Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға ие болып, Жаһандық жасыл қаржы индексіне кірді
Жаһандық жасыл қаржы индексін (GGFI) Z/Yen Group пен Finance Watch 2018 жылдың наурызында іске қосты. Индекс әлемдік қаржы орталықтарының қаржы жүйесіндегі орнықты дамуды қамтамасыз ететін бағыттағы прогресін көрсетеді және әлеуметтік және экологиялық аспектілерді пайдадан кем емес деңгейде бағалайды.
Индекс түрлі көрсеткіштер бойынша жасыл қаржы орталықтарының рейтингтерін құру үшін қаржы қызметтері кәсіпқойларының, үкіметтік емес ұйымдардың, реттеуші органдар мен саясаткерлердің сауалнамалық бағалауын аспаптық факторлық талдаумен біріктіру арқылы жасалады.
GGFI-дің әр шығарылымы үшін талдау бүкіл әлем бойынша бірқатар қаржы орталықтарына жүргізіледі. Қаржы орталықтарының бағалаулары онлайн-сауалнама арқылы жиналады.
АХҚО индекске кіру бойынша жұмысты өткен жылы бастады және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде GGFI 7-де бірінші орынға табысты ие болды (2021 ж. сәуір). Жалпы, Нұр-Сұлтан әлемде 57-ші орында тұр.
«GGFI рейтингіне кіру, әсіресе Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында бірінші қатарға шығу, АХҚО үшін маңызды көрсеткіш болып табылады, бұл қаржы орталығы дұрыс бағытта келе жатқандығын білдіреді. Еліміздің қаржы жүйесі мен экономикасы жүйелі түрде орнықты дамудың жолына түсуде және АХҚО осы бағытта ілгерілеуге одан әрі де жәрдемдесетін болады», – деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Жасыл қаржыны дамыту үшін АХҚО-да орнықты қаржыландыру құралдарын енгізу және дамытумен және Қазақстан мен Орталық Азиядағы экологиялық және әлеуметтік жобаларға инвестицияларды тартумен айналысатын Жасыл қаржы орталығы құрылды. Орталықтың акционерлері – АХҚО әкімшілігі және Еуразиялық даму банкі.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы өткен жылдың тамызында Қазақстан мен өңірдегі жасыл облигациялардың бірінші шығарылуына толық қолдау көрсетті. Сондай-ақ, АХҚО Жасыл қаржы орталығы ұлттық экологиялық заңнамаға жасыл қаржы және Жасыл таксономия (іріктеудің техникалық өлшемшарттарына сай экономикалық қызмет пен жобалардың жіктеуіші) анықтамаларын енгізді. Жаңа заңнамада жасыл қаржыландыру құралдарын пайдаланатын кәсіпкерлерге ынталандыру қарастырылған. Жасыл таксономияға сәйкес жаңғыртылатын энергетикамен, қалдықтарды басқарумен, энергия тиімділігімен, ақылды жарықтандырумен, энергияны үнемдеу қызметтерімен және басқа да көптеген секторлармен айналысатын кәсіпорындар купондық және кредиттік мөлшерлемені 50%-ға дейін субсидиялауға құқық алады.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттарына тұйық цикл экономикасын, қаржы технологияларын және «цифрлық қаржы орталығын» дамыту кіреді. aifc.kz