Бішкекте Қырғыз Республикасының тұрақты жобалары таксономиясының алғашқы жобасы таныстырылды
2022 жылғы 23 қарашада Орталық Азиядағы «Белдеу және Жол» бастамасының «Жасыл инвестициялар қағидаттары» өңірлік кеңсесі (GIP) — АХҚО Жасыл қаржы орталығы, GFC Bishkek және «Дос-Кредобанк» ААҚ ұйымдастырған «Қырғызстандағы жасыл инвестициялар форумы» шеңберінде Қырғыз Республикасы Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігі ESG-қаржыландыру нарықтары үшін тұрақты жобалар таксономиясының жобасын ұсынған негізгі сессия өтті.
Форум Орталық Азия мен кеңірек өңірдің мүдделі тараптарының БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі Конференциясының (COP-27) қорытындыларын қоса алғанда тұрақты қаржыландыру және онымен байланысты қаржылық реттеу саласындағы озық тәжірибемен алмасу үшін кездесу орнына айналды.
Форумдағы пікірталастың басты тақырыбы Қырғыз Республикасы Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау Министрінің орынбасары Бексұлтан Ибраимов ұсынған Қырғызстан үшін тұрақты даму жобалары (жасыл, әлеуметтік жобалар жіктеуіші) таксономиясының алдын ала жобасы болды. Құжат АХҚО Жасыл қаржы орталығының көмегімен әзірленді және Қырғызстандағы тұрақты қаржыландыру нарығын одан әрі дамытуға серпін беруге арналған.
Халықаралық сарапшылар мен алғашқы қадамдарды жасаған мемлекеттердің мемлекеттік банктерінің өкілдері, атап айтқанда Қытай, Моңғолия, Қазақстан және Грузия, тұрақты таксономияларды әзірлеу мен енгізудің тәсілдері мен табыстары туралы айтып, ұсынылған құжатқа өз бағасымен бөлісті. GIP Хатшылығының Басшысы Ченг Лин Қытайда таксономияны тиімді енгізудің кілті банк және қор нарықтарының барлық қатысушыларының осы құралмен барынша кеңінен танысу екенін атап өтті. АХҚО Жасыл қаржы орталығының басқарушы директоры Айгүл Құсалиева Қазақстанның тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанның Жасыл таксономия жобасының сыртқы сараптамасы Климаттық қаржыландыру стандарттарының жетекші әзірлеушісі – Климаттық облигациялар бастамасымен — өткізілуі таксономияның халықаралық деңгейде танылған эталондарға сәйкестігін қамтамасыз етудің кепілі болғанын атап өтті. Қырғызстандағы, Тәжікстандағы және Түрікменстандағы ЕҚДБ өңірлік директоры Айтен Рустамова тұрақты жобалардың нақты стандарттары мен өлшемдерін қамтамасыз ету үшін Қырғыз Республикасының Ұлттық таксономиясын әзірлеу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді.
Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігі ұсынған құжат ҚР МК және ҚРҰБ бірлескен қаулысымен бекітуге енгізу мақсатында Қырғызстанның экономика және коммерция министрлігімен, Қырғызстанның Ұлттық Банкімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және стейкхолдерлермен одан әрі пысықталатын болады.
Қырғызстан мен өңірде жасыл инвестицияларды ілгерілетудің басқа да өзекті мәселелері тұрақты қаржыландыру құралдарына, Бішкек қаласын жасыл трансформациялауға және оны Жаһандық жасыл қаржы индексіне (GGFI) енгізу жоспарларына арналған сессияларда, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің реттеушілері мен банктеріне арналған Пәкістан Мемлекеттік банкінің (SBP) вебинарында талқыланды.
Форум аясында АХҚО Жасыл қаржы орталығының «ESG-Инвестициялар негіздері» тренингі, сондай-ақ Орталық Азиядағы GIP Өңірлік кеңсесінің Консультативтік кеңесінің екінші отырысы жеке өтті.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекіту болып табылады. www.aifc.kz
АХҚО Жасыл қаржы орталығы – Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат – жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендті қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестиция тарту. www.gfc.aifc.kz
2021 жылғы маусымда АХҚО Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы
«Белдеу және Жол» бағдарламасы (Green Investment principles for Belt and Road, GIP) үшін жасыл инвестициялар қағидаттарының өңірлік кеңсесіне айналды. Жасыл инвестиция принциптері — «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі Green Investment Principles — 2019 жылдың 25 сәуірінде Бейжің қаласында өткен «Белдеу және Жол» бастамасының 2-ші форумында жарияланды. ОА-дағы GIP Өңірлік кеңсесінің міндеттері жергілікті қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасау және табысты қатысушыларды GIP-ке қосылуға ынталандыру , GIP жобаларының Дерекқоры арқылы өңірлік жасыл жобалар үшін халықаралық капитал нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, Орталық Азия банктеріне олардың қызметін «көгалдандыруға» және GIP енгізу арқылы жасыл облигациялар шығаруға жәрдемдесу болып табылады.