2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы AIX қызметінің нәтижелері

Халықаралық байланыстарды дамыту және капитал нарықтарында инновацияларды енгізу

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») листинг, сауда айналымы, өнім инновациялары және халықаралық ынтымақтастық бойынша сенімді динамиканы көрсететін 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің негізгі қорытындыларын  ұсынады.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында AIX Қазақстанда және аймақта капиталды тарту және нарықтық инфрақұрылымды дамытуға арналған негізгі платформа ретінде өз рөлін нығайтты. Сауда айналымы шамамен $730 млн құрады, ал жаңа листингтер саны екі есе артты, бұл эмитенттер мен инвесторлардың бұлжытпас сенімінің айғағы.

Есепті кезеңде Биржада құралдардың кең спектрі, соның ішінде егеменді және корпоративті еуробондтар, БАӘ дирхамдарындағы алғашқы облигациялар, сондай-ақ ETF және құрылымдық өнімдер ораналастырылды. Стратегиялық серіктестіктер, соның ішінде трансшекаралық инфрақұрылым интеграциясы және блокчейн бастамалары AIX-ті инновациялар мен аймақтық ынтымақтастық орталығы ретіндегі позициясын одан әрі нығайтты.

Әсел Мұқажанова, AIX басқарма төрағасы: «2025 жылдың алғашқы алты айы біздің нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан өз стратегиялық мақсаттарымызды іске асырудағы табандылығымызды айғақтады. Еурооблигациялардың маңызды шығарылымдарынан бастап, ESG принциптеріне сай өнімдерді қоса алғанда, біз нарықты кеңейтіп, ары қарайғы дамудың негізін қаладық. Біз бұдан былай да өнім желісін кеңейтуге және өңірлік, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз.»

2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша AIX нәтижелері:

  • Бағалы қағаздар листингі: барлығы 301 эмитенттің 165 бағалы қағазы листингке енгізілді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 57 компанияның 86 бағалы қағазы орналастырылды.
  • Тартылған капитал (борыштық және акционерлік): биржа іске қосылған сәттен бастап $8,9 млрд, оның ішінде $1,9 млрд 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тартылды.
  • Сауда көлемі: 2024 жылдың ұқсас кезеңіндегі $707 млн-мен салыстырғанда $729 млн  құрады.
  • Нарық қатысушылары: Қазақстан, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс брокерлерін қоса алғанда 56 сауда мүшесі, олардың 5-і 2025 жылы қосылды. 10 жаһандық кастодианның AIX Орталық бағалы қағаздар депозитарийінде (AIX CSD) қосалқы шоттары бар.
  • Инвесторлар: AIX CSD-де бөлшек инвесторлардың 2.2 млн-нан астам шоты ашылды.


2025 жылдың 1 жартыжылдығындағы AIX-тегі орналастырулар

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Биржада 86 жаңа листинг өтті. Облигациялардың орналастырылуы нарықты ынталандыруды жалғастыруда, ал құрылымдық өнімдер мен биржалық қорлар (ETF) оны әртараптандыруға ықпал етеді. Акциялардың бірнеше листингіне дайындық жүргізілуде.

  • Өңірлік валюталар бойынша әртараптандыру: Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) AIX-те БАӘ дирхамдарындағы (AED) алғашқы облигацияларын шығарды – бұл Қазақстандағы мұндай бірінші орналастыру. Шығару көлемі жылдық 6,5% купондық мөлшерлемемен 3 жыл мерзімге 185 млн дирхамды құрады. Бұл транзакция 700 млн дирхамға арналған бағдарлама шеңберінде ЕАДБ-ның алғашқы траншы болды және Қазақстанда және одан тыс жерлерде инвесторлар үшін валюталық құралдарды әртараптандыру жолындағы маңызды қадамды айшықтады. Орналастыру ЕАДБ-ның сонымен қатар пайдаланылатын қаржы құралдары мен каржыландыру көздерінің спектрін кеңейтуге деген бейілдігін көрсетеді.
  • Еурооблигациялардың шығарылымдары: Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі AIX, KASE және Лондон қор биржасында $2.5 млрд сомасына еурооблигацияларды орналастырды. Эталондық орналастыру екі транштан тұрды: 5% купондық мөлшерлемемен көлемі $1.35 млрд құраған  7 жылдық транш және 5,5% купондық мөлшерлемемен көлемі $1.15 млрд құраған 12 жылдық транш. Бұл облигацияларды сатып алуға AIX биржасына келіп түскен өтінімдер көлемі $385,9 млн құрады. Аллокация нәтижесінде AIX инвесторлары $375,9 млн сомасына еурооблигациялар алды.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығы екінші деңгейдегі қазақстандық банктердің борыштық капиталдың халықаралық нарығына оралуымен ерекшеленді. Халықаралық және жергілікті алаңдарда ForteBank $400 млн-ға және Kaspi.kz $650 млн-ға еурооблигациялар орналастырды.

  • Қорлар мен құрылымдық өнімдер: Биржалық инвестициялық қорлар (ETF) және құрылымдық өнімдер нарықтағы позицияларын нығайтуды жалғастыруда: соңғы 6 айда 3 жергілікті ETF және  8 құрылымдық құрал шығарылды.

Жаңа өнімдер мен қызметтер

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында AIX инвестициялық құралдардың қолжетімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған өнімдер желісін кеңейтті. Tabys мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық Банктің Алтын монетасының бөлшек сауда мүмкіндігін енгізу маңызды оқиға болды. Бұл жеке инвесторларға алтынмен қамтамасыз етілген активтерге инвестициялаудың ыңғайлы және қолжетімді әдісін берді. Сауда халықаралық алтын бағасына және теңге бағамына байланып жүзеге асырылады. 2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Алтын монетамен сауда-саттықтың жалпы көлемі 8 млрд теңгеден асты.

Сонымен қатар, AIX жаңартылатын энергияның шығу тегін растайтын халықаралық сертификаттармен (I-REC) операциялар жүргізу үшін аккредиттелген әлемдегі тоғыз биржаның бірі атанды. Алғашқы мәміле Samruk-Green Energy мен британдық Valor Carbon компаниясы арасында жасалды. 2025 жылғы маусымда Банк ЦентрКредит AIX алаңында I-REC сертификаттарын сатып алған Қазақстандағы алғашқы банк болды. Осының арқасында БЦК 2024 жылдың қорытындысы бойынша өз электр энергиясын тұтыну құрылымындағы жасыл энергияның үлесін 16%-ға дейін арттыра алды.

AIXQI индексі

2025 жылдың 12 маусымында AIXQI индексі 1577.62 деңгейінде тарихи ең жоғары деңгейге жетті. 30 маусымдағы жағдай бойынша индекске 13 эмитент кіреді.


Халықаралық ынтымақтастық

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында AIX трансшекаралық инвестициялық ағындарды дамытуға және нарықтық инфрақұрылымды біріктіруге бағытталған бірқатар стратегиялық келісімнің арқасында серіктестердің жаһандық желісін кеңейтуде айтарлықтай прогреске қол жеткізді.

Мамыр айында AIX Орталық депозитарийі (AIX CSD) және Nasdaq Dubai сауда-саттықтан кейінгі үздіксіз қызмет көрсету жүйесін қамтамасыз ететін және Қазақстан мен БАӘ арасындағы болашақ трансшекаралық листингтердің негізін қалайтын тікелей депозитарлық байланысты іске қосты. Бұл екі нарық арасындағы қаржылық байланысты нығайтудағы маңызды кезең болды.

Мамыр айында AIX Intebix, Solana Foundation және Jupiter компанияларымен қосарлы листинг тетігін бірлесіп әзірлеу туралы маңызды меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық нарыққа қолжетімділікті кеңейту және капиталды тарту тиімділігін арттыру үшін блокчейн технологияларын пайдалана отырып, дәстүрлі IPO-ларды токенизацияланған орналастырулармен біріктіруге бағытталған.

Маусым айында институционалдық өзара іс-қимылды тереңдетуге және серіктестіктің жаңа бағыттарын іздеуге бағытталған Шанхай қор биржасымен (Shanghai Stock Exchange, SSE) Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум капитал нарықтарындағы өнімдерді дамыту, инвесторлар үшін қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ нарықты тану және халықаралық презентация саласындағы синергияларды іздеу бойынша бірлескен жұмысты көздейді. Қол қою екі юрисдикцияның реттеушілерінің қатысуымен өтті, бұл бастаманы институционалдық қолдаудың жоғары деңгейін көрсетеді.

Бұл қадамдар AIX-тің жаһандық капитал нарықтарындағы инновацияларға, интеграцияға және халықаралық ынтымақтастыққа деген талпынысын растайды.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC Services Assistant