AFSA АХҚО-да капитал нарықтары, цифрлық активтер және краудфандингті реттеу мәселелері бойынша қоғамдық кеңес өткізіп жатыр

АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) реттеуді жаңарту бойынша бастамаларды талқылауға нарық қатысушыларын шақыра отырып, үш консультациялық құжатты ұсынды. Ұсынылған өзгерістердің мақсаты – АХҚО-ның реттеу базасының тиімділігін, пропорционалдығын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыру. Талқылау үш бағытты қамтиды: капитал нарықтары, цифрлық активтер және краудфандинг.
Капитал нарықтарын реттеу қағидаларын өзгертуге қатысты консультациялық құжат бағалы қағаздарды орналастыру, есеп беруші компанияларда корпоративтік басқару мәселелері және ақпаратты ашуға қойылатын талаптар тақырыптарын қамтиды.
Негізгі өзгерістер мыналар кіреді:
• Ақпаратты ашып көрсету және келісу рәсімдерін оңтайландыру;
• Корпоративтік басқару талаптарын тек үлестік бағалы қағаздарды[1] шығарушыларға қолдану, бұл талаптарды облигация шығарушыларға таратпау;
• Лицензияланған нарық институтына мүше болу критерийлерін кеңейту;
• Клиенттерді жіктеуді АХҚО-ның жалпы реттеу жүйесіне сәйкестендіру;
• Проспект дайындау қажеттілігінсіз, лицензияланған биржада өзара алмастырылатын бағалы қағаздарды шығару және саудалау лимитін арттыру;
• Жеке немесе заңды тұлға байланысты тарап[2] ретінде танылатын шекті мәнді көтеру.
Құжаттың толық нұсқасы мына сілтеме бойынша қолжетімді: Consultation Paper on the amendments to the AIFC Capital Market Framework.
Цифрлық активтер саласындағы өзгерістерге арналған консультациялық құжат AFSA-ның теңгерімді әрі инновацияларға ашық реттеу жүйесін қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді.
Ұсынылып отырған өзгерістер қадағалау тәжірибесіне, халықаралық стандарттарға және нарық қатысушыларымен өткізілген талқылауларға негізделген.
Консультациялық құжаттың негізгі ұсыныстары:
• Блокчейнді қолданбайтын және цифрлық активтерді сақтамайтын цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлеріне (ЦАҚП) қатысты ережелерді өзгерту, – мұндай компанияларды кейбір талаптардан босату ұсынылуда.
• Цифрлық активтермен сауда платформалары операторларына қойылатын капитал жөніндегі талаптарды қайта қарау;
• Цифрлық активтермен сауда платформасына қатысу үшін мүшелікке қабылдау талаптарының критерийлерін кеңейту;
• Цифрлық активтерді саудаға қабылдау кезіндегі хабарлама беру тәртібін қайта қарау.
Құжаттың толық нұсқасын мына сілтеме бойынша таба аласыз: Consultation Paper on the amendments to the AIFC Digital Assets framework.
Краудфандинг платформаларын реттеу саласындағы өзгерістерге қатысты консультациялық құжат реттеушілік және операциялық сипаттағы негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл құжат инновацияларды ілгерілету, инвесторларды қорғау және нарықтың тұтастығын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге арналған.
Консультациялық құжаттың негізгі ұсыныстары мыналарды қамтиды:
• Ақпаратты ашу талаптарын кеңейту, қарыз алушылар мен эмитенттерді іріктеу критерийлерін қатаңдату, жеке инвесторлар үшін инвестициялық лимит енгізу, төлем бойынша қиындықтары бар қарыз алушыларды қаржыландыруға шектеу қою, сондай-ақ тәуекелдер туралы нақты ескертулерді қолдану арқылы клиенттерді қорғауды күшейту;
• Клиенттерді «жеке» және «кәсіби» санаттарға бөлу арқылы олардың жіктелуін бірыңғай стандарттарға келтіру;
• AFSA-ның мақұлдауымен жеке кәсіпкерлерге краудфандинг платформаларын қарыз алушы және эмитент ретінде пайдалану құқығын беру;
• Жеке қаржыландыру платформасын ұсыну лицензиясын реттеушілік базадан алып тастау.
Құжаттың толық нұсқасы мына сілтеме бойынша қолжетімді: Consultation Paper on the amendments to the AIFC Crowdfunding Platforms Framework.
AFSA барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары мен пікірлеріне ашық. Ұсынылып отырған өзгерістер бойынша өз ұсыныстарыңызды 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін [email protected] электрондық поштасына жолдауға болады. Барлық келіп түскен пікірлер мұқият қаралып, қажет болған жағдайда ұсыныстар түзетіледі.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 4000-нан аса қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45
[1] Бір қатар немесе санат шеңберінде басқа бағалы қағаздармен өзара алмастырылатын бағалы қағаздар (Thomson Reuters анықтамасына сәйкес: (https://shorturl.at/jDrXt).
[2] Тиесілі тұлға — компаниямен тығыз байланысы бар жеке немесе заңды тұлға. Мұндай тұлғаларға жоғары басшылық, ірі акционерлер, жақын туыстар, сондай-ақ елеулі ықпалға немесе бақылауға ие басқа да тұлғалар жатады. Бұл анықтама жалпы түсінік беру үшін келтірілген. АХҚО шеңберіндегі осы терминнің нақты анықтамасы үшін АХҚО Глоссарийіне жүгіну ұсынылады.