AFSA АХҚО-ның Алымдар туралы қағидаларына өзгерістер енгізеді

2025 жылғы 2 қазаннан 2 қарашаға дейін жүргізілген қоғамдық талқылау нәтижесінде АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) АХҚО-ның Алымдар туралы қағидаларына өзгерістер енгізеді. Өзгерістердің басым бөлігі 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап, ал жекелеген нормалар – кейінірек күшіне енеді.

Алымдар туралы қағидалар алғаш рет 2017 жылғы желтоқсанда бекітілгеннен бері оларға реттеу режимінің эволюциясын және нарық динамикасын көрсету мақсатында тек жекелеген өзгерістер енгізілді. Соған қарамастан, қолданыстағы алымдардың базалық деңгейлері осы уақытқа дейін өзгеріссіз қалып келді. Бұрынғы түзетулер негізінен тіркеу мен қадағалау алымдарына қатысты тар ауқымды және пропорционалды болды.

АХҚО экожүйесінің дамуының жаңа сатысына өтуіне байланысты жаңа түзетулер алымдардың құрылымын елеулі түрде қайта қарауды көздейді. Қаржы ұйымдары санының өсуі және олардың қызметінің күрделенуі AFSA-дан реттеу және қадағалау қызметтерін неғұрлым кешенді әрі технологиялық тұрғыда дамыған деңгейде көрсетуді талап етеді. Бұған SupTech-шешімдерді, жасанды интеллектіні және аналитикалық құралдарды кеңінен енгізу арқылы қадағалау әлеуетін нығайту және реттеудің сапасын арттыру жатады.

Жаңартылған Алымдар туралы қағидалар АХҚО экожүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жоғары реттеу стандарттарын қолдауға бағытталған.

2025 жылғы 2 қазанда AFSA Алымдар туралы қағидаларға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар топтамасын жария талқылауға шығарып, нарық қатысушыларынан көптеген пікір алды. Нарық өкілдері алымдарды қайта қараудың өзектілігін негізінен қолдағанымен, бірқатар мәселелер бойынша түсініктемелер мен нақтылаулар сұралды. AFSA барлық пікірлерді мұқият талдап шықты.

Бастапқы ұсыныстардың басым бөлігі өзгеріссіз қалдырылды, себебі олардың пропорционалдығы мен негізділігі қайта қарау барысында расталды және олар консультация барысында көтерілген мәселелердің бір бөлігін алдын ала ескерген болатын. Сонымен қатар, жекелеген пікірлер мен реттелетін ұйымдардың практикалық жағдайларын ескере отырып, AFSA кейбір ұсыныстарды нақтылады.

АХҚО-ның Алымдар туралы қағидаларына енгізілетін негізгі өзгерістер:

  1. Лицензиялау кезеңіндегі нақты реттеу шығындарын дәлірек көрсету мақсатында реттелетін қызмет түрлеріне, нарықтық қызметке, қосалқы қызметтерге лицензия алу, сондай-ақ АХҚО-ға қатысушы емес нарық институттарын және шетелдік қорларды басқаратын ұйымдарды тану бойынша алымдар консультациялық құжаттағы ұсыныстарға сәйкес әртүрлі деңгейде ұлғайтылды.
  1. Жаңартылған алымдар құрылымына сәйкес, бірден бірнеше реттелетін немесе нарықтық қызмет түріне лицензия алуға өтінім берген компаниялар ең жоғары қолданылатын алымды және әрбір қосымша қызмет үшін қосымша 50% мөлшерінде төлем жасайды.
    Бұл тәсіл бірнеше қызмет түрін қамтитын өтінімдердің күрделілігін неғұрлым дәл көрсетеді және реттеушілік шығындарды әділ бөлуге мүмкіндік береді.
  2. Нақты қадағалау шығындарын өтеу мақсатында реттелетін және нарықтық қызмет түрлеріне, қосалқы қызметтерге, сондай-ақ АХҚО қатысушылары емес нарық институттарын тануға арналған жылдық тұрақты қадағалау алымдары консультациялық құжатта ұсынылған түзетулерге сәйкес ұлғайтылды. Сонымен қатар, бұрын мұндай алымдарға жатпайтын бірқатар исламдық қаржы компанияларының лицензиялары үшін де қадағалау алымдары енгізілді.  Бұл талап саланың өзі үшін жаңашылдық болғанын және компанияларға бейімделу үшін қосымша уақыт қажет болуы мүмкін екенін ескере отырып, AFSA аталған қадағалау алымдарының күшіне енуін бір жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
  3. Ұжымдық инвестициялар схемасын басқару, инвестицияларды басқару, инвестициялармен агент ретінде операцияларды жүзеге асыру, қорды әкімшілендіру қызметтерін көрсету, төлем қызметтерін көрсету сияқты реттелетін қызметтің бес санаты, сондай-ақ нарықтық қызметтің бір санаты (краудфандинг платформасын басқару) үшін алымдардың неғұрлым жетілген және үйлесімді құрылымын қалыптастыруға бағытталған жаңа айнымалы компоненттер енгізілді. Айнымалы алымдар консультациялық құжатта ұсынылғандай тиісті қаржылық көрсеткіштер негізінде есептеледі және белгіленген шекті мәннен асқанда ғана қолданылады. Қолданыстағы айнымалы алымдар салыстырмалы түрде таяуда енгізілгендіктен, осы кезеңде жекелеген реттелетін және нарықтық қызмет түрлері үшін қолданыстағы айнымалы алымдарға өзгерістер енгізу жоспарланбайды.

Консультациялар қорытындысы бойынша активтер көлеміне негізделген төрт реттелетін қызмет түрі үшін айнымалы алымдарды есептеу әдістемесіне түзетулер енгізілді – орташа күндік мәндердің орнына тоқсан соңындағы көрсеткіштер қолданылатын болды. Сонымен қатар, төлем қызметтерін көрсету лицензиялары бойынша айнымалы алымдарды есептеу тәсілдеріне қатысты (әсіресе қандай компоненттер транзакциялар көлеміне енгізілуі немесе енгізілмеуі тиіс екеніне қатысты) қосымша түсіндіруді талап ететін сұрақтар көп екенін ескере отырып, AFSA бұл жаңа алымның күшіне енуін бір жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Осы кезең ішінде реттеуші орган нарық қатысушыларымен бірлесіп практикалық ұсынымдар әзірлейді және олардың қадағалау есептілігі талаптарымен толық сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.

  1. Қолданыстағы айнымалы алымдарға қосымша жаңа айнымалы алымдардың енгізілуіне байланысты, AFSA бұл алымдар қолданылатын барлық реттелетін және нарықтық қызмет түрлері үшін бірыңғай лимит (шекті мөлшер) белгіледі. Бұған дейін мұндай лимит тек Digital Asset Trading Facility лицензиясына ғана қолданылып, 1 млн АҚШ долларын құраған болатын – дәл осы көрсеткіш бастапқы ұсыныстың негізі ретінде алынған. Консультациялар нәтижесінде бұл лимит 250 000 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Бұл шешім шығындардың болжамдылығын қамтамасыз етуге және нарықтың қазіргі ауқымын дәлірек көрсетуге мүмкіндік береді.
  2. Сондай-ақ бірнеше лицензиясы бар компанияларға қатысты бастапқы қадағалау алымы және кейінгі жылдық қадағалау алымдарын есептеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді бастапқы жылдық қадағалау алымы қызметті бастау күніне емес, лицензия берілген күннен бастап 21 күн ішінде төленуге тиіс. Бұл шешім елеулі қадағалау ресурстарын талап ететін Тәуекелдерді төмендету бағдарламасы (Risk Mitigation Programme) кезеңін қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа тәсілге сәйкес, кейінгі жыл сайынғы қадағалау алымдары ең жоғары белгіленген тіркелген қадағалау алымына қосымша әрбір қосымша лицензия үшін 50% мөлшерінде есептеледі. Айнымалы алымдары бар қызмет түрлері бойынша айнымалы компонент әр қызмет түріне толық көлемде төленеді.

Сонымен бірге, осы ұсыныс бойынша келіп түскен пікірлердің көптігін және оның бірнеше лицензиясы бар компаниялардың қадағалау алымдарының жалпы мөлшеріне тікелей әсерін, сондай-ақ кейбір лицензиялар комбинациясы өзара тығыз байланысты немесе қиылысатын қызмет түрлерінен туындауы мүмкін екенін ескере отырып, AFSA жаңа әдістемені енгізуді бір жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. 2026 жыл үшін компаниялар тек ең жоғары тіркелген қадағалау алымын және (қажет болған жағдайда) ең жоғары айнымалы бөлігін төлейтін болады. Бұл өтпелі кезең нарық қатысушыларына бейімделуге және қадағалау шығындарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Жаңа әдістеме күшіне енгенге дейін AFSA лицензиялар комбинациясын қадағалау алымын есептеу кезінде ескерудің тәсілін түсіндіретін қосымша нұсқаулық жариялайтын болады.

  1. AFSA сондай-ақ консультациялық құжатта ұсынылғандай, реттелетін және нарықтық қызмет түрлері бойынша, сондай-ақ қосалқы қызметтер бойынша лицензияны өзгертуге қатысты алымдарға деген көзқарасты қайта қарады. Лицензияны өзгерту (модификациялау) іс жүзінде толық лицензиялау процесіне теңестіріледі және лицензия алуға өтінім берген кездегідей талдау мен бағалаудың бірдей деңгейін талап етеді.
  2. Өтініш беру және лицензияланған тұлғаларды өзгерту жөніндегі алым да қайта қаралып, нақты реттеушілік шығындарды дәлірек көрсету және негізгі тұлғаларды ауыстыру жиілігін төмендету мақсатында ұлғайтылды.
    Нарықтың пікірлерін ескере отырып, алымды 1 000 АҚШ долларына дейін арттыру туралы бастапқы ұсыныс қайта қаралды: қазіргі жағдайда толық режим үшін алым 500 АҚШ долларын, ал FinTech Lab шеңберіндегі өтінімдер үшін 200 АҚШ долларын құрайды.
  1. FinTech Lab бойынша өзге де алымдарға қатысты: консультациялық құжатта ұсынылғандай, FinTech Lab шеңберіндегі өтініш беру және қадағалау алымдары ұлғайтылды, сондай-ақ бақылауды өзгертуге және цифрлық активтерді саудаға жіберуге қатысты жаңа алымдар енгізілді.
  2. Сонымен қатар, AFSA лицензиялау және қадағалау саласына қатысты бірқатар басқа да алымдарға өзгерістер енгізеді. Бұл өзгерістерге цифрлық активтермен қызметті жүзеге асыруға өтініш беру алымдары, бақылауды өзгерту алымы, Non-Exempt және Exempt қорлар бойынша тіркеу немесе хабарлау алымдары, сондай-ақ Non-Exempt қорлардың Жарғысына және Ұсыныс материалдарына өзгерістер енгізу алымдары кіреді. Аталған алымдар консультациялық құжатта ұсынылған түзетулерге сәйкес ұлғайтылды. Қосымша ретінде, қосалқы қызметтерді көрсетушілер үшін жаңа алым санаты енгізілді – оған АЖ/ТҚҚІ (ақша жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл) жөніндегі жауапты тұлғаларды өзгерту, сондай-ақ Audit Principal функцияларын орындайтын аудиторларды өзгерту немесе тағайындау бойынша алымдар кіреді.
  3. Тіркеушіге төленетін тіркеу алымдары мен тану алымдары барлық заңды тұлғалар санаттары үшін қайта қаралды. Түзетулер жалпы алымдардың қайта қаралуын да, жекелеген өзгерістерді де қамтиды. Арнайы мақсаттағы компаниялар мен инвестициялық қорлар сияқты жекелеген санаттар үшін олардың кең қолданылуы мүмкін инвестициялық құралдар ретіндегі рөліне байланысты алым мөлшерлері төмендетілді. Сонымен қатар, консультациялық құжатта ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Тіркеушіге төленетін әкімшілік алымдарға және жыл сайынғы есептерді тапсыру алымдарына да түзетулер енгізілді.
  4. AFSA мен Тіркеушіге төленетін мерзімді өткізіп алу бойынша айыппұлдардың мөлшері ұлғайтылды. Сонымен бірге FinTech Lab қатысушыларына қолданылатын айыппұлдар өзгеріссіз қалады.

Енгізілу күні – 2025 жылғы 1 желтоқсан, кейінге қалдыру көзделген жекелеген ережелерді қоспағанда, бұл жайт жаңартылған АХҚО алымдары қағидаларында көрсетілген.

АХҚО алымдары қағидаларына енгізілген тиісті өзгерістермен мына жерден танысуға болады: https://orderly.myafsa.com/articles/feesrules.

Қоғамдық талқылау барысында келіп түскен жиі қойылатын сұрақтардың негізінде дайындалған «Сұрақ-жауап» бөлімі мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://afsa.aifc.kz/31302-2/.

Компанияларда бұрын жіберілген түсініктемелер мен ұсыныстарға қатысты қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, олар [email protected] мекенжайына хабарласа алады немесе өз кураторымен байланыса алады.

Компания қандай да бір мәселелерді неғұрлым егжей-тегжейлі талқылауды қаласа, Комитет қоңырау немесе кездесу ұйымдастыруға дайын.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 88 астам елден 4700-ға жуық қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. afsa.aifc.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected] 

AIFC Services Assistant