Халықаралық қаржы орталықтарының әлемдік қауымдастығы (ХҚОӘҚ) жаһандық экономика мен денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайда халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты инвестицияны ілгерілетіп, протекционизмнің өзін өзі жоюшы күшінен бас тартады.

Әлемнің көшбасшы қаржы орталықтары қазіргі дағдарысты барынша жұмсарту мен экономиканы қалпына келтіру үшін өздеріне тиесілі жұмысты бірлесе отырып атқармақ. Халықаралық қаржы орталықтары әлем экономикасының қайтадан аяққа тұруы мен дағдарыстан кейінгі кезеңде экономика мен әлеуметке қызмет көрсетуде маңызды рөл ойнайды.

Пандемияның бұрын-соңды болмаған ауқымда таралуы әлем экономикасын тоқтатуға қажеттілікті туындатып, біздің сала әлгі шараларды қолдауда маңызды жұмыс атқарды. Короновирус әбден жойылғаннан кейін жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіруіміз қажет.

Қысқамерзімді болашақта біз барынша икемді болуымыз керек. Экономиканың ең әлсіз тұстарын қорғауымыз және қолдауымыз қажет. 

  • Кәсіпкерлер мен стартаптар инновацияның қайнар көзі. Біз оларды қиын кезде жедел қаржылық көмекпен қолдауымыз керек.
  • Шағын және орта бизнес экономиканың негізі. Олар жаһандық жұмыспен қамтуда үлкен орынға ие, сондықтан оларды қолдау керек. Бұл тұрғыда мемлекеттің де, жеке сектордың да қаржыландыруы қажет.
  • Жалпы жұмыскер қауымы. Жалдамалы жұмысшылардың көпшілігі жұмыстарынан айырылса, кейбірінің жұмыс уақыттары қысқарып, тиісінше жалақыларының жартысынан айырылды. Қаржы саласы әлеуметтік тұрақтылық үшін оларды да қолдауы керек.

Орта мерзімді болашақта мемлекеттер инвестицияны ұлғайтып, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды күшейту керек. Оқшаулану кезінде қаржы мен өзге де секторларда цифрлық қызметтердің маңызы одан сайын артқанына куә болдық.

Аталған бағыттарды іске асыру үшін жаңа ұсыныстар дайындау үшін бірлескен халықаралық жұмыс топтарын құрдық.

Қаржы орталықтарының әкімшіліктері аталған мәселелерді ұлттық деңгейде көтере бастады, бірақ біз жаһандық экономикалық шара қабылдау үшін халықаралық ынтымақтастық маңызды деп санаймыз. Қаржылық және ақша-несие саясатын ынталандырудан бастап әртүрлі бастамаларды қолдаймыз. Осы орайда, бірлескен жұмыс барынша тиімді болатыны анық.   

Үкіметтер мен қаржылық реттеушілер пандемияға қарсы шараларды бірлесе атқаруды жалғастыра беруі қажет. Бизнес субъектілері алдағы қиындықтарға төтеп беруі үшін қосымша мүмкіндіктер мен нақты қолдауды қажет етеді. Мемлекеттер протекционизмнің өзін өзі жоюшы күшінен бас тартып, экономиканы көтеруде сауда мен инвестицияны өсіру үшін конструктивті және тұрақты жұмыс істегені жөн.

Ал ұзақмерзімді болашақ үшін біз экономикалық моделімізді қайта қарап, ұзақмерзімді жаңаша басымдықтарға, инновациялық бизнес модельге, тұрақты экономика мен қоршаған орта және әлеуметтік мәселелерге көңіл аударуымыз қажет.

Арно де Брессон, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің төрағасы және Париж Еуроалаңы басқарма төрағасы:

“Бұл дағдарыс алдағы жылдардағы бизнес модельді өзгертеді. Инновацияны ынталандыру мен дамытуда жаңа басымдылықтар бар. Корпорацияларды қаржыландыру мен қаржы көздерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа технологияларды дамытудың бір шешімі қаржы саласына тиесілі. ХҚОӘҚ-мен бірге халықаралық қаржы орталықтары алға қойылған міндеттемелерге қол жеткізу мен үздік тәжірибелерімен бөлісуде ынтымақтастықты арттыруда”. 

Майлз Селик, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және TheCityUK басқарма төрағасы.

“COVID-19 жаһандық денсаулық және экономикалық дағдарыс. Бұрын-соңды болмаған халықаралық қиындықтарды жеңуде жекелеген юрисдикциялар қолға алып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру үшін халықаралық ынтымақтастықты арттыру қажет. Халықаралық қаржы орталықтары экономикалық дағдарыстың салдарымен күресуде алдыңғы шепте болатыны анық. Біз сонымен қатар экономиканы қалпына келтіруде де маңызды рөл атқарамыз. Ал үкіметтер осы дағдарыстан шығу үшін өзара және бизнеспен арадағы ынтымақтастықты одан сайын арттыру керек”.

Қайрат Келімбетов, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және “Астана” халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

“Біз қазір бетпе-бет келіп отырған жағдайға халықаралық қаржы қауымдастығы және мен басшылық ететін АХҚО өз деңгейінде дайындала алды. Атап айтқанда, үкіметтік шараларға кеңес беру және қолдау, экономиканы қалпына келтіру үшін түрлі құралдар мен инвестиция ұсыну және мұқтаж бизнеске, әсіресе шағын және орта бизнеске көмек беруге дайын. Сауда мен инвестицияда ынтымақтасу, үздік тәжірибелерді бөлісу және мұқтаждықтарымызды өтейтін салаларды күшейту ұлттық һәм жаһандық экономиканы жандандырудың кілті”.

Кейичи Аритомо, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Токио қаржы орталығының атқарушы директоры:

“COVID-19 жаһандық пандемия болғанына қарамастан, саяси шешімдер түрлі юрисдикциялар арасында әр алуан болып қабылданды. Осы орайда, ХҚОӘҚ экономиканың оңалуы үшін үкіметтер арасында үйлесімді жұмыс істелуіне ерекше ықпал етті. COVID-19 пандемиясы үлкен трагедия екеніне қарамастан, осы тәжірибеден біз кейбір оң нәтиже көріп отырмыз. Токио тұрғысынан қарағанда біз жалпы қаржы экожүйесі мен сауда тізбегін дереу трансформациялаудан еңбек өнімділігінің артқанын байқап отырмыз. Мысалы, цифрлық коммуникация мен бұлтты компьютерлеуді қолданушылар саны артты. Жапонияның әр өңірінде роботтар мен заттар интернетіне өндірісте, ауыл шаруашылығында және қызмет көрсету саласында сұраныс артты. Ал Токио қаржы орталығы корновирустан кейінгі кезеңнің катализаторына айналды”.

Дженнифер Рейнольдс, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Торонто халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы:

“Қаржы секторы жекелеген азаматтар мен бизнесті несиемен және қаржылық тұрақтылықпен жедел қамтамасыз ету үшін үкіметтермен және қаржылық реттеуші органдармен бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Қаржы секторымен ынтымақтастықты жалғастыру және үйлестіру жаһандық пандемиядан туындаған экономикалық және әлеуметтік салдарларды жоюда өте маңызды”.

Николас Маккель, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Люксембург қаржы орталығының басқарма төрағасы:

“Әлем бойынша короновирусқа қарсы қабылданған шаралар біртіндеп әлсірей бастады. COVID-19 пандемиясының экономикаға теріс салдарын жоюда қаржы қызметтері саласы айтарлықтай рөлге ие. Банктер және капитал менеджменті мен сақтандыру секторларындағы компаниялар секілді қаржы институттары түрлі салалар мен шағын және орта бизнесті қаржыландыру арқылы қолдау көрсетуде. Сонымен қатар қаржы орталықтары өздеріндегі сараптамалық қызметтерді де аталған қолдаулардың тиімділігін арттыру үшін қолданады”.

Юсуф Мұхаммед әл-Джаида, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Катар қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы:

“COVID-19 пандемиясының таралуының алдын алу үшін қолға алынған шаралар қаншалықты маңызды болса, пандемия аяқталғаннан кейін жасалуы керек жұмыстар соншалықты маңызды. Осы орайда, экономиканы оңалтуда сауданың орны ерекше. Мемлекеттер ХҚОӘҚ секілді ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп тұрақты және инклюзивті қолдауға арналған экономикалық инфрақұрылым құруды бастауы керек”.

Саид Ибрахими, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Касабланка Қаржы қаласының басқарма төрағасы:

“Африкада COVID-19 пандемиясынан кейінгі кезең құрылымдық реформаларды жеделдету, экономиканы әртараптандыру, құн тізбегін күшейту және тұрақты және инклюзивті өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік ұсынады. Инвестицияға ең мұқтаж жерлерге қаражат тартуда қаржы орталықтары таптырмас құрал болатынына сеніміміз мол”.

Абдулла әл Салми, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Оман Капитал нарығы әкімшілігінің атқарушы президенті:

“COVID-19 пандемиясының әлем бойынша қаржы нарығына әсер еткені күмәнсіз. Екінші жағынан осы дағдарыс әлем бойынша қаржы орталықтарының арасындағы ынтымақтастықты одан сайын арттырып, экономиканы оңалтуға бірлесе жұмыс істеуге де жол ашып отыр”.

Ен Хо Парк, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Пусан халықаралық Қаржы орталығының басшысы (BIFC Promotion Center):

“Инфекциялық ауруларды бұрын қалай жеңген болсақ, адамзат баласы бұл жолғы сырқатты да жеңеді деп сенеміз. Әдеттегідей, бұл дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жаңа технологияны дамыту мен бизнесті жетілдіруде қаржы қызметтері саласы мүмкіндікті тиімді пайдаланатын болады. Қаржы саласының ауқымын кеңейтудің мүмкіндігі саналатын әлеуметтік қаржының кең таралуына ықпал ету арқылы қаржы саласының әлеуметтік маңызы артады деп үміттенеміз”.

Александр Волошин, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Мәскеу халықаралық қаржы орталығының төрағасы:

“COVID-19 пандемиясының салдарынан туындаған жаһандық экономикалық дағдарыстың ауқымы әлі толық байқалған жоқ. Бір анығы, бұрынғы дағдарыстарға қарағанда бұл дағдарысты қаржы нарығы туындатқан жоқ. Қалай дегенде де, қаржы нарығы бұл соққыны қабылдауға дайын болды. Қазір біздің сала мәселенің шешімін ұсына алады. Біз сол міндеттемеге сай болуымыз керек.

Қауымдастық мүшелері мен өзге де мемлекеттер шағын және орта бизнеске жан-жақты көмек көрсете бастады және әлеуметтік көмек саясаты қолға алынды. Қаржы секторы заңды және жеке тұлғаларға салық ауыртпалығын төмендетуге бағытталды. Дағдарыс кезінде біз қолжетімді қаржылық өнімдерді ұсынуға тырысамыз. Бұл дұрыс бағыт.

Алдымызда жаңа міндет – пандемия дағдарысынан шыққан кезде қаржы секторы тұрақты сақталуы керек. Соңғы жылдары қаржы саласында жинақталған инновациялық жаңару тәжірибесі тұтынушыларымыз бен экономиканың игілігі үшін біздің барынша ашық және тиімді болуымызға, бейімделуімізге мүмкіндік беретініне сенемін”.

Хубертус Вэт, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Майндағы Франкфурт қаржы орталығының атқарушы директоры.

“Капитал өнімділігін сақтау мен экономикаға қайта қарқын беруде қаржы орталықтарының маңызы зор. Жекелеген үкіметтер пандемия басталған бетте бизнеске күшті серпін бергенімен, вирустың беті қайтқанда бизнесті қолдау шаралары бәсеңдеді. Қаржы саласы осы мәселені шешуде үлкен рөлге ие. Қаржы орталықтарының әртарапты инфрақұрылымы, жоғарыкәсіби мамандары және жергілікті банктер мен даму банктері арасында жолға қалыптасқан байланыстары жекелеген үкіметтердің экономиканы оңалту стратегиясына ұтымды шешім ұсынады”.

Захра Абдел Расул, ХҚОӘҚ директорлар кеңесінің мүшесі және Штутгарт қаржы орталығы атқарушы директорының орынбасары:

“Пандемияға байланысты қолға алынған кейбір шектеулер біртіндеп бәсеңдеуде. Алайда, дағдарыстан кейінгі әлемнің бұрынғыдай болмайтын анық. COVID-19 дағдарысы әлемді жаппай шарпып, күн тәртібіне үлкен мәселелер шығарды және өзінің ізін қалдырды. Осы орайда, әріптестік, ашықтық және сенімнің маңызы зор. Күн тәртібіндегі мәселелердің шешімін табуда ХҚОӘҚ  үлкен әлеуетке ие. Өйткені ірі қаржы орталықтарының осы салада туындаған мәселелердің шешімін табуда бірлесе жұмыс істейтін мүмкіндіктері бар”.


 

Анықтамалық ақпарат: 

Халықаралық Қаржы Орталықтарының Әлемдік Қауымдастығы (ХҚОӘҚ) Бельгияда орналасқан халықаралық қауымдастық. Қауымдастыққа төрт құрлықтан 17 қаржы орталығы мүше. Олар қала әкімшіліктері, қауымдастықтар және осы секілді қаржы орталықтарын дамытушы және ілгерілетуші институттар.

Технологияның тез өзгеріп, әлеуметтік өзгерістердің жедел болып жатқан қазіргі уақытында қаржы орталықтары экономикалық өсім үшін өте маңызды орынға ие. ХҚОӘҚ мақсаты – ынтымақтастықты қамтамасыз ететін ашық байланыс құру және жекелеген мемлекеттер мен жаһандық экономиканың өрлеуі және әлеуметтік даму үшін халықаралық қаржы орталықтарының маңызын терең түсінуде үздік тәжірибелермен алмасу.

АХҚО. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. «АХҚО туралы» Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО-ның мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады.

www.aifc.kz

AIFC AI assistant