Қазақстан Республикасының Әділет министрі АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметімен танысты
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Қанат Мусин «Астана» халықаралық қаржы орталығында болды.
Министр АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының, АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің, Экспат-орталықтың және АХҚО бизнесті дамыту тобының қызметімен танысты. Сондай-ақ, АХҚО юрисдикциясын одан әрі дамыту жөніндегі Орталықтың қызметі таныстырылды.
Тараптар құқық үстемдігін ілгерілету және қамтамасыз ету, АХҚО сотының шешімдерін тиімді орындауға байланысты мәселелерді шешу, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмалары шеңберіндегі бірлескен жұмыс бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – өз жұмысын 2018 жылы бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Закавказье елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу. www.aifc.kz