алады.
Осыған байланысты АХҚО әкімшілігі мынаны мәлімдейді:
- Өзінің тауар белгісіне иелiк етудің айрықша құқығына ие АХҚО әкімшілігінің АХҚО тауар белгісін пайдалануға құқық беретін тіркелген лицензиялық шарттары жоқ.
- АХҚО органдары мен олардың ұйымдары, сондай-ақ қызметкерлер жеке тұлғаларға қаржылық қызметтер, инвестициялар немесе олар ұсынатындай кез келген басқа мәмілелер туралы ұсыныстар жібермейді.
- АХҚО органдары және олардың ұйымдары жеке тұлғаларға қаржылық қызметтер көрсетпейді, олар үшін банктік шоттар ашпайды, ақша аударымдарын қабылдамайды және аудармайды және олардың атынан өзге қаржылық операциялар жасамайды.
АХҚО қызметі туралы ресми және сенімді ақпарат тек қана АХҚО ресми сайтында – aifc.kz көрсетілген, сайтта сондай-ақ пайдаланушыларға ақпараттың растығын тексеруге мүмкіндік беретін байланысуға арналған деректері жазылған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Кодексіне сәйкес бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе тауар шығарылған жердiң атауын немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдалану айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі. Ірі залал келтірілген кезде мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 226-V ҚРЗ Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы мүмкін, бұл да алаяқтық үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді.
АХҚО әкімшілігі қырағылық танытуға және алынған ақпаратты АХҚО-ның ресми көздеріне жүгіну арқылы тексеруге кеңес береді. Күдікті хабарламалар немесе ақпарат алған жағдайда, АХҚО-ның aifc.kz ресми сайтында көрсетілген байланыс деректері арқылы бұл жайт туралы дереу хабарлауыңызды сұраймыз.