АХҚО Жасыл қаржы орталығы «Жасыл» таксономия туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының жобасын әзірлеп, оны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне енгізді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы (бұдан әрі – Орталық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жасыл» таксономия» (бұдан әрі – Таксономия) туралы қаулысының жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдады. ҚР Үкіметі қаулысының жобасы «жасыл» жобаларды мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламалары шеңберінде де, сондай-ақ «жасыл» қаржыландырудың анағұрлым кеңейтілген контексінде де пайдалану үшін пысықталған Таксономияны және оны әзірлеу мен пайдалану қағидаттарын ашатын ілеспе нұсқаулықты қамтиды.

Жасыл жобалар таксономиясының тетігін әзірлеу Қазақстан Республикасында «жасыл» қаржы жүйесін дамыту жолында АХҚО әкімшілігі ұсынған заңнамалық бастамалардың маңызды элементі болып табылады. «Жасыл» таксономия қызмет пен жобалардың қолайлы түрлерін экологиялық тұрақты ретінде айқындау жөніндегі нақты басшылық бола отырып, елдің жасыл экожүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Жаңа нарықты қолдау үшін жасыл қаржыландыру бойынша АХҚО-ның осыған дейін ұсынған барлық нормалары ҚР жаңа Экологиялық кодексінде қабылданды. Олармен қатар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне бизнесті жасыл қаржыландыру құралдарын қолданудағы экономикалық ынталандыру шараларын нақтылайтын ілеспе түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, бұл «Бизнестің жол картасы-2025» Бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік беретін жасыл кредиттер мен облигациялар бойынша сыйақы төленуін субсидиялауға қатысты. Мәселен, коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды жою, энергия үнемдейтін жабдықтар мен жарықтандыруды орнату, энергия үнемдеу қызметтері мен басқа да көптеген салаларда еңбек етіп жүрген кәсіпкерлік субъектілері жасыл кредиттер мөлшерлемесінің 50%-ға дейінгі, сондай-ақ жасыл облигациялардың купондық мөлшерлемесінен 50%-ға дейін қаржылық қолдауға ие бола алады.  

Бірінші кезеңде Таксономияның міндеттері экономикалық ынталандыруды қолдануға негізді қамтамасыз етуде болады. Сәйкесінше, оны Қазақстанда ұсынылып отырған субсидиялау сұлбасы бойынша ағымдағы жылдың шілдесінен бастап қолдану жоспарлануда. Қаулы жобасы жасыл экономиканы мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары шеңберінде қаржы нарығы субъектілері, уәкілетті қаржылық қолдау агенттіктері, реттеушілер мен жасыл жобаларды әлеуетті тәуелсіз бағалаушылар Таксономияны қолдану қағидаттарынан басқа, жасыл жобалардың Таксономияның шектік мәндеріне сәйкестігін растау мәселелерін және тәуелсіз бағалау провайдерлерінің рөлін де қамтиды. Осылайша, ол тәуелсіз бағалаудың әлеуетті провайдерлерінің ықтимал санаттарының Таксономияға сәйкестігі, олардың құзыреттілігіне ұсынылатын және міндетті талаптарды, жасыл жобалардың экологиялық әсерін бақылау бойынша кейінгі тексерулермен расталмаған қорытындыларды ұсыну үшін жауапкершілікті және басқа да мәселелерді анықтайды.

Бастапқыда Орталық халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірлеген «Жасыл» таксономия жобасының өзі көптеген мүдделі тараптардың қатысуымен талқылаудың бірқатар кезеңдерінен өтті. Таксономияны қолдану сұлбасы бойынша халықаралық ұйымдармен, екінші деңгейлі банктермен, әлеуетті сыртқы бағалау провайдерлерімен, мемлекеттік органдардың және уәкілетті ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» ҰАҚ-ның Таксономияның жекелеген қызмет түрлері бойынша шекті мәндерді пысықтауы шеңберінде жеке консультациялар өткізілді. 

 

 

 

 

           Анықтамалық ақпарат

          «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.

            АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттарына тұйық цикл экономикасын, қаржы технологияларын және «цифрлық қаржы орталығын» дамыту кіреді.

aifc.kz

 

AIFC AI assistant