АҚШ пен Қазақстанның әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша ынтымақтастығы

Astana Finance Days конференциясы аясында Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі форум өтті.

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бірлесіп ұйымдастырған «АҚШ пен Қазақстанның ынтымақтастығы: бизнестегі әйелдер үшін мүмкіндіктер» сессиясы аясындағы талқылау кәсіпкер әйелдер үшін экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және білім беру бағдарламаларын іске асыруға арналды.

Сессияға әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтумен айналысатын қазақстандық және халықаралық мамандар, мемлекеттік органдар мен коммерциялық сектордың өкілдері қатысты.

Сессияны Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев ашты. Ол соңғы бірнеше жылда Қазақстан әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің игі ісіндегі АҚШ-тың қолдауына бейілділік танытып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, сессия өңір әйелдеріне өз дағдыларын дамытуға, шешімдер қабылдауға ықпал етуге және өзекті сын-тегеуріндер алдында олар үшін жауапкершілік алуға шын мәнінде маңызды мүмкіндіктер беретін нақты жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Елші сондай-ақ, қазақстандық тарап екіжақты белсенді ынтымақтастықтың арқасында АХҚО-ның Қазақстандағы американдық әйелдер кәсіпкерлігі академиясын (AWE) кеңейту мәселелерінде аталған бастаманы іске асыру жөніндегі АҚШ Мемлекеттік департаментінің әріптесі болуы мақұлданғаны үшін қуанышты екенін мәлімдеді. Осы құнды серіктестіктің арқасында Қазақстаннан 100 әйел бизнесті басқару саласында тегін оқудан өтеді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Жаһандық әйелдер кеңсесінің аға кеңесшісі және операциялық директоры Марк Паннелл Ақ үйдің гендерлік саясат жөніндегі кеңесінің аға кеңесшісі Рэйчел Фогельстиннің хабарламасын жеткізді. Өз сөзінде ол өткен жылы Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы диалог аясындағы екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бейілділіктерін білдіргенін атап өтті. Ол соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жүргізіліп жатқан әйелдер құқығын дамыту жөніндегі реформаларды жоғары бағалап, ҚР Үкіметіне осы саладағы белсенді ынтымақтастық пен серіктестік үшін алғысын білдірді.

Панельдік сессия барысында спикерлер кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға бағытталған оқыту бағдарламаларының маңыздылығын талқылап, форумға қатысушылармен Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі Әйелдер кәсіпкерлігі академиясының бағдарламасы туралы ақпаратпен бөлісті.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет бюросы хатшысының көмекшісінің бас орынбасарының міндетін атқарушы Стейси Уайт американдық Әйелдер кәсіпкерлігі академиясының табысты болуы үшін Мемлекеттік департаментке нетворкингі, ресурстарымен ноу-хауы бар серіктестер қажет екенін мойындады. Сондықтан Мемлекеттік департамент АХҚО-мен және әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бөлігінде AWE-ді қолдайтын Coca-Cola және Chevron Eurasia компанияларымен әріптестігін мақтан тұтады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларға қолдау білдірді. Атап айтқанда, ол Қазақстанда қаржы, энергетика және т.б. салаларда жұмыс істейтін әйелдер көп екенін және олар басқаларға үлгі болуға лайық екенін атап өтті. Ол Академия олармен өзара әрекеттесудің жақсы алаңы болады деп үміттенеді. Ләззат Рамазанова сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың өңірлік орталықтары академия жұмысына өз үлестерін қосуға дайын екенін хабарлады.

АҚШ Сауда министрлігінің SABIT бағдарламасының директоры Трейси М. Роллинс SABIT бағдарламасы AWE-мен ынтымақтастықта үлкен әлеуетті көріп отырғанын атап өтті және бұл серіктестік көптеген жаңа бизнес бастамаларды құруға және қолдауға мүмкіндік береді деп үміттенетінін білдірді.

Сондай-ақ сессия аясында Coca-Cola Kazakhstan және Chevron компаниялары Әйелдер кәсіпкерлігі академиясына қаржылай қолдау көрсететіндерін мәлімдеді. Атап айтқанда, «Coca-Cola Кавказ және Орталық Азия» қоғаммен байланыс, коммуникация және орнықты даму жөніндегі өңірлік менеджері Александра Аккирман жақсы нәтиже көрсететін 10 әйел қатысушы үшін 1000 доллар көлемінде грант төленгенін мәлімдеді.

Chevron Еуразиялық бизнес-бөлімшесінің стратегия және бизнес-тиімділік жөніндегі бас менеджері Гүлзира Өтетілеова бұл сессия Chevron нық сенетін серіктестік күшінің айғағына айналғанын атап өтті. Ол сондай-ақ компания Қазақстанның әйелдерін түрлі шешімдер қабылдауда мықты және белсенді етуге ұмтылатынын атап өтті.

АҚШ халықаралық қаржы даму корпорациясының (DFC) 2Х Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағдарламасы жөніндегі жаһандық бастамалар директорының орынбасары Моник Видьоно өз сөзінде DFC әйелдер басқаратын кәсіпорындардың бүкіл әлемдегі өсуін ынталандырудағы және экономикалық орнықтылықты қолдаудағы маңызды рөлін мойындайтынын атап өтті. Өзінің 2X Women’s Initiative бастамасының шеңберінде 2X Collaborative DFC серіктестерімен бірге, әсіресе, дамушы нарықтарда әйелдер құратын маңызды инвестициялық мүмкіндіктерді барынша ашуға тырысады.

Жалпы алғанда, сессия Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты диалогты нығайтуға үлкен үлес қосты және бірлескен жұмыстың тиімділігін көрсетті.

 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – өз жұмысын 2018 жылы бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО елдерін, Орталық Азия мен Кавказды байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу. www.aifc.kz

AIFC AI assistant