29 маусым мен 3 шілде аралығында Astana Finance Days (AFD) қаржы форумы өтеді. Ол түгелдей онлайн форматта болмақ.
2020 жыл «Astana Finance Days» конференциясы 29 маусым мен 3 шілде аралығында толықтай онлайн режимде өтіп жатыр.
Биылғы конференцияның басты тақырыбы – «Құбылмалы әлемдегі нарықтар» және пандемияның әлем экономикасына ықпалы. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар экономикалық ахуалдың қалай өзгеріп жатқанын, оның біздің өмірімізге қалай әсер етіп жатқанын және қандай технологиялардың «бұдан былай бұрынғыдай болмайтын» әлемнің ажырамас бөлігіне айналатынын талқылайды.
Конференцияның күн тәртібі – жаһандық экономика, қаржылық технологиялар, капитал нарығы, АХҚО құқығы, исламдық қаржы және адам капиталын дамыту деген тақырыптық бағыттардан тұрады.
«Online Astana Finance Days 2020» конференциясына шақырылған қонақтардың арасында:
- Джанг Тао – Халықаралық валюта қорының директор-басқарушысының орынбасары;
- Рикардо Хаусманн – Гарвард университеті Кеннеди атындағы мектептің Халықаралық даму орталығы директоры және экономикалық даму практик профессоры;
- Марк Узан – Бреттон-Вуд комитетінің атқарушы директоры және негізін қалаушы және т.б.
Конференция қатысушылары нақты уақытта интерактивті байланысқа шығып, спикерлермен пікір алмасып, пікірталас, вебинар мен баспасөз брифингтеріне қатыса алады.
Сессияның басты ерекшелігі – спикерлердің өз ойларын айтып қана қоймай, экономикалық жағдайды жақсарту үшін өз ұсыныстары мен әдіс-тәсілдерін ұсынуы. Әлем бойынша жаппай құлдырау болып жатқан қазіргі кезде мұндай әдіс тіпті қажет.
Конференция бағдарламасымен танысу және аккредитациядан өту үшін https://www.astanafindays.org cайтына кіріңіз. Online Astana Finance Days 2020 конференциясын Twitter, Facebook и Instagram желілеріндегі ресми парақшаларынан да көруге болады.
Конференция аясында жоспарланған шаралар туралы:
29 маусымда қаржылық технологиялар саласындағы стартаптардың негізін қалаушылармен сұхбат, исламдық қаржылық технологиялар бойынша конференциялар, АХҚО-да келісімшарттарды түзу, сонымен қатар адам капиталын дамыту, цифрлық түрлену және Төртінші өнеркәсіптік революция кезіндегі білім беру жүйесінің рөлі туралы семинарлар өтеді.
30 маусымда қаржы технологиялары, COVID-19 пандемиясы кезіндегі әлемдік экономиканың жағдайы, қаржылық реттеу және коммерциялық құқық мәселелеріне арналған конференциялар, заң технологиялары мен кәсіпкерлік туралы шеберлік-сыныптары өтеді.
1 шілдеде Қазақстанның экономикалық болашағы мен Қазақстанның тау-кен секторының капитал нарығындағы үрдістерге арналған конференциялар, АХҚО Құқық академиясының ұйымдастыруымен білім беру мәселесіне арналған панельдік сессиялар, АХҚО қатысушы компанияларының форумы, посткеңестік елдердегі шағын және орта бизнестің тұрақты дамуын қолдау туралы вебинарлар өтеді.
2 және 3 шілдеде АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының ұйымдастыруымен виртуалды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, исламдық қаржының цифрлық болашағы туралы конференциялар, АХҚО сот жүйесі туралы сессиялар, сонымен қатар цифрлық экономикалық өсім, цифрлық ақша және электронды қаржының дамуы, корпоративті басқару принциптері мен экономиканы дамытудағы ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері туралы семинарлар өтеді.